Дәрі-дәрмек жеткілікті ме?

0 30

Нұр-Сұлтан қаласындағы «СҚ-Фармация» ЖШС логистикалық хабында коронавирустық инфекцияны емдеуге арналған дәрілік заттардың бар-жоғына мониторинг жүргізілді.

Елордада бірыңғай дистрибьютор 85 медициналық ұйымды дәрімен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 5-еуі – рес­публикалық клиника, 80-і – қалалық маңызы бар медициналық ұйым. Тауарлар қаладағы тарату қоймасынан медициналық ұйымдардың мекенжайына жөнелтіледі. Хаб – СҚО, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Қос­танай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы үшін жеткізушілерден үлкен көлемді тауар алуға және оны 2 айдан 6 айға дейін сақтауға арналған.
Нұр-Сұлтан хабына дәрілер кестеге сай апта сайын жеткізіледі. Биыл қалада 85 тапсырыс берушімен жалпы 16,77 млрд теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізуге 915 сатып алу шарты жасалды. Қосымша өтінімдерді ескере отырып, бірыңғай дистрибьютор 15,64 млрд теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жіберді.
Коронавирустық инфекция жұқтырған емдеу бойынша пандемия басталғалы бері 2,40 млрд теңге сомаға дәрілер мен бұйымдар тиелді. Дерт жазда шарықтау шегіне жеткен кезде тасымалдау көлемдерін келісу және түзету елорданың денсау­лық сақтау басқармасының келісімі бойынша жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта медициналық ұйым­дарға жөнелту жоспарлы режимге көшірілді. Ұйымдардағы дәрілер қоры айлық қажеттілік көлемінде. Қажет болған жағдайда дәрілер мерзімінен бұрын жөнелтіледі.
Амбулаториялық деңгейде биыл 38 медициналық ұйым 13,7 млрд теңге сомасына дәрі мен медициналық бұйым сатып алуға өтінім берді. Берілген қосымша көлем ескеріліп, 10,94 млрд теңгеге тауар тиелген. Тауарлармен халықты қамтамасыз етудің белгіленген фактісі – 8,59 млрд теңге. Медициналық ұйымдардағы дәрілердің қалған қорының сомасы 2,33 млрд теңгеге тең.
Денсаулық сақтау министрлігі амбулатория­лық деңгейде дәрі-дәрмектер тізімін кеңейтті. Амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету тізіміне дәрілердің 5 атауын қамтитын COVID-19 нозология­сы енгізілді. ПТР-тест нәтижелеріне қарамастан ауру жеңіл өткен кезде коронавирус диагнозы қойылған пациенттер тіркелген жері бойынша өз емханаларында дәрігердің тағайындауы бойынша қызуды түсіретін дәрілер мен антикоагулянттар, яғни парацетамол, ибупрофен, ривароксабан, апиксабан және дабигатран дәрілерін ала алады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 287,9 млн теңгеге препараттар жөнелтілді. 26,33 млн теңге сомасындағы дәрімен пациенттер қамтамасыз етілді, емханаларда дәрілердің 261,57 млн теңге сомадағы қоры бар.
Бұдан басқа күз бен қыста КВИ ауруына дайындалу үшін бірыңғай дистрибьютор осы дерт бойынша дәрілік заттардың екі айлық төмендетілмейтін қорын қалыптастырды. Бірыңғай дистрибьютор коронавирус бойынша денсаулық сақтау минис­трлігі болжамына сәйкес айына 60 мыңға жуық пациентті стационарларда емдеу үшін 8,2 млрд теңге сомасына 44 дәрілік заттар атауына сай сатып алу рәсімдерін жүзеге асырады. Оның ішінде 6,25 млрд теңге сомасына дәрілердің 41 атауы сатып алынды.
Хабтарға 4,52 млрд теңге сомасына екі айлық азаймайтын қор көлемі келіп түсті. Азаймайтын қордың қалған көлемі биыл 30 қарашаға дейін жеткізіледі. Төмендемейтін қор көлемін бірыңғай дистрибьютор медициналық ұйымдардың өтінімдерінен тыс сатып алды. Қордағы қалыптастырылған дәрі қоры ел өңірлерінде дәрілер тапшылығы туындаған жағдайда, яғни сырқаттану деңгейі күрт өссе және коронавирус инфекциясын емдеу үшін дәрілер тапшылығы туындаған жағдайда пайдаланылатын болады. Содан кейін қажет болған жағдайда бірыңғай дистрибьютор коронавирус бойынша дәрілік заттардың екі айлық қорынан керекті тауарды тиеп-жөнелтеді және оны жедел толықтырады.
Бірыңғай дистрибьютор тұрақты түрде өз қоймаларында да, медициналық ұйымдарда да тауарлардың болуын бақылап, мониторинг жүргізеді. Бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық жүйесінде стационарлық деңгейде КВИ-ді емдеу үшін дәрілер мен медициналық бұйымдар қорының мониторингі бойынша есептік нысан әзірленіп, енгізілді. Осы бойынша ақпараттар апта сайын министрлікке жолданады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 18 =