ДАНИЯ ЕЛІМЕН ТӘЖІРИБЕ АЛМАСАДЫ

0 122

Елорда әкімдігінде қаланың тіршілігін қамтамасыз етуші мекемелер басшылары Дания Корольдігі делегациясымен кездесті. Қос тарап «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің қарсаңында энергетика, жылу және сумен жабдықтау саласында ынтымақтастық орнату жайын талқылады.

????????????????????????????????????

Құрметті қонақтарға ілтипат танытқан Астана қаласы Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Закарьянов ЭКСПО-ның алдында ұйымдастырылған мұндай басқосулар оң өзгерістерге бастайтынын айтты.

– Дат елінің өкілдерімен бүгінгі кездесуіміз жылу, энергетика, коммуналдық шаруашылық шеңберінде тәжірибе алмасуға бағытталып отыр. Бұл мемлекеттің экономикасы машина жасау өнімдерін экспорттаумен танымал. Өнімдері жетекші салаларда қолданылады. Бүгін біз энергия үнемдеу, жылумен және сумен жабдықтау бойынша заманауи инновациялық технологиялармен танысып жатырмыз. Халықаралық шара барысында қолға алынып жатқан бұл бағдарлама шаһар халқының тұрмыс сапасын жақсартуды көздейді. Бастамада көрмеден кейін де қаладағы аталмыш жүйені жаңғырту қарастырылады, – деді ол.

Делегацияны елордаға Дания Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Томас Винклер бастап келді.

– Біздің ел туралы оң пікірлеріңіз үшін қуаныштымын. Мен Астанаға бірінші рет келіп тұрған жоқпын. Биыл сәуір айында бұл шаһарға табанымыз тиген. Біз енді осы қалада өз күшімізді жабдықтау, энергиялық тиімділік, қуат үнемдеу секторында сынап көрмекпіз. Ынтымақтастықтың артып, келісімнің орнауы екі жақ үшін маңызды. Қазір Астананың қарқынды дамып келе жатқанын байқадым. Аталған салаларда біздің өңірдің тәжірибесі сіздерге септігін тигізеді деп ойлаймын. Қазіргі қоғамда су мен жылудың бағасы арзан әрі тиімді болғаны қажет. Инновациялық технологиялардың игілігін көру үшін бірлесе жұмыстар атқаруымыз жақсы бастама болар еді. Біздің өңірде аталған секторлардың қалай дамығаны туралы бүгін сіздерге егжей-тегжейлі айтып береміз, – деді Дат елінің елшісі.

Өндірісте және жоғары технологияларды енгізуде бай тәжірибесі бар Данияның жетекші компаниялары өздерінің жұмыстары жөнінде әңгімеледі. Компания өкілдері елдерінде жылумен қамтамасыз ету инфрақұрылымы әбден қалыптасқанын айта келіп, Копенгагендегі Жылу энергия орталықтарының жүйесін тәптіштеп таныстырды. Сондай-ақ, олар Астанада жазда күннің ыстық болатынын еске салып, инновациялық технологиялардың салқындатуды да атқаруға қауқарлы екенін жеткізді.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 2 =