Дәрі-дәрмек керегінше беріледі

0 23

Нұр-Сұлтан қаласының дәріханалары апта сайын COVID-19-ға қарсы дәрі-дәрмекпен толықтырылады.Елорда әкімі Алтай Көлгінов дәріхана желілерінің дистрибьюторларымен, фармацевтикалық компаниялар мен дәріханалардың өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді. Жиында COVID-19-бен күресу үшін қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, балама дәрілердің тізімін кеңейту, дәріханаларға дәрі-дәрмектерді тарату мәселелері талқыланды.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, елге дәрі-дәрмектерді сатып алу және әкелу процедураларын жеңілдету, логистика мәселелеріне қолдау көрсетеді.
– Біз мемлекеттік органдармен бірге дәрі-дәрмек қорын толықтыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізудеміз. Біріншіден, сатып алу және әкелу рәсімдері жеңілдетілді. Бюрократиялық мәселелер шешілді. Біз логистика мәселелері бо­йынша қолдау көрсетудеміз. Екіншіден, тиісті органдар Мемлекет басшысының тапсырмасымен алыпсатарлықты және бағаны заңсыз көтергендерді анықтау бойынша жұмыс жүргізуде. Қазірдің өзінде 8 адам сот шешімін күтуде. Бірнеше қаптаманы сатып алып, алыпсатарлық жасамау үшін дәрі-дәрмектерді жан басына тарату шектелді – олар емдеу барысында қажет мөлшерде ғана беріледі. Біз нарықтың адал өкілдеріне көмектесеміз, енді сіз өзіңіздің әлеуметтік жауапкершілігіңізді көрсетуіңіз керек. Дәрі-дәрмектердің бағасын көтеруге, алыпсатарлық жасауға болмайды. Сонымен қатар дәрі-дәрмектердің аналогтарын, балама түрлерін сатып алу қажет. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз, – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Фармацевтикалық қызмет өкілінің айтуынша, 10 күннің ішінде елге 2 миллионға жуық парацетамол жеткізіледі, ол дәрілер аймақтарға біркелкі таратылады. Дәріханаларда көптеген дәрі-дәрмектердің аналогтары бар, оларды қосымша сатып алмақ. Сондай-ақ логистика мәселелері шешілген кезде «Іңкәр» ЖШС аптасына екі рет дәріханалар қорын толықтырады. Басқа фармацевтикалық компаниялар да дәрі-дәрмектерді жеткізу көлемін арттырады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − eleven =