ДАҢҚ

0 229

20aadfaa53a6ac9938bb24bda464a982

БАРЛЫБАЙ АТАНЫҢ БАТАСЫ

Былтыр жаздың күзге ауысар шағында Балалар және жасөспірімдердің орталық кітапханасында Курск иініндегі шайқасқа 70 жыл толуына орай дөңгелек үстел өткен еді. Қалалық Ардагерлер кеңесі, Қорғаныс істері жөніндегі департамент және Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жан алып, жан беріскен бұл айқасқа қатысқан майдангерлерді жинап, оларға үлкен құрмет көрсетті. Курскіні қорғаған ата-әжелеріміздің біразы сол шараға келген. Сол кезде олардың Астанадағы жалпы саны 31 адам екенін де білдік.

Қазір бұл санды қайталай алмаймыз. Пенде атаулының жасы мен жынысына қарамайтын мейірімсіз ажал майдангерлердің қатарын да күннен күнге селдіретіп жатыр. Курск батырларын да аямады. Жақында былтырғы дөңгелек үстел басында отырып, сұрапыл соғыс естеліктерімен бөліскен Қаматай Тоқабаевты арамыздан жұлып әкетті. Марқұмның рухы пейіште шалқысын. Біздің еншімізге енді оның майдандас досы, Алла жазса, жеңіс әкелген мамыр айында 90 жасқа толатын Барлыбай Тәбешұлы туралы жазу тиіп тұр.

Халқымызда «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген сөз бар. Курск иініндегі шайқас қырық жылға созылмаса да, қырық тоғыз күн жүрді. Қанды қасапты бастан кешкен 2 млн жауынгердің арасында қазақстандықтар да аз болмады. Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің құжаттары негізінде осыдан жиырма жыл бұрын жарық көрген «Еске алу кітабында» бұл шайқаста 213 ақмолалық жауынгер қаза тауып, із-түссіз жоғалғаны жазылған.

Тіптен, 1941 жылдың 15 желтоқсанында Ақмолада 459-шы атқыштар дивизиясы жасақталған. Бұл дивизия Сталинград үшін шайқаста ерен ерлік көрсетіп, 1943 жылдың 1 наурызында 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы атауын алған. Курск иініндегі шайқаста жеңіп, Кеңес әскерінің алға жылжуына осы дивизия солдаттары да үлкен үлес қосты. Ресейдің Волгоград қаласынан әкелінген аталмыш дивизия Туының көшірмесі бүгіндері Астанада сақтаулы.

Барлыбай Тәбешұлы да сол солдаттардың қатарында болды. Ақсақалдың өзі сол күндерді былай еске алады: «1943 жылы Петропавлдағы артиллериялық көздеуші курсынан өткеннен кейін мені Курск майданына жіберді. Содан Қорған, Челябіні басып отырып, Курскіге келдік. Сөйтсек, фашистер Сталинградтен кейін бар күшін сол қалаға салған екен. Мені сол соғыста артиллерияға көздеуші қылып қойды. Курскі маңындағы Белгород – Орел бағытында жаумен арпалыстық. Расчетте үш кісіміз. Мен жаудың обьектілерін дүрбімен қарап тұрамындағы, снаряд жаудыртамын. Снарядты нағыз қажетті жерге түсіре алсақ, түсірдік, түсіре алмасақ қайтадан атқылаймыз. Қасымдағы серіктерім жараланып, ауысып отырды. Мен бір рет аяғымнан жараланып, госпитальда жатып шықтым. Жазылып шыққаннан кейін қайтадан майданға оралып, Курскінің нағыз өзінде сентябрьге дейін болдым. Сол айда фашистердің беті қайтып, кейін қаша бастады. Біз оларды Харковьке қарай қудық. 6 сентябрь күні Киевті алғаннан кейін алға жылдам жылжи бастадық. Ақырында Германия жерінен бірақ шықтық қой…

Мен Коневтің 1-ші Украин армиясының қатарында Берлиннің түбіне шейін бардым. Ал, соғыстың ең қиын шағы Курск иінінде болды. Онда біз еш тыным алған жоқпыз. Траншеяда жатып, жаудың танкілері мен самолеттеріне қарсы соғыстық. Сол кезде есімде қалғаны: біздің Рыбалконың танкішілер полкі жауға жақсы тойтарыс берді…

Жастық шығар, бізде ешқандай қорқыныш болған жоқ, бар күшімізді фашистерге қарсы жұмсауға тырыстық. Ақыры Курскіде жеңіп шықтық қой». Ақсақал естелігін осылай аяқтады.

Барлыбай Тәбешұлынан тағы білгеніміз, ол соғыстан кейін университеттің физика-математика және химия-биология факультеттерін бітіріп, өмірінің 50 жылын мектептегі ұлағатты ұстаздыққа арнады. Осыны ескеріп, жастарға өнеге болатын бата беруін сұрадық. «Жастарға ең бірінші айтатыным: қазіргі жағдайымызды бағалап, бірлікті сақтаңдар. Қазақстанымыздың өрлей беруіне аянбай тер төгіңдер, патриоттық сезімдерің жоғары болсын». Ендеше, майдангер атамыздың айтқанын орындайық.

 

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Ыбыраш Құлманов     Ыбыраш ҚҰЛМАНОВ

КУРСК ШАЙҚАСЫНЫҢ КУӘГЕРІ

Сонау сұрапыл жылдарда Отан үшін от кешкен батырлардың бірі – Ыбыраш Құлманов. Тіліміз тимесін, биыл 94 жасқа толып отырған қарияның жүріс-тұрысы әлі де сергек. «Газеттенбіз, сіз туралы жазбақшымыз» дегеніміз сол еді, ертеңінде өзі туралы ақпаратты әдемілеп қағазға түсіріп қойыпты.

«Жағдайым жаман емес. Ептеп жүріп жатырмыз. Бірақ соңғы жылдары қан қысымым көтерілетін болды. Дегенмен де өзім жүріп-тұруға әзір қауқарым бар» деп қояды қария. Ыбыраш ақсақал 1942 жылы ел басына күн туған шақта өз еркімен майданға аттаныпты. – Өзім сияқты жап-жас жігіттер сол жылы Саратов облысы, Ертышев қаласындағы ауыр артиллерия полкіне бөлінді. 1942 жылдың 19 қарашасында Сталинградта немістерге қарсы шабуылға шықтық. Небір кескілескен шайқасты көрдік, талай үзеңгілестерімнің қанға бөгіп жатқанын көрдім… Ақсақал сәл үзілістен кейін әңгімесін әрі қарай жалғады: – