ДӘРI-ДӘРМЕК МӘСЕЛЕСIН ТАЛҚЫЛАДЫ

0 96

Астанада халықты сапалы дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету, жалпы отандық фармацевтиканың жай-жапсары талқыланған маңызды мәжiлiс өттi. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Астана қаласындағы «Бiрлiк» филиалы бастамашы болған жиынға «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорына қарасты «Фармация» ЖШС-нiң атқарушы директорлары, басқарма мүшелерi Еркiн Дәуiтбаев пен Берiк Шәрiпов, елордадағы «Әдiлет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы Қабыкен Закариянов, сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлiгiнiң жауапты қызметкерлерi қатысты.
Дөңгелек үстел басына жиналған мамандар Астанадағы дәрi-дәрмек ахуалына, халықты қамтамасыз етудегi кей мәселелерге тоқталды.
Жиынды жүргiзген «Нұр Отан» ХДП Астана филиалы «Бiрлiк» ұйымы саяси кеңесiнiң мүшесi Смағұл Рахымбек саламатты өмiр салтын қалыптастырудың маңызына тоқталып, халық денсаулығын қадағалау – мемлекет алдындағы межелi мiндет екенiн басып айтты.
Мәселен, өткен жылы зейнет жасындағыларға және ауыр сырқаттарға тегiн бөлiнетiн дәрi-дәрмек жетiспеушiлiгi сезiлген. Сондай-ақ, «Әдiлет» тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының төрағасы Қабыкен Закарияновтың айтуынша, елордадағы дәрi-дәрмек бағасы шарықтап тұр. Сондықтан жоғарыдағы мекемелер Денсаулық сақтау министрлiгiмен бiрлесiп қаладағы ауруханалар мен емханаларда сапалы әрi тұрақты бағамен қамтамасыз ететiн дәрiхана ашу қажеттiгiн алға тартты. Бұл орайда, «Бiрлiк» филиалы ақпараттық-насихаттық тобының мүшесi Василий Маслов дәрi-дәрмек сақтайтын қоймалардың жайына тоқталды. Мұндай қоймалар қалада бар, бiрақ, аздық етедi. Әрi ондағы технологияның да тозығы жеткен.
Бiр қуанарлығы – отандық фармацевтиканың үлесi бүгiнде 50 пайызға жуықтаған. Сондықтан мемлекет халықты дәрi-дәрмекпен қамтамасыз етумен қатар, тегiн медициналық қызметтiң ауқымын да кеңейтудi көздеп отыр. Ең басысы, отандық фармацевтиканы дамытуға қолдау берiлiп отыр.
Бұған байланысты «Фармация» ЖШС-нiң басқарма мүшесi, атқарушы директоры Еркiн Дауытбаев елде салынатын фармацевтикалық зауыттардың сапасына ерекше мән берiлiп отырғанын айтты. Ол сонымен қатар «Отандық тауарлар халықаралық стандартқа сай өндiрiлетiн болады. Сондықтан, олардың химиялық құрамы да, сапасы да еуропалық тауардан кем түспейдi» деп атап өттi.

Серiкгүл СҰЛТАНҚАЖЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 1 =