Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы: ТҮРКІ ӘЛЕМІНДЕ ТАРИХШЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫН ҚҰРАТЫН МЕЗГІЛ ЖЕТКЕН СИЯҚТЫ

0 156

Ежелгі тарихымызға дендеп бару үшін қытай тілін, ислам дәуірін меңгеру үшін араб-парсы тілдерін, ал жаңа заман тарихын зерттеу үшін де ағылшын-француз тілдерін білу қажет. Аудармада қате неме­се бұрмаланған тұстар болуы әбден мүмкін. Сондықтан, кәсіби тарихшының түпнұсқаны пайдаланғаны абзал.

 – Түркі кеңесі Еуразия құрлығындағы үлкен бір сая­си құрылым ретінде ықпалды күшке айналуы үшін қазіргі таңда туысқан елдер арасындағы ынтымақтастыққа тиісті деңгейде қол жеткізілді деп санауға бола ма?

– Мағжан ақынды жақсы көремін. Жасындай жарқылдаған, тыны­сы кең, тұтас түркінің тағдырын жырлаған, өлеңі өршіл өрелі ақынның «Ақсақ Темірдің сөзі» атты өлеңін білесіз, сонда «Жер тәңірісі Темірмін» деген отты жолдар бар. Ол әйгілі Әмір Темірдің монологы ретінде айтылады. Түп-тұқияны мен тамыр-тарихын жетік білген ақиық ақын бұл жерде ащы бір ақиқатты меңзеп отыр. Тарихқа үңілсек, әрбірі өзін «тәңіріге» не­месе «тәңірінің тұқымына» балаған түркілердің ерікті түрде бастарының бір қазанда қосыла қоймағанын көреміз. Тарпаң мінген тас-түйін түркіні тұқыртуға тек түркінің ғана шамасы жеткендіктен, көбіне олар жаһан патшалығын өзара бөлісе алмаған. Сондықтан, бір қағанның күшімен бас біріктіргенде дүниені тітіреткен жаужүрек ұлыс артынша алауыздыққа ұшырап отырған. Мұны Астана төріне әкеліп орнатылған Күлтегін ұстынындағы жазулардан да жақсы аңғарамыз. Мұны Салжұқ пен Ғазнелі, Алтын Орда мен Темір, Темір мен Османлы сияқты алпау­ыттар арасындағы арпалыстардан да жақсы білеміз. Тіпті, алысқа бармай-ақ, қазақ ұлысының пайда болуының өзі осы бөлінуден бастау алғаны баршаға белгілі. Сондықтан, өзіңіз айтқандай, Еуразия кеңістігінде Түркі кеңесінің құрылуын тари­хи оқиға ретінде бағалауға әбден болады. Елбасының ұсынысымен құрылған бұл іргелі ұйым – түптеп келгенде, түркі тарихында терезесі тең түрде құрылған тұңғыш ұйым. Тарихтағы түркі одақтарының бір үкімдардың бас біріктіруімен неме­се басқыншылығымен құрылғанын жоғарыда атап өттік, сондықтан бұл ұйымды алғашқы ерікті, саналы одақ деп те атауға болатын сияқты. Әрине, жаңа құрылған ұйым әлі саяси құрылым ретінде ықпалды күшке айнала қойған жоқ. Бұған уақыт керек шығар. Дегенмен, Түркі кеңесінің және оның тұрақты хатшылығының дербес құрылым ретінде құрылуының өзі көп жайтты аңғартады. Сондықтан, бұл оқиғаны туысқан елдер арасындағы өзара ынтымақтастықтың биік белесі деп атауға болады.

– Түркі кеңесінің Елбасының бастамасымен құрылғанын қаперге салдыңыз. Айтыңызшы, ен­деше, Кеңестің Астанада неме­се Анкарада емес, Нахчыванда құруының нендей бір мәні бар ма?

– Бір жайт есіме түсіп отыр. Мұстафа Шоқай 1933 жылы Әзербайжанның тәуелсіздік күніне байланысты «Яш Түркістанда» бір мақала жариялаған екен. Тұтас түркінің тұтастығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен тұғырлы тұлға мақаласында: «Біз негізінде үлкен күшке иеміз. Бұл күш тек құр сөз емес, іс бірлігіне айналуы керек. Сондықтан өз іс-әрекеттеріміздің дұрыс немесе бұрыстығын анықтау үшін де кеңес түрінде жылына бір рет бас қосып тұруымыз қажет. Біздің бас қосуымызға ең қолайлы күн Әзербайжанның тәуелсіздік күні болуы мүмкін» деген мағынада жазыпты. Шоқтығы биік Шоқайдың арманы шындыққа айналды. Әрине, оның бұл сөздерімен Түркі кеңесінің Әзербайжанда құрылуы арасын­да қандай да бір байланыс іздеу бәлкім бекершілдік болар, дегенмен бұл да бір сабақтастықты, өміршең мұратты көрсетеді. Сұрағыңыздың төркінін түсініп отырмын, қазір түркі дүниесінде жетекші мемле­кеттер – Қазақстан мен Түркия. Қазақстан – Мағжан айтқандай, «қара шаңырақ» әрі дамыған эконо­микасымен, әлеуетті қуатымен, саяси тұрақтылығымен аймақтағы жетекші ел, ал тарихында бодан қамытын кимеген, іргелі империяның бүгінгі жұрнағы Түркия болса, батыстағы түркілер үшін тұғырлы мемлекет. Сондықтан Түркі кеңесінің осы екі елде емес, тіпті Әзербайжанның аста­насы Бакуде де емес, бейтарап жерде құрылуының да бәлкім, бір мағынасы болар. Біздіңше, Нахчыванның таңдап алынуы бекер емес. Өзіңіз білесіз, Әзербайжан – шығыс пен батыс түркілерін жалғап тұрған алтын арқау іспетті. Ал Нахчыван – Әзербайжанның ұлттық көсемі Хей­дар Алиевтің туған жері. Өзіңіз білесіз, Хейдар Алиев те, одан бұрынғы Әбілфайыз Елшібей де түрікшіл тұлғалар. Жалпы, Әзербайжан – түрікшілдіктің түпкі отанының бірі. Тіпті, Түркияға түрікшілдікті алып барған да әзерилер мен та­тарлар. Тұран фамилиясын алғаш қолданған да Алибей Хүсейінзаде деген әзербайжандық ойшыл болған. Әзербайжаннан Ахмет Ағаоғлу, Мехмет Емин Расулзаде, Алимар­дан Топчыбашев сынды түрікшіл тұлғалар шыққан. Түркологтардың алғашқы жиыны да сонда өткен, түркология ілімі де Әзербайжанда жақсы дамыған. Бәлкім, бұлардың да бір септігі тиген шығар. Дегенмен, бұл тарихи жиынның Нахчыванда өтуі және онда Түркі кеңесінің құрылуы Елбасының бастамасы екені бүгінде баршаға белгілі. Жалпы, Түркі кеңесі 2009 жылы Нахчыван­да өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Саммитінде дүниеге келгенімен, оның бастауы әріректе жатыр. Қаласаңыз, кейінге азырақ шегініс жасайық. Өзіңізге мәлім, түркі елдерінің мемлекет басшыла­ры 1992 жылдан бері тұрақты түрде бас қосып, жиын өткізіп келді. Сол алғашқы 1992 жылғы Саммиттің өзінде Түркия Президенті Тұрғұт Өзал түркі мемлекеттерінің одағын құру туралы ұсыныс көтерген екен. Мұны біз Елбасымыздың «Ғасырлар тоғысында» деген кітабы арқылы да жақсы білеміз. Ол кез тегі бір тамырлас елдер енді ғана егемендік алып, ес жиып, етек жауып жатқан тұс болғандықтан, мұндай өткір ұсыныс қаз тұрып, қалыптасу жолына түскен, әлемдік қауымдастықта әлі танылып үлгермеген жас мемлекеттердің тәуелсіздіктеріне тұсау болуы мүмкін еді. Сондықтан Елбасы түркі жұртына түпкілікті тұтасу жо­лын емес, негізінен, экономикалық интеграцияға негізделген тәуелсіз елдердің терезесі тең достығын ұсынды. Мұны Тұрғыт Өзал да тез түсінді. Содан кейін жыл сайын түркітілдес мемлекет басшыларының Саммиті дәстүрлі түрде өтіп жатты. Қазақстан оның барлығына ең жоғары деңгейде қатысып келді. Ал тегі бір мемлекеттердің тәуелсіздіктеріне 15 жыл толған 2006 жылы Анталияда өткен Саммитте Елбасы бұдан былай сөзден нақты іске көшу қажеттігін айтып, Түркі кеңесін, оның тұрақты хатшылығын және ақсақалдар кеңесін құруды ұсынды. Елбасының бұл ұсынысы Нахчыванда жүзеге асты.

