Данышпан жиған Шоқпарлар

0 161

Қазақтың көшпелі тұрмысындағы қару-жарақ түрлерінің бірі – шоқпар. Шоқпар – қол қаруы. Түркі халықтарында көне заманнан қолданылып келе жатқан соғыс қаруы. Сойылдан қысқа, бас жағы жұмыр болады. Шоқпарды ырғай, тобылғыдан жасағанда түбірін қоса қазып алады да, бас жағын жұмырлайды. Кейде шоқпардың басына қорғасын немесе темір құяды. Жасалуына қарай шоқпардың да бірнеше түрі болады.

Семейдегі Абай мұражайында ақын жинаған мұралардың ішінде қара шоқпар бар. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында «…Тақымындағы қара шоқпарын суырып ала бар жігітіне бұйрық беріп, «Ал, саспаңдар, көп те болса, қорықпай ұрыс. Таймай соқ» деп араласқан» деген жолдар бар (І том, 62-бет). Бұл арада халқымыздың қоғамдық құрылысы, кәсіби күн көрісі, ой-ұғымы үнемі өзгеріп, даму үстінде болатынын байқаймыз. Бірінен-бірі үлгі-өнеге ала отырып, бірінің өнерін бірі мұра тұтып, дамытып отырған қауым өз тұрмысының қажетін өтеу үшін ең алдымен қолмен жасалатын, оңай табылатын заттармен шұғылданды. Олар өздерін қоршаған тас, саз, ағаш, қурай сынды түрлі таб и ғ а т байлықтарын игерді. Тас пышақ, тас шоқпарлар мен сақпандар кейіннен аңшылық, мал өсірушілік дәуірі басталысымен малдың, аңның терілерімен қоса табиғат айлықтарын қатар ұстауды  үйренді. Қолөнерді қажетке жаратумен қатар, бедерлеу сияқты эстетикалық көркемдеу қоса дамыды. Мұндай тәжірибе нақты бір жүйені арқау етпесе де, уақыт өткен сайын олар жинақталып, екшеленіп, белгілі бір заңдылық ұғым туғызды. Қазақ қолөнерінің неше түрлі жаңа туындылары дүниеге келді.

Молшылық, көші-қон, жорықшылық заманындағы тұрмысты, аңшылықты сол заманның табиғатына сай пайдаланған қазақ халқының қол қаруларының бірі – шоқпардың зергерлік, ұсталық ағаш оюларында бірнеше түрі бар.

Жолаушылар мен жоқшыларға лайық қара шоқпар түрі көбінесе емен мен қызыл ағаштан жасалады. Түбірімен қазып алған ағашты өңдеп, иіп, сол иген қалпында тез қатыру үшін оны морға салып, балқытады. Мор дегеніміз – ұзынынан қазылған шұңқыр жерге қойдың қиын тұтатып, үстіне дымқыл көң, қи үйіп, бықсытып қана жаққан ыстық қоламта. Мор лапылдап тез жанып кетпеу үшін оның үстіңгі қабатына жылқының жас тезектерін майдалап салып, анда-санда тұншықтырып тастап отырады. Кептірілген ағашты морға балқытқан соң, оны ыстық күйінде тезге салып, сықауырынмен (ағашты қалыпқа салып түзейтін құрал) басып түзетеді. Немесе қажетті бейнеге келтіріп иеді. Иілген ағашты ырғаққа салып қатырады. Ырғақ – кірпіштен, тастан, не- месе жуан ағаштан керітіп жасалған қалып. Осындай өңдеуден өткен кез келген ағаш жарылып, сынып кетпей, қалыбын сақтайды.

Абай мұражайында сақталған шоқпарлардың ішінде жасалуына қарай әртүрлі шоқпарлар бар. Ағашты тамырымен қазып алып, табиғи тамырдың өзін шоқпардың бедеріне салған, түрі бөлек, ерекше шоқпар мұражайдың құнды экспонаттарының қатарына кейінгі жылдары қосылған. Бұл шоқпардан көлемі сәл үлкенірек, сырты былғарымен қапталған. Зергерлік өнердің тарихында сирек кездесетін жәдігерлердің қатарында гүрзі шоқпар да бар. Қазақ темір соғатын ұсталарды да, зергерлерді де «ұста» атаған. Ел арасындағы ұсталар мен халық шеберлері түрлі көркем жұмыстарды қарапайым әдіспен орындаған. Осындай қарапайым әдіспен жасалған гүрзі шоқпар – қол қарулары ішінде ауыр шоқпардың түрі. Оның басы мойыннан, темірден, қола, қорғасыннан құйылып жасалады. Сырты темірмен қапталған ағаш сапты ауыр гүрзі шоқпарды шайқаста қолдануға көп күш керек. Сондықтан салмақты гүрзіні аса қарулы, қайратты адамдар ұстаған. Батырлар мұндай шоқпарды иыққа қойып алып жүретінін бейнелеу өнері ескерткіштерінен жақсы білеміз. Соғыс, шайқас кезінде гүрзіні екі қолымен ұстап жұмсайды. Бұл шоқпар түрімен ат үстінде айқасуға үлкен шеберлік қажет. Гүрзі шоқпар да мұражайдың тарихи экспонаттарының қатарына соңғы жылдары қосылған.

Мұражай мұрағаттарының бірінен саналатын шоқпардың тағы бір түрі – дойыр қамшы тектес қол шоқпар. Жұмыр ағашты домалақ формаға келтіріп, сыртын әшекейлеп, оны қамшының сабынан сәл жуанырақ ағашқа қайыс арқылы жалғаған. Ат үстінде алып жүргенге өте ыңғайлы. Бұл қару түрін «сақпан» деп аталатын қамшы түріне жатқызады. Кейде «бос мойын шоқпар» деп те атаған. Осы сияқты қазақ этнографиясына кейіннен қосылып жатқан жаңа туындылар мен тың дүниелер халық даналарының тек бір істің төңірегінде ғана шектеліп қалмағанының айғағы болса керек. Шеберлік өнер шығармаларына тың жаңалық енгізген табиғаттың өзі берген дарындар халық мұрасын заманына қарай жаңартып, жасартып отырған. Елінің қамын ойлаған шеберлер – елін сүйген ерлерді маңдайлы батыр, таңдайлы шешен, еліне пана, жеріне тұлға ұл-қыздарының үлгілі істерін зергерлік өнерде бейнелеп, мұра етіп қалдыра білген.

Алмахан Мұхаметқалиқызы,

Қазақстан-Ресей университеті Абайтану ғылыми-танымдық орталығының директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 1 =