©2020 Астана Ақшамы
Данышпанды дәріптеу дәрісі
Абайтанушылар мен елордадағы зиялы қауым «Абайтану» орталығы және «Абай нұры» клубы» атты дөңгелек үстел отырысында бас қосты. Жиынға жастар да қатысып, данышпан еңбектерінің маңызы мен тәрбиелік құндылықтарын әңгімеледі.
Отырыста Қазақстан-Ресей университетінің атқарушы директоры, профессор – Әбдіғали Жандығұлов сөз сөйлеп, клубтың белсенді мүшелеріне ризашылығын білдірді. «Абай – телегей теңіз. Ол ешкімнің құшағына сыймайды. Ұлы Абайдың өзі жинаған шексіз мұрасы арқылы бүгінгі жастардың еліне, ұлтына деген рухани патриоттық сезімін ояту, қазақ этнографиясын жаңғырту мақсатында «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығын құрдық. Орталықтың Қазақстан-Ресей университеті жанынан ашылуының маңызы зор. Екі елдің арасындағы көптеген бағыттағы келісім-шарттар бірегей экономикалық кеңістік біздің рухани байланыстарымызды да бекітеді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәруар Қамаева Абайдың заманындағы дәстүр, Құнанбай бейнесі туралы кеңірек тоқталды.
«Абайтану» орталығының директоры Алмахан Мұхаметқалиқызы клуб мүшелері мен клуб жұмысының бағытын түсіндірді. «Кәусар» айдарымен ақындар бөлімі, «Руханият» айдарымен Абай тақырыбына қалам тербеп жүрген ғалымдар мен мәнерлеп оқу шеберлері бөлімі, «Саз сандық» айдарымен Абай әндерін орындаушылар мен дәстүрлі ән орындаушылар бөлімі жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, «Тұсаукесер» айдарымен «Абай нұры» клубының талантты жастарының шығармашылық кештері өткізіліп тұрмақ. «Қолтаңба» айдары бойынша белгілі қоғам қайраткерлерімен, танымал тұлғалармен, Абайтанушылармен кездесулер ұйымдастырылады екен.
Абайдың шығармашылық өнер мектебін қалыптастыруды басты мақсатқа қойған орталықтың бұл бастамасына жиналған жұртшылық ризашылығын білдірді.
Әсел
МҰРАТБЕКҚЫЗЫ