©2020 Астана Ақшамы
Дәрі-дәрмек тегін беріледі
Сәуле ҚҰРМАНОВА, Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары
– Сәуле Ажмұхамедқызы, астаналықтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қалай жүзеге асырылуда?
– Халықты дәрімен қамтамасыз ету кепілдендірілген тегін медициналық жәрдем шеңберінде жүзеге асады. Бұл туралы толығырақ мәлімет медициналық ұйымдардың ақпараттық тақтайшасында ілулі тұр. Амбулаторлық кезеңде дәрілерді беру тегін, ал, тізбе негізінде амбулаторлық-емханалық ұйымдарға бекітілген дәрігердің рецепті бойынша жүргізіледі. Халықты тегін және жеңілдік түрімен қамтамасыз ету үшін дәрілік құралдардың және медициналық тағайындалған бұйымдардың тізбелері Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 4 қарашадағы №786 бұйрығымен бекітілген. Тізбеге сәйкес диспансерлік есепте тұрған науқастарға электрондық рецепт айына 1 рет беріледі.
– Мұндай дәрі-дәрмектер қандай науқастарға беріледі?
– Науқастар «Гиппократ» дәріханалары арқылы қажет препараттарды иелене алады. Астана қаласы мәслихатының шешімімен азаматтардың жеке категорияларына жергілікті бюджет есебінен «Алғашқы өкпелік гипертензия», «Муковисцидоз», «Эпилепсия» сынды сырқат түріне берілетін «Бозентан», «Колистиметат», «Леветирацетам» секілді препараттар беріледі. Өткен жылдың қаңтарынан бастап созылмалы остеоартроз, артрит ауруына шалдыққандарға қосымша қарастырылатын болды. Зейнеткерлер, мүгедектер, әлеуметтік жағдайы төмен деп танылған тұлғаларға бұрын елу пайыз жеңілдікпен берілсе, енді оларға тегін беріледі.
– Қымбат дәрілерді сатып алуды халықтың қалтасы көтермейді. Сіздерде бағасы жоғары қандай дәрілер тегін қарастырылған?
– Қымбат тұратын нозологиялар бойынша (алаңды склероз, гемофилия, орфанды аурулар, қант диабеті (инсулиндер), онкогематология және т.б.), дәрілерді сатып алу, бұрын жергілікті бюджет есебінен сатып алынса, енді республикалық бюджет есебінен Бірыңғай дистрибьютор арқылы жүргізіледі. Ауру түрлеріне қарай осы препараттарды Ә.Молдағұлова көшесінде орналасқан №2 қалалық емхананың дәріханасы арқылы алуға болады. Тегін дәрі-дәрмектердің жалпы тізбесін Денсаулық сақтау басқармасының www.densaulyk.astana.kz сайтынан білуге болады.
– Рахмет!
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