ДАРА ДАРАБОЗ

0 263

Елордадағы Ұлттық музейде баһадүр бабамыздың ту­ғанына 325 жыл толуына орай «Қолбасшы Қаракерей Қабанбай – қазақ халқының азаттық жолындағы ұлт күрескері» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Иә, «дарабоз» деген сөз екінің біріне айтылмайды. Тіпті, мың адамға… Тек миллиондардың ішінде топжарғандарға бұйырады. Көреген қолбасшы, даңқ­ты батыр Қаракерей Қабанбайды халқы­мыз «дарабоз» деп атаған. Ол жасынан ержүрек болып өсіп, өз заманындағы тарихи оқиғалардың бел ортасында жүрді. Әсіресе, бабамыздың ерлігі Түркістан, Бұланты, Аңырақай-Алакөл, Шыңғыстау және Ертіс бойындағы шайқастарда айрықша көрініп, Абылай ханның бас батырына айналды. Қабырғалы жазушы Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» деген тарихи роман жазды.

Әдеби кеште алдымен алып тұлғаның өмірі мен ерлік жолдарын баяндаған бейнебаян көрсетілді. Белгілі ғалым Өмірзақ Озғанбай көрнекті тұлға туралы ой сабақтады. Қарымды қаламгер, профессор Тұрсын Жұртбай алып тұлғаның ерен ерлігі мен өмірінен сөз қозғай келіп, оның жерленген жері жа­йында әңгімеледі. «Өзімнің пікірімше, батырды Арқада жерленген деп ойлаймын. Өйткені көп деректер соған сәйкес келеді. Арқада Байжігіт, Жанжігіт атты екі өзен қатар ағып, Терісаққанға құяды, Терісаққан Есілге құяды. Біздің Байжігіт жұрты 1916 жылға дейін «Үлкен үйге сәлем береміз. Бата аламыз» деп Ақмоладағы Қабанбай батыр моласына жыл сайын арнайы келіп, құран оқып тұрған. Бүгінде Байжігіт бабамыздың да бейіті табылды.

Сондай-ақ, осы өңірде арғындарға сіңген найман рулары кездеседі. Сол рудың кейбір азаматтары маған келіп жолықты. Жалпы, батырдың зираты туралы дерек көп. Кейбір мәлімет бойынша төрт жерді көрсетеді. Сол төртеуіне де жұртымыз бата жасап, құран оқытады» деп ой толғады. Осы пікірді батыр кесенесінің шырақшысы Камал Әбдірахман одан әрі өрбітіп, тарихшылар мен шежіре ұстаған қариялардың жазбаларынан мысалдар келтірді. Дарабоз жайында жазылған дастандарда айтылатын Арқадағы Есіл-Нұраның бойынан сөз қозғады. Батырдың сүйегі осында қойылғандығы туралы арғы-бергі мәліметтерді жайып салды. «Бабамыздың тікелей ұрпағы, фи­лология ғылымдарының докторы ­Болатжан Абылқасымов сонау 1979 жылы «Қаракерей Қабанбай батыр Арқада, Сарыбелде жерленген» деп жазған-ды. Өз басым нақ осы жылдардан бастап Хан Батыр туралы ­деректерге ­назар аудара бастадым. Болатжан­мен уни­верситетте қатар оқығанмын, іздеп барып «Ұрпағы мына жақта. Бабамыз ол жақта не етіп жатыр? Сенбеймін» деп дауласпақ та болғанмын. Марқұм «әлі-ақ көзің жетеді» деп еді. Міне, менің соған көзім жетті» деп сөзін түйіндеді. Ғалым Бақыт Еженханұлы ұлт күрескерінің қайраткерлік қырына тоқталды.

Сондай-ақ, шара барысында ба­тыр­дың ұрпақтары саналатын әй­гілі таэквондо шебері Мұстафа Өзтүрік, Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері Айдын Смағұлов, атақты балуан Шалқар Жоламанов, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Ислам туралы да айтылып, текпен дарыған ұрпақ жалғастығы үзілмегендігі дәріптелді. Әдеби кешке белгілі өнерпаздар қатысып, даңқты бабамызға арналған әндер мен күйлерді орындады.

Азамат   ҚҰСАЙЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − 3 =