– Асылында, міндетті көтере алатынның иығына артады. Елбасының қабылдауында болдыңыздар. Президент ел мүддесіне қатысты нендей нақты тапсырма жүктеді?

– Осы ұйымның негізін қалаушы әрі түркі әлемінің бүгінгі жетекшісі ретінде Елбасы нақты тапсырмалар берді. Бішкекте өтетін алдағы Сам­митке байланысты Кеңестің атқарып жатқан жұмыстары туралы есепті тыңдады, сосын түркі әлеміндегі ынтымақтастық пен ұйымның басым бағыттарына тоқталды.

– Ұйымның басым бағыттары қандай? Алуан тілді, алуан сырлы үнді елі, Үндістан мемлекетінің даңқын үндінің мәдениеті мыңжылдықтардан бері тұтастырып келеді. Оған қарағанда, тіліміздің түбі бір түркі жұртпыз. Айтыңызшы, түптің түбінде бізді, бауырлас халықты бір қолдың саласындай ұстап тұратын тарихымыз бола ма, әлде тіліміз бе, әлде ынтымақ бірлікті ұрандатып отырған саясат бола ма?

– Түркі әлеміндегі интегра­ция ең әуелі экономикалық ынтымақтастыққа негізделген. Экономиканың қарқынды дамуы, елдеріміздің әлеуетінің артуы интеграцияның өміршең болуы­на да қызмет етеді. Сондықтан, елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық қатынастар мейлінше арта түсуі тиіс деп ойлаймын. Біздің тарихи тамырластығымыз өзара байланыстарымыздың терең дамуы-на серпін береді. Ортақ тарихи сана мен ортақ мәдени байланыстар етене туыс елдерді жақындастыра түседі. Мәселен, таяуда Астанада «Аста­на арқауы» деген дәстүрлі фес-тиваль өтті. Ұйымдастырушыларын құттықтаймын, жоғары деңгейде өтті. Түркі әлемінің түкпір-түкпірінен кел­ген әншілер мен бишілер, күйшілер мен термешілер дәстүрлі музыка­мыз арқылы біздің соншама жақын екенімізді тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Әрине, тамыры бір туыстығымызды айқындайтын тіл де маңызды. Түркі әлеміндегі тілдік жақындастықты зерттеу және ортақ терминдерге байланысты принциптерді айқындау үшін Кеңес жанынан терминологиялық комиссия құрылу үстінде. Оған мүше мемлекеттердің ең таны­мал терминолог ғалымдары енуде. Міне, осындай шаралар түркі әлемін жақындастырады. Сондықтан, Түркі кеңесі де осы бағыттарды басымдық ретінде қарастырады.

