Дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды

0 16

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында еліміздегі эпидемиологиялық ахуал қаралды. Ресми мәлімет бойынша, коронавирус инфекциясы мен вирустық пневмонияның тәуліктік өсуі – 0,5 пайыз шегінде. Бүгінгі таңда осы инфекцияны жұқтырған адамдардың 94 пайызы емделіп шықты, инфекциялық ауруханалардың толуы 15 пайызды құраған. Індетке байланысты жедел жәрдем шақыру 80 пайызға дейін төмендеді.

Бұған қоса, ауруханадағы орындар санын 50 мыңға дейін арттыру мәселесі пысықталуда. Өңірлерде 12 жұқпалы аурулар ауруханасы салынуда, 2 стационар қайта жөнделуде. Ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Жедел жәрдем автокөліктермен, авто­бустармен және барлық қажетті жабдықтармен (өкпені жасанды желдету аппараттары, оттегі концентраторлары) қамтамасыз етілуде. Аудандық ауруханаларда 132 рентген аппараты орнатылды. Биыл 1 қазанға дейін қосымша 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынады.
Үкімет басшысының айтуынша, елімізде жеке қорғаныш құралдары мен дәрі-дәрмектердің жеткілікті қоры жасалды, тапшылық болмайды. Оның үстіне, тамыз айынан бері ауруханаларда вирустық инфекциядан емделу үшін халыққа тегін дәрі-дәрмек (ыстықты түсіретін, антикоагулянттар) беріліп жатыр. ПТР тестілеу мүмкіндігі артты (тәулігіне 40 мыңға дейін, 63 мыңға дейін жеткізілуі мүмкін). Вакцина сатып алу және өзімізде вакцина жасап шығару жөнінде келіссөздер өткізілді. 15 қыркүйектен бастап тұрғындарға тұмауға қарсы екпе жасалады.
«Жалпы, Үкімет тарапынан ауқымды жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде біз еліміз үшін күрделі кезеңді еңсердік және аурудың таралу деңгейін төмендету қамтамасыз етілді. Бастысы, біздегі денсаулық сақтау жүйесі коронавирус жұқтырғандарды емдеу бойынша мол тәжірибе жинады. Барлық қабылданып жатқан шаралар күзде пайда болуы мүмкін пандемияның жаңа толқынына және маусымдық ауруларға қарсы күресуге жағдай жасайды. Әрине, санитарлық талаптарды қатаң сақтау керек» деді А.Мамин.
Премьер-министр өңірлердің әкімдеріне эпидемиологиялық жағдайды ерекше бақылауда ұстап, барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтауды, вирустың таралуы мен ауру жұқтыру көрсеткіштерінің өзгеруіне қарай жедел әрі нақты әрекет етуді, инфрақұрылымды дайындау шараларын қабылдап, барлық сатыдағы медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге халық арасында профилактикалық жұмысты күшейту тапсырылды. «Денсаулық сақтау жүйесінің дайындығын бақылауда ұстау қажет, сондай-ақ қауіп тобындағы адамдарды нақты қадағалауды қамтамасыз ету керек» деді А.Мамин.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 12 =