Дәрігер дидары

0 194

Дәрігерлердің ішінде де ең бір ауыр нау­қастарды емдейтін мамандық – анестезиолог-­реаниматолог. Пациенттің жағдайы қатты нашарлап, медицинаның басқа қызметкерлерінің шамасы жетпегенде солар көмекке келеді. Жалпы медицинадағы 42 жыл еңбек өтілінің 33 жылын осы салаға арнаған жоғары санатты дәрігер Бибіш Медеуованың көп күндері дерті асқынып, ажалмен бетпе-бет келетін жандардың жанында өтіп келеді. Бүгінде ол – елордадағы №2 көпсалалы қалалық аурухананың акушерлік блогында бөлімше меңгерушісі.

Ақмоланың Атбасар ауылында 1960 жылы дүниеге келген ол бала кезінен ота жасау үстелінің медбикесі болуды армандапты. Расында бала кездегі армандар бәрібір орындалады. Себебі анестезиолог деген сол операция жасау кезінде науқасты дайындап, наркоз салатын дәрігер емес пе?! Ал Бибіш дәрігер бұрыннан көп адам бара бермейтін қос мамандықты меңгеру үшін алдымен Целиноград медициналық училищесінде, артынан Целиноград медицина университетінде жоғары білім алады. Сөйтіп еңбек жолын 1988 жылы Ақмола облысының Қима ауылдық ауруханасында бастайды. Үш жылдан кейін Екібастұз қалалық ауруханасына ауысып, сонда 17 жыл қызмет етеді. 2008 жылы елордаға көшіп келіп, Ә.Молдағұлова көшесінде болған перинаталдық орталықта жұмыс істейді. Үш жылдан кейін қазіргі жұмыс орнына келіп, 2019 жылдан бері ауыр жағдайдағы жүкті әйелдерді қарайтын бөлімшені басқарады.
– Мен қай кезде де көпсалалы ауруханаларда істедім. Жалпы біз реаниматологтар бірнеше салада жүре береміз. Мен бірақ акушерлік саласына бейімделдім. Қай қызметке болса да, кадр жетіспеушілігінің туындауына байланысты басшылықтың ұсынысымен жіберілетінмін. Жан сақтау бөлімінде науқастар интенсивті ем алады. Дәрігерлердің қатаң бақылауында болады. Дәл қазірде біздің 12 төсектік бөлімшеге баланы ота жолымен босанғаннан кейін жағдайы нашарлаған немесе босанғанға дейінгі түрлі қиындықтарға кездескен, патологиясы бар жүкті әйелдер келеді. Оларды жағдайының жеңіл, ауырлығына қарай 5-6 сағаттан, бірнеше күн немесе аптаға дейін осында қарап, емдеп әрі қарай босануға немесе үйіне жібереміз, – дейді дәрігер.
Бибіш Салихқызының айтуынша, акушерлік салада анестезиолог-реаниматологтар өте аз болып келеді. Себебі бұл – тәулік бойына жүргізілетін жұмыс. Асқан сабырлылық пен төзімділікті қажет ететін мамандық. Қазірдің өзінде оның бөлімшесінде тек бес дәрігер бар. Бұл үлкен бөлімше үшін аздық етеді. «Жастар жағы басында келгенде науқастардың жағдайын көріп, көңілі босап, тіпті жылап жібереді. Ал бұрыннан келе жатқан тәжірибелі дәрігер оның бәрін баяғыда бастан өткергендіктен сырттай суық көрінер. Бірақ бұл сол дәрігердің жаны ауырмайды деген сөз емес. Біз де іштей науқаспен бірге уайымдап, қиналамыз» деп ағынан жарылды дәрігер.
Ол өз өмірінде бірнеше рет тікелей араласуымен ажал аузында тұрған адамдарды аман алып қалды. Үйінде жағдайы нашарлап, ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілген 40 жастағы азаматтың жүрегі тоқтап қалады. Қабылдау бөлмесінде соған дереу алғашқы медициналық көмек көрсеткен ол реанимация­лық әдістерді, яғни жүрекке массаж жасау, жасанды дем беру, аппаратқа қосу сияқты көмектерді көрсетеді. Біраз уақыттан кейін науқастың жүрек қызметі қалпына келіп, мына өмірге қайта оралады. Сонда оның ата-анасы қатты риза болып, оған өз қолымен Алғыс хат жазады. Мұндай хаттар Бибіш дәрігерде көп және оларды жоғалтпай сақтап қояды.
Алты жылдан бері бөлімше меңгерушісі қызметінен бөлек Астана медициналық университетінің клиникалық кафедрасында өз саласы бойынша сабақ береді. Алпысты алқымдаса да ажары таймаған дәрігер – екі баланың анасы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 1 =