Дәрігер қателігі қалай бағаланады?

0 17

Мәжіліс Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске Сенат енгізген дәрігердің қателігін декриминализациялау туралы түзетулермен келісті. Осыдан кейін, регламентке сәйкес заң жобасы қабылданып, Президенттің қол қоюына жіберіледі.

Сенатор Серік Бектұрғанов заң жобасындағы түзетулерді былайша түсіндіріп берді: медицина қызметкерлерінің клиникалық зерттеулер, аурудың алдын алу, диагностика, ем-дом жасау және медициналық айықтыру жүргізу барысында ауыр салдары болса немесе ол заң бұзушылық лауазымды тұлғаның тарапынан жасалған болса Қылмыстық кодекстегі жаза түрі бұрынғы күйінде қалады. «Бұған қоса, жоғарыдағыдай іс-қимылдар барысында ауыр салдары байқалмаса және лауазымды тұлғаның тарапынан заң бұзушылық жасалмаса, оны Әкімшілік-құқық бұзушылық кодекске ауыстыруды ұсындық» деді С.Бектұрғанов.
Сенат енгізген түзетулерге сәйкес, дәрігерлердің заң бұзу фактілеріне қатысты қылмыстық іс қозғау үшін шағымға уәкілетті орган жүргізген тексеріс актілері мен ревизиялық құжаттар қоса беріледі. «Қазір мұндай ереже жоқ. Сол себептен, дәрігерлердің әрекетіне қатысты кез келген шағымнан кейін қылмыстық іс қозғалады. Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін, әртүрлі талдау, күдіктілерден жауап алу мен куәгерлерге сауалнама жүргізу, материалдарды жинап алу және өзге де тергеу іс-шаралары жүзеге асырылады. Мұндай жағдайда тергеушілердің жұмысы екі есеге көбеюмен қатар, дәрігерлердің де жұмысы тоқтайды. Олардың айналасында күдік пен сенімсіздік ахуал қалыптасады. Алайда бір ғана шағымның негізінде қозғалған қылмыстық істердің аз ғана бөлігі сотқа дейін жетеді» деп түсіндірді сенатор.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + two =