ДАРХАН МЕН МЕЙІРХАН

0 146

Елордалық егіздер Дархан мен Мейірхан Қазақ технология және бизнес университеті колледжінің 2-курс студенттері. Туризм саласының болашақ мамандары.

Егіздерді жатақхана коменданты Әмина апай арқылы сырттай танитынбыз. Ана бір жолы жатақханаға жолымыз түскенде екі ұлдың жібектей мінезі мен үлгілі тәртібін аузының суы құрып отырып әңгімелеп берген. Бұл жатақхананың өзге жатақханалардан айырмашылығы, бақандай бес жұп егіз тұрады. Бір қызығы, әншейінде қатал көрінетін комендант апай осы бес егіз жайында сөз қозғаса, жібіп сала береді. Жігіттерді іздеп барған бізді есік алдынан өзі күтіп алды. «Дархан – сабырлы, ұстамды. Мейірханның мінезі жайдары, үнемі күліп жүреді. Жатақханада екі жылдан бері тұрып келеді. Екеуінің бір де бір артық мінезін, оғаш қылығын байқаған жоқпын», дейді апай. Достарының айтуынша, екеуі де өте еңбекқор. Ата-анасына артық салмақ салмауды ойлаған олар сабақтан бос уақыттарында қаладағы «Сәтті» мейрамханасында даяшы болып қызмет етеді. Бұрындары туған-туыстарының, құрбы-құрдастарының айыра алмайтыны аздай, енді жаңа қызметтестері мен келген қонақтардың біраз бас қатыруларына тура келіп тұр. Мейрамхана жұмысының қағидасы бойынша әр даяшының өзіне тиесілі қонақ үстелі болады. Әдеттегідей жұмыс күні болатын. Өз шаруасымен жүрген Мейірханды көрші үстелдегілер көзімен тесіп барады. Ары өтсе де, бері өтсе де сыбыр-күбір әңгіме. Бір кезде шыдай алмай кеткен болуы керек, арасындағы біреуі атып тұрып «Әй, жігітім, сен өзі біздің тапсырысымызды қашан әкелесің? Бізді аттап ары өтесің, бері өтесің…» деп дауыс көтере сөйледі. Жағдайды бірден түсіне қойған бұл тапсырысты алған өзі емес екендігін айтып еді, әлгі жігіт ағасы: «Сен бізді жарты сағаттан астам күттіргенің аздай, енді мазақ етейін деп тұрсың ба?», деп тіпті, ашуына мінді.

Әлгінің оңайлықпен сөзге қонақ бермесін біліп, асханада жүрген Дарханды сүйрегендей болып алып келді. Судың қос тамшысындай екі даяшыны көргенде қонақтың өзі не дерін білмей, сасқанынан күле бергені.

Ұқсастықтың кейде пайдасы тиіп жататын тұсы да бар. Мәселен, әр оқу жылының басында студенттер медициналық тексеруден өтуі керек. Мұндайда дәрігердің қабылдауына екеуі бірдей барып, әуре болып жатпайды. Бірінің құжатымен екіншісі кіріп, медицина кітапшасының екеуіне де дәрігердің қолын қойдырып алып шығады. Алайда , бұған дейінгі егіз кейіпкерлеріміз секілді бұл екі жігіттің бірінің орнына бірі емтихан тапсырып, мұғалімдерді алдап-соққан кезі болмапты. Өйткені, мұғалімнің қулығы бұлардан да асып түссе керек, кез келген сынаққа екеуін қатар кіргізеді. Қатар отырғызып қойып сұрақ қояды. Алайда, үздік үлгерімінің арқасында мұндай сыннан сүрінген кездері жоқ. Егіз ұлдың ендігі арман- мақсаты, нағыз маман атанып, өмір сынынан сүрінбеу…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − 7 =