Дархан жүректі дәрігер

2 568

Әлемде жыл сайын 15 млн адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болады. Тек Астана қаласында осы сырқаттың ауыр түрі бойынша есепке алынғандардың қатары 50 мыңға жуықтап қалды. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының PHD докторы, жоғары санатты кардиолог-дәрігер Ғалия Серманизова жүрек ақауы бар жүкті әйелдердің денсаулығын барынша жақсарту жолында ғылым мен тәжірибені ұштастырып келеді.

БАУЫРҒА БЕРГЕН СЕРТ

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара қаласында дүниеге келген Ғалия Құттыбайқызы үш ұлдың ортасында еркелеп өскен. Жеті жасқа жеткенде өзінен кейінгі бауырының жүрегінде ақауы бары белгілі болған. Сол күннен бастап әке-шешесінің күні-түні бір Алладан баласының ауруына шипа беруін тілеп, жанжаққа жүгіріп жүргенін көрген кішкентай Ғалия отбасына түскен бұл қайғыны бала жүрегімен сезінген. «Әкем мені көп еркелететін. Алайда інім ауырғалы анам да, әкем де ініме көбірек көңіл бөлді. Алматыға бірнеше рет апарды, одан кейін Ташкентте емдетті. Нәтиже болмаған соң Мәскеуге алып кетті. Сол кезде жүрегінде өте ауыр ақау бары анықталды. Шұғыл жасатқан отадан соң інім көп ұзамай қайтыс болды. Артымнан ерген қарам болғандықтан, бұл қайғы маған өте ауыр тиді. Үйге әкелгеннен кейін кішкентай болсам да, ініммен қоштасқым келді. Әкем мен үлкендердің қарсы болғанына қарамастан, анамның рұқсатымен інімді соңғы рет көру үшін бөлмеге кірдім. Сонда не ойлайды дейсіз? Анам үйге көңіл айтуға келген адамдардың алдында інімнің өліміне дәрігерлердің қателігін айтып әбден жылағанын көрген едім. Осы сәтте інімнің маңдайын сипап тұрып «Мен дәрігер боламын. Жүрегі ауыратын балаларға дұрыс диагноз қоятын дәрігер боламын» деп іштей серт беріп, қоштастым. Болашақта кішкентай балалар менің інім сияқты қиналмаса екен деп тіледім» деп еске алады ол. Бауырға берген сол серт жүрегінде жатталды. Бірақ ешкімге айтпады. Орыс мектебін тәмамдаса да, әкесінің қойған талабы бойынша ана тілінде де еркін көсіле алатын дәрежеге жетті. «Адамның айтқаны болмайды» демекші, жоғары оқу орнын бітірген кезде көз дәрігері мамандығын алып шықты. Осылайша, інісіне берген серттен сәл ауытқып кеткендей болды. «Келісімшарт бойынша оқуымды Түркия елінде жалғастыруға мүмкіндік алдым. Ол жақта көз дәрігері мамандығы бойынша бос орынның жоқтығына байланысты алдыма екі таңдау қойды. Кардиолог немесе педиатр болу. Сол кезде көз алдыма дәрігерлердің қате диагнозынан жастай кеткен інім есіме түсіп, көңілім бір босады. Бауырыма берген уәдені орындайтын уақыт жеткендей болды. Ойланбастан кардиолог болуды таңдадым» дейді Ғалия Құттыбайқызы. Кейіннен барлық емтихандарды сәтті тапсырып, үздік атанған Ғалияны Түркияның беделді жеке клиникалары жұмысқа шақырады. Бәрінен бас тартып, жолдамамен аттандырған Түркістандағы қара шаңыраққа мықты маман болып қайтады.

АСТАНАҒА АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Елорда төрінде Ана мен бала ұлттық ғылыми орта лығы ашылған кезде Ғалия Құттыбайқызы арнайы шақыртум ен осында келеді. «Түркияда білім алған кездері ондағы профессорлар тәжірибе мен ғылымды қатар алып жүруді үйретеді. Ондағы оқудың ерекшелігі де сол. Келгеннен кейін өзім диагностикалық зерттеу жасаған науқастардың қорытындысын сараптап, зерделей бастадым. Туа біткен және жүре келе ақауы пайда болған науқастардың тарихына үңілдім. Ғылымды қатар алып жүруді көздедім. Өкінішке қарай, ғылыммен айналысайын десем, бағыт-бағдар беретін ешкім жоқ. Бір күні қызмет барысында танымал профессор Тельман Сейсенбековпен таныстым. Ол кісі біздің орталыққа келіп, науқастарды көріп, қорытындыларын тексеріп, аурулардың тарихымен танысады. Содан кейін ғана инструменталдық диаг ностикалық тәсілдерге көшеді. Ол кісі менің қорытындыларымды оқығаннан кейін менімен танысқысы келген екен. Себебі мен жасаған қорытындылардың бәрі УЗИ-дің қорытындысымен сәйкес келген. Ол кісі кейіннен бұл уақытқа дейін тура мен сияқты дәл диагноз қойған дәріг ерл ердің кездеспегенін айтып, қуантып қойды. Сөйтіп, ғылыммен айналысуыма өзі түрткі болды» дейді антына адал дәрігер. Сөйтіп, көптен күткен кардиологтардың конференциясында Абай Байгенжин, Юрий Пя, Тельман Сейсенбековтерден кейін төртінші болып Ғалия Серманизова «Жүктілік кезіндегі жүрек ақаулары» тақырыбындағы зерттеу жұмысын ойдағыдай таныстырып, қорғап шығады.

