Дара әншiнi дәрiптедi

0 134

Кеше елордада қазақ өнерiнiң қайталанбас тұлғасы – Күләш Байсейiтованың 100 жылдық мерейтойына арналған тағылымды кеш өттi.
Бұлбұл дауысты дарын иесi дала үнiн классика деңгейiне көтерiп, әлемдiк мәдениет есiгiн еркiн ашқандардың алғашқы сапында болды. Бар-жоғы жиырма төрт жасында Кеңес одағының халық әртiсi атанған әншi ғажайып қабiлет-қарымымен қазақтың жұлдызын жарқыратып кеттi.
Салтанатты жиын шымылдығы: «Ұлттық опера өнерiнiң қалыптасу тарихында есiмi алтын әрiптермен жазылған, халқымыздың бiртуар перзентiне арналған кеш – елдiң мәдени-рухани өмiрiндегi елеулi оқиға. Халық жүрегiнде әлди­ленген Күләш Байсейiтова әлем­дiк өнердiң шыңына еркiн шығып, елдiк бейнемiздi асқақтатып кеттi. Ол сомдаған Қыз Жiбектiң көр­кем бейнесi ұлттық музыка өне­рiнiң мақтанышы болып қала бер­мек. Қысқа ғұмырында ұрпаққа өшпес мұра қалдырған дара тұл­ғаның өнерiне тағзым ете отырып, оны насихаттауға мемлекет тара­пынан үлкен қолдау көрсетiлiп отыр», – деген Қазақстан Респуб­ликасының Мәдениет министрi Дархан Мыңбайдың құттықтау сөзiмен ашылды.
Күләш Байсейiтова қаз басқан қазақ сахна өнерiнiң шын мәнiнде тiрек тұлғасына, ұйытқысына ай­налды. Аз уақыт аясында Е.Бру­си­ловскийдiң «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Алтын астық», А.Зиль­бердiң «Бекет», А.Жұбанов пен Л.Хамидидiң «Абай», М.Тө­ле­баевтың «Бiржан-Сара», Д.Ж.Пуч­­­чи­нидiң «Чио-Чио-Сан» сияқты операларында басты вокалдық партияларды орында­ды. Әншiнiң болмысы өнерде сирек кездесетiн колора­туралық сопрано дауысы­мен ерекшеленiп тұратын. Сон­дықтан, Е.Бруси­лов­ский қазақ­тың тұңғыш «Қыз Жiбек» опера­сын Күләш Бай­сейi­товаға арнап жазған едi.
Кеш барысында елордадағы Ұлттық мұрағатқа қойылған 1000-нан астам құжаттың 180-ге тартасы көрерменге ұсынылды. Шағын көрмеге Күләш Бай­сейiтованың өмiрiнен сыр шер­тетiн жеке құжаттары, су­реттерi мен құнды жәдiгерлерi, әшекей бұйымдары қойылған. Бұлардың бiразы бұған дейiн апамыздың қыздары Қарлығаш пен Раушан Байсейiтовалардың қолдарында сақталған екен.
Кештiң соңы концертке ұласып, әншiнi ардақтап, құрмет көрсет­кен iзбасарлары, бүгiнгi қазақ операсының тарландары – КСРО халық әртiсi Әлiбек Дiнiшев, Қазақстан Республика­сының халық әртiсi Нұржамал Үсен­баева бастаған бiр топ сахна саң­лақтары өнер көрсеттi.

Серiкгүл СҰЛТАНҚАЖЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × one =