Дәрі-дәрмек тегін беріледі

0 137

Сәуле ҚҰРМАНОВА, Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары

– Сәуле Ажмұхамедқызы, астаналықтарды тегін дәрі-дәр­мек­пен қамтамасыз ету қалай жүзеге асырылуда?

– Халықты дәрімен қамтама­сыз ету кепілдендірілген те­гін медициналық жәрдем шеңбе­рінде жүзеге асады. Бұл туралы толығырақ мәлімет меди­ци­налық ұйымдардың ақпарат­тық тақтайшасында ілулі тұр. Амбула­торлық кезеңде дәрілерді беру тегін, ал, тізбе негізінде амбула­торлық-емханалық ұйымдарға бекітілген дәрігердің рецепті бойынша жүргізіледі. Халықты тегін және жеңілдік түрімен қамтамасыз ету үшін дәрілік құралдардың және медициналық тағайындалған бұйымдардың тізбелері Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 4 қарашадағы №786 бұйрығымен бекітілген. Тізбеге сәйкес диспансерлік есепте тұрған науқастарға электрондық рецепт айына 1 рет беріледі.

– Мұндай дәрі-дәрмектер қан­дай науқастарға беріледі?

– Науқастар «Гиппократ» дәрі­ха­налары арқылы қажет пре­па­рат­тарды иелене алады. Аста­на қаласы мәслихатының шеші­мімен азаматтардың жеке кате­гория­ларына жер­гілікті бюджет есебінен «Ал­ғашқы өкпелік гипертензия», «Муковисцидоз», «Эпи­лепсия» сынды сырқат түріне берілетін «Бозентан», «Колистиметат», «Леветирацетам» секілді препараттар беріледі. Өткен жылдың қаңтарынан бастап созылмалы остеоартроз, арт­рит ауруына шалдыққандарға қо­сымша қарасты­ры­латын болды. Зейнеткерлер, мүгедектер, әлеуметтік жағдайы төмен деп танылған тұлғаларға бұрын елу пайыз жеңілдікпен берілсе, енді оларға тегін беріледі.

– Қымбат дәрілерді сатып алуды халықтың қалтасы кө­термейді. Сіздерде бағасы жо­ғары қандай дәрілер тегін қа­рас­тырылған?

– Қымбат тұратын нозологиялар бойынша (алаңды склероз, гемофилия, орфанды аурулар, қант диабеті (инсулиндер), онкогематология және т.б.), дәрілерді сатып алу, бұрын жергілікті бюджет есебінен сатып алынса, енді республикалық бюджет есебінен Бірыңғай дистрибьютор арқылы жүргізіледі. Ауру түрлеріне қарай осы препараттарды Ә.Молдағұлова көшесінде орналасқан №2 қалалық емхананың дәріханасы арқылы алуға болады. Тегін дәрі-дәрмектердің жалпы тізбесін Денсаулық сақтау басқармасының www.densaulyk.astana.kz сайтынан білуге болады.

– Рахмет!

 Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 3 =