«Жиын біткеннен кейін ұйымдастыру комитетінің хатшысы менің жас екендігімді түрімнен байқап, ешқандай атағымның жоқтығына қарап, қандай санатқа жатқызатынын білмеді. Жалпы, біздің қоғамда қағаз жүзіндегі атақтың құндылығына қайран қаламын. Қарапайым адамдардың өзі дәрігерлердің қабылдауына келгенде атақ пен дәрежесіне қарайды. Ал оның атағы аспандай болғанмен, тәжірибе жағынан ақсауы мүмкін. Осы көзқарас қайда барсам да, алдымнан шықты. Менің ойымша, дәрігер атақ арқылы емес, көп жылдық тәжірибесі арқылы шындалады» дейді ол.

ЖҮРЕК НЕГЕ АУЫРАДЫ?

Ғалия Серманизованың айтуынша, жүрек-қан тамырлары ауруларының жиілеп кетуі ғаламдық мәселеге айналды. Сондықтан, әр әйел қан қысымын, қан құрамындағы холестерин мен қант деңгейін анықтауға мән бергені жөн. Өйткені күйгелектік, дұрыс тамақтанбау, арақ пен темекіге үйірсектік, қозғалыстың аздығы жүректің өзгеріске ұшырауына әкеледі. Бұл аурудың алғашқы белгілері – жүрек пен кеуде тұсының ауырсынуы мен шаншуы, тамыр соғысының жиі соғуы. Алайда адамдардың көбі оған уақытша жағдай деп қарайды да, мән бере бермейді. «Күллі әлемді алаңдатып отырған жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұму көрсеткіші біздің елімізде де бірінші орында тұр. Жалпы, Қазақстанда 1978-1979 жылдары бұл салада зерттеу жұмыстарын жүргізген жалғыз адам болған. Ол – Мақан Төленов. Ол кісіден кейін бұл мәселені ешкім терең зерттемеген. Елімізде 1970 жылдардан 2000 жылдарға дейін жүре пайда болған жүрек ақаулары көп болса, қазір керісінше туа біткен аурулар көп. Себебі ол жылдары профилактика өте белсенді жүргізілген» дейді дәрігер. Оның айтуынша, қазір технологияның дамыған заманында жүрегінде туа біткен ақауы бар кішкентай қыздарға ота жасалады. Ал отадан кейін жүрек кәдімгі қалпына келеді. Бұрынғы кез болса, мұндай жағдайда есейгенде жүкті болуына тыйым салынатын. Шүкір, қазір бәрі емделіп, жақсы болып кетеді. Дегенмен, дәрігер келтірген статистикаға сүйенсек, қазіргі кезде туа біткен жүрек ақауы барлар жүре келе пайда болатындарға қарағанда үш есе артық. Мұның себебі жүрек ақаулары тұқым қуалайды. Жүрегіне ота жасалған әйелдер босанған кезде бұл ауру баласына беріледі. Оның сәбилеріне де сол диагноз қойылып, кішкентай кезінде ота жасалады. Осылайша процесс қайталанады екен. Ғалия Құттыбайқызы бұл тек біздегі мәселе емес, әлемде де осындай жағдай екенін барынша түсіндірді. Жалпы, қан қысымының жоғарылауының 27 пайызы коронарлық артериялардың ишемиялық ауруларына, 42 пайызы инсультқа әкеледі екен. Жоғары санатты дәрігердің айтуынша, соңғы бес-алты жыл ішінде артериалды гипертония, яғни жүктілік кезіндегі қан қысымының көтерілуі асқынып тұр. «Бұрын бұл ауру түрі қырықтан асқан кісілерде кездессе, қазір жиырма жастағы әйелдердің өзінде қан қысымы 200-ге дейін көтеріледі. Менің ойымша, бұл – гаджет технологиялардың кері әсері. Қазіргі уақытта біздің жүйк е жүйеміз гипперактивті, демалыссыз жұмыс істейді. Жүйкеміздің құрылымы өзгеріп, аурулар кең таралып келеді. Тағы бір байқағаным, өңірлерден тексерілуге келетін науқастарды тексеру кезінде қан қысымы байқалғанмен, жүрек құрылымында өзгеріс болмайды. Ал Астана қаласының тұрғындарында қан қысымы да жоғары, сонымен қатар жүрек құрылымында да өзгерістер кездеседі. Өйткені мегаполистерде психоэмоционалдық фактор жоғары. Сол үлкен қауіп төндіреді. Қорыта айтсам, жүрекқан тамырлары ауруын емдеу екі бағытта жүзеге асады. Біріншісі – алғашқы көмек көрсету болса, екіншісі – аурудың алдын алу. Ол бойынша халық арасында жүрек-қан тамырлары ауруына себеп болатын факторлардың деңгейін төмендету және ауруға шалдыққан науқастардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстау. Яғни, аурудың одан әрі дендеп кетуіне жол бермеу маңызды» дейді жиырма жылға жуық өтілі бар жоғары санатты дәрігер Ғалия Серманизова.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

  1. Жанна :

    Ғалия Құттыбайқызына тек табыс тілеймін!

  2. Айгүл :

    Антына адал ақ халатты абзал жандар көп болса екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − six =