– Былтыр алғашқы Саммит Алматыда өтті. Биыл қыркүйек айында Бішкекте өтетін Түркі кеңесінің ІІ саммиті «Білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастық» тақырыбына арналмақ. Мұнда бұрынғы-соңғы түркі әлемінің тарихына қатысты айрықша нендей мәселеге назар аударылмақшы?

– Өзіңіз айтқандай, биылғы Саммит білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық тақырыптарына арналады. Білім мен мәдениет – тегі бір туыс елдерді бір-біріне етене жақындастыра түсетін салалар. Білім арқылы, соның ішінде тарих пен әдебиет ғылымын ортақ игеру арқылы біз жалпы жадыны жаңғыртамыз, ортақ тарихи санаға қол жеткіземіз. Терең тарихи сана – мақтаныш сезімін орнықтырады, өзіңе деген сенімді арттырады. Бұл да тәуелсіздікті тұғырлы етуге қызмет етеді. Біздің әдебиетіміз де байтақ әдебиет. Түркі әдебиетіндегі ортақ тұлғалардың барлығы да біздің ортақ мақтаныштарымыз. Ортақ әдебиет арқылы қазақ Қашқаримен, түркімен Тоқтағұлмен, түрік Тоқаймен, әзербайжан Абаймен мақтана ала­тын болады, Низами, Физули, Науаи баршамыздың ортақ ақынымызға айналады. Біздің жырауларымыз да түркі жұртында түгел оқылады. Бұл – үлкен байлық, сарқылмас қазына. Оның үстіне, әдебиетте халықтың тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы, арман-тілегі, өткен жолы толық көрінеді. Әдебиет пен тарих арқылы біз тамырлас қана емес, тағдырлас екенімізді айқын аңғарамыз. Әрине, бұл жұмыстардың ұраншыл сипатта емес, таза ғылыми болғаны абзал. Сондықтан, түркология ғылымын дамытқан жөн. Бұл ретте осы алқалы жиында Астанадағы Түркі академия-сына халықаралық дәреже беріледі деп күтілуде. Ол бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Біздіңше, Саммиттің басты шешімдерінің бірі осы болар еді. Ыстықкөл Форумын тұрақты түрде өткізу және түркі елдері жазушылар одағын құру тура­лы ұсыныстар да маңызды. Сонымен қатар, Саммитте ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының жұмыстарына қолдау көрсету мақсатында Түркі мәдени мұра қоры құрылуы мүмкін. Әрине, бұлардың барлығы мемлекет басшыларының ортақ шешімімен жүзеге асатын шаралар.

– Бүгінде халықаралық іргелі ғылыми орталық ретінде бедел­ге ие болып келе жатқан Түркі академиясының жұмысы туралы пікіріңіз қандай?

– Өзіңіз білесіз, Түркі акаде­миясы 2010 жылы құрылды, оған түркі әлеміне танымал түрколог, белгілі ғалым, профессор Шәкір Ибраев жетекшілік етіп отыр. Түркі академиясының Астанада құрылуы – Қазақстанның түркі әлеміндегі жетекші рөлін бекемдей түсуге бағытталған көреген шешім. Бұдан бұрын шығыстанудың орталығы Ташкент, түркологияның орталығы Баку болып келсе, Академияның ашылуымен бірге бұл салалар Астанаға бет түзеді. Байқауымша, Академия әлі халықаралық статус алмағанына қарамастан қыруар ша­руалар атқаруда. Көптеген ауқымды халықаралық жобалар жасап, іргелі еңбектер шығаруда. Кітапхана қорын кеңейте түсуде. Бұл – іргесі жаңа қаланған құрылым үшін үлкен еңбек. Біздіңше, ынтымақтастық баянды болуы үшін оның ғылыми негіздері де мықты болғаны абзал. Академия нақты таза түркология ғылымын жасаумен бірге, түркі әлемінің өзара ынтымақтастығын арттыратын жұмыстар да атқаратын шығар деп ойлаймын. Мысалы, таяу болашақта Орталық Азияда су мәселесі шешімі қиын күрделі күрмеуге айналуы мүмкін. Сол сияқты шекара, мигра­ция, демография, экология, экстре­мизм, терроризм сияқты көптеген жайттар түркі жұртының достығына сына болып қадалатын ортақ сынға айналуы кәдік. Міне, Академия бір жағынан, бүгінгі және болашақтағы осындай мәселелерге де шешім іздейді деп ойлаймын. Мұндай салиқалы жайттарға ғылыми негізі бекем шешімдер дауа болған болар еді. Әрине, мұның барлығы Акаде­мия халықаралық статус алғаннан кейін атқарылатын шаралар ретінде жоспарда бар шығар деп ойлаймын.

– Бауырлас елдердің ортақ құндылықтарын анықтау зерт­теу және дамыту, жалпы, түркі әлеміндегі мәдени қатынастарды жолға қоюда ТҮРКСОЙ кең көлемде мойындалып, танылды. Осы орайда, түркі мәдени-рухани бірлігін одан әрі тереңдетуде Түркі кеңесі нендей маңызды шараларға басшы болып, үйлестірмекші?

– ТҮРКСОЙ – ынтымақтастықпен жұмыс жасап жатқан әріптес ұйым. Оның басшылығына белгілі қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов барғалы ұйымның жаңа тынысы ашылды. Өзіңіз айтқандай кең көлемде мойындалып, танылды. Тәуелсіздікпен құрдас деуге бола­тын, түркі әлеміндегі ең алғашқы интеграциялық ұйымның бірі бо­лып саналатын ТҮРКСОЙ-мен бірге Түркі кеңесі біршама шара­ларды бірлесіп атқарды. Мәселен, осы жылдың наурыз айында Те­геранда ұйымға мүше мемлекет­тер фотосуретшілерінің көрмесі өткізілді. Қазір біз ТҮРКСОЙ-мен бірге түркі жұртының ортақ мәдени мұраларын ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін тиісті жұмыстарды бастап кеттік. Мұнан өзге, Кеңес осы Саммит қарсаңында түркі елдерінің жазушылар одағын құру, Ыстықкөл форумын өткізу, ортақ телеарна ашу, өнер, мәдениет және ғылым салаларында беделі биік сыйлық тағайындау, университеттер арасы одақ құру, тарих және әдебиет сала­ларында ортақ оқулықтар шығару сияқты істерді қолға алуда.

– Қазақстанның мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының түркі дүниесінің әлемдік өркениетке қосқан үлесі ретінде насихаттау қолға алынар ма? Әрі бұл бағдарламаны түркі әлемінің ортақ рухани құндылығы сипатында өзге елдер арасында мойындатуға мүмкіндік етуге болар ма?

– Біздің мәдениетіміз де, мәдени мұрамыз да ортақ. Оны ортақ зерттеу барша түркі жұрты үшін үлкен олжа болары анық. Бұл мәселені де Ел­басымыз 2006 жылдан бері көтеріп келеді. Анталияда өткен Саммитте Елбасы Қазақстандағы «Мәдени мұра» бағдарламасы туралы айтып, дәл осындай бағдарламаны түркі әлемінде ортақ жүргізудің маңызына тоқталған болатын. Жоғарыда айтып кеткен, биыл жүзеге асуы мүмкін Түркі мәдени мұра Қоры туралы ұсыныс – Қазақстан Президентінің сол сөзінен бастау алады.

– Түркілердің мәдениетін, та­рихын Еуропаның кешегі күнгі көрнекті ғалымдары жазды. Франция, Ресей, Англия сияқты мемлекеттердің сол жазбалардан империялық көзқарасынан арыл­туда тарихи-деректік сипаттар жеткілікті ме? Оны игеріп, жүзеге асыратын жас тарихшылардың тілдік әлеуеті кемел ме?

– Дұрыс айтасыз, дүниежүзілік тарихта ориенталистік көзқарастың басым екені белгілі. Қайдан «құлақ шығарса да қазаншының еркінде» екені сияқты, кім тарихты жаз­са, өз ыңғайына бұратыны тағы шындық. Өкінішке қарай, түркілер тарихты жасаған, бірақ, жазбаған ұлт. Түркі тарихынсыз дүние тарихын елес-тету мүмкін емес. Сөйте тұра, бабаларымыз жасаған ұлан-ғайыр істерін жазуға аса құлықты болмаған. Жазғандарын да тасқа қашап, мәңгілікке қалдырған. Ал бертінде тарих ғылым ретінде қалыптаса бастаған тұста да біздің тарихымызға да, тағдырымызға да өзгелер иелік етуге ұмтылған. Сондықтан, шежіреміз көбіне шерлі болып шықты. Даңқты жолымыз, айбарлы өткеніміз көбіне көмескілендірілді, қолдан бүркемеленді. Сондықтан, әлі күнге дейін өзгелердің жаңылыстары мен қателіктерін немесе әдейі жасаған қастықтарын түзетумен келеміз. Тәуелсіздікпен бірге тарих та еңсесін түзеді. Өзіңіз айтқан «Мәдени мұра» бағдарламасы да – осы тәуелсіздіктің керемет жемісі. Қазір тарихшылардың алдында жиналған мол мұра игеру міндеті тұр. Дүниенің әр қиырынан үлкен еңбекпен жиналған әртүрлі кезеңге қатысты қыруар матери­алдарды, тың деректерді игере білсек, шынайы тарихымызға да жақындай түсер едік. Мұнда, өзіңіз айтқандай, тіл білудің маңызы ерекше. Шоқаймен үзеңгілес жүрген, башқұрт автономиясын басқарған әйгілі ғалым Зәки Уәлиди Тоған «Шын мәніндегі кәміл тарихшы болу үшін кемінде 4-5 шет тілін білу қажет» деген екен. Мәселен, ежелгі тарихымызға дендеп бару үшін қытай тілін, ислам дәуірін меңгеру үшін араб-парсы тілдерін, ал жаңа заман тарихын зерттеу үшін де ағылшын-француз тілдерін білу қажет. Аудармада қате немесе бұрмаланған тұстар болуы әбден мүмкін. Сондықтан, кәсіби тарихшының түпнұсқаны пайдаланғаны абзал. Қазір бізде тіл білетін жастар тарих ғылымына көптеп келуде. Мұнда әсіресе ғылымда жаңа жүйеге көшудің үлесі де үлкен деп ойлаймын. Өйткені, қазір шет тілін жетік білмесең, ғылымға қадам жасай алмайсың, магистратура мен докторантураға түсе алмайсың. Шетелдерден білікті жетекшілердің болуы да бұл ретте маңызды деп ойлаймын. Жалпы, жас тарихшыларымыздың «Болашақ» бағдарламасы бойынша да шет елдерде біліктілік арттыруы жақсы болар еді.

– Айтпақшы, өзіңізді «Болашақ» бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға барады деп естіп едік. Осыған дейін екі рет докторлық қорғаған емес пе едіңіз? Оқуды Түркі кеңесі Хатшылығындағы қызметке «жығып» бердіңіз бе?

– Былтыр «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Мичиган университетінде тарих және саясат ғылымдары бойынша тағлымдамадан өтуге жолдама алған едім. Бірін Стамбулда, кейіннен Алматыда докторлықты екі рет қорғағанымыз рас. Сондықтан, бұл жолы тағлымдамадан өтуге баратын едік. Онда Орталық Азия және түркі әлемінің белгілі білгірлерінің семинарлары мен дәрістеріне де қатысуға да мүмкіндік болған еді. Алайда, жаңа қызметке байланысты оны кешеуілдете тұруға тура келді. Жалпы, дипломатиялық қызмет те шет тілін жетілдіруге жақсы ықпал етеді. Бірақ шет елдерде білімімді жетілдіре түсу бір мақсатым болып қала береді.

– Түркі әлемін қуатты ету жо­лында бұрынды-соңғы мамандардың әртүрлі сынына ұшырап, пікірталасқа арқау болып келе жатқан Әмір Темір мен кешегі Тоқтамыс хан, Баязит сұлтан секілді ұлы тұлғаларды келешек ұрпаққа лайықты таныту үшін та­рих ғылымында нендей қадамдар жасалып жатыр? Жалпы, мұндай принцип қолға алынды ма? Түркі дүниесінің қайраткерлері Йавуз да, Исмайл шаһ та, Шайбани да, Жәнібек хан, Фатих пен Ұзын Хасанды біздің өз тұлғаларымыз ретінде таныту үшін ортақ түркі тарихын қандай негізде түзу керек деп санайсыз?

– Иә, тарихымызда қақтығыстар мен алауыздықтар аз болмаған. Бірақ, бұл барлық елдердің тарихына тән жайт. Мәселен, бүгінгі Еуропа елдері өзара қырық пышақ болып жүздеген жылдар бойы соғысқан. Тіпті, арыға бармай-ақ, бірінші және екінші дүниежүзілік алапат соғыстар да осы Еуропада шыққаны белгілі. Өркениетті елдер осы ащы оқиғалардан тиісті сабақ алып, ынтымақтықты дамыта отырып бүгінде берік одаққа айналды. Олар ынтымақтастыққа тек экономикалық мүдделестік қана емес, тарихи сана арқылы да жетіп отыр. Бөлетін жайт­тарды емес, біріктіретін тұстарды тауып, соны достыққа арқау етуде. Тарих – тағлым, ол өткенмен кектесу үшін емес, болашақпен жүздесу үшін қажет. Сондықтан, өткен тарихтағы мағынасыз соғыстар мен қилы қантөгістерді емес, халықтарымызды жақындастыратын жарқын беттерді көбірек көрсеткен жөн деп ойлай­мын. Мәселен, қазақ пен қырғыздың қатынасы Кенесары тағдырынан ғана тұрмайды, қазақ пен қырғыздың біріккен қолы қалмақтарға талай рет тойтарыс берген. Әрине, әркім өз тарихын жетік білгені дұрыс, бірақ достық орнату үшін де екі жақтың салиқалы, байыпты көзқарасы керек. Қазір өткенді қазғанымен ол қайтып келмейді және сол қалпында да ешкімге пайда бермейді. Өзіңіз ай­тып кеткендей, Темір де, Тоқтамыс та, Едіге де, Баязит те – бұлардың барлығы да тарихта өз орны бар көрнекті тұлғалар. Дегенмен, та­рих тек патшалар мен батырлар өмірінен, саяси қақтығыстар мен соғыстардан тұрмайды. Әлеумет тарихы, экономика тарихы, халықтың күнделікті өмірін қамтитын тарих, ой-таным тарихы, мәдениет тарихы сияқты көптеген салалар бар. Бұларға үңілсек, бізді бөлетін жайт бір болса, біріктіретін, жақындастыратын жайттың да тоқсан тоғыз екенін байқаймыз. Әрине, мұнда түркі әлеміндегі тарихшылардың өзара пәтуаға келуі де маңызды. Мәселені жақсы көтеріп отырсыз. Туыс елдердің тарихшылары жиылып, ортақ уәжге, ортақ принципке келгені жөн. Біз ортақ тарих жа­затын болсақ, қандай кезеңдерге бөлеміз, қай тұлғаларды қамтимыз, оқиғаларға қалай баға береміз деген сияқты. Сондықтан, біздіңше, түркі әлемі тарихшылар қауымын құрудың мезгілі жеткен сияқты.

Әңгімелескен, Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + seven =