Дәрігер мен мұғалімге – құрмет

0 54

Кеше қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында «Нұр-Сұлтан қаласының Құрметті азаматы» атағын беру мәселесі қаралды. Бұл атаққа Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты хирург Владимир Баумейстер және Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, еңбек ардагері Отызбай Сүйіндіков ұсынылды. Сәйкес ұсынысты қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов жариялады.

Владимир Баумейстер 1966 жылы Семей мемлекеттік медицина инс­титутын бітірді. Еңбек жолын осы жылы Целиноград қаласының №2 қалалық ауруханада хирург болып бастады. 1968 жылы онколог-дәрігер қызметіне ауыс­тырылды. 1974 жылы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. 1977 жылы Целиноград теміржолы санитарлық қызметінің бас хирургі болды. 1979 жылдан теміржол ауруханасының бас дәрігері. 2004 жылдан клиникалық және ғылыми жұмыс жөнінде бас кеңесші, 2009 жылдан хирургиялық мәселелер бойынша бас кеңесші. Хирургиялық қызметін үзбеген дәрігер еңбек жолында 15 мыңнан астам жедел ота, 13 мыңнан аса эндоскопия­лық зерттеу жасады.
ҚазКСР еңбек сіңірген дәрігері, «Құрмет белгісі» ордені иегері Владимир Баумейстер ҚазКСР Жоғары Кеңесі ХІІ шақырылымының депутаты болды. Бірнеше рет Целиноград қаласы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды. Оның тікелей басшылығымен денсаулықты тексерудің көптеген әдістері енгізілді.
Қорғалжын ауданының Құрметті азаматы, Нұр-Сұлтан қаласы Ардагерлер кеңесінің мүшесі Отызбай Сүйіндіков 1931 жылдың 16 ақпанында Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Жантеке ауылында дүниеге келді. 1953 жылдан білім саласында жұмыс істеді. Еңбек жолын Тыңғылықты ауылы бастауыш мектебінің мұғалімі ретінде бастады. 1972 жылдан 1991 жылға дейін Ә.Майкөтов атындағы педагогикалық училище директоры болды. 1992-1998 жылдары педагогикалық колледжде, 1999-2001 жылдары гуманитарлық колледжде еңбек етті. Астана ауысқанда осы тарихи оқиғаға белсенді қатысты. Елорданың қоғамдық-саяси өміріне елеу­лі үлес қосты. Оның ұсынысымен және бастамасымен қаланың бір көшесіне Ыбырай Алтынсариннің аты берілді.
– Бұл тұлғалар Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының өркендеуіне қосқан елеулі үлесі мен мемлекеттік және қоғамдық өмірдегі белсенді қызметі үшін «Нұр-Сұлтан қаласының Құрметті азаматы» атағына ұсынылды, – деді қала әкімінің орынбасары.
Қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров құрметті атаққа ұсынылған екі азаматты да жақсы білетінін атап өтті.
Мәслихат депутаттары Зұлпыхар Ғайыпов пен Рамзия Өмірбаева қарт ұстаз Отызбай Сүйіндікұлының азаматтық келбетіне, білім саласының дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Депутаттар қос тұлға да «Нұр-Сұлтан қаласының Құрметті азаматы» атағына әбден лайық екенін атап өтіп, мәслихат тарапынан бұл ұсыныс бірауыздан мақұлданды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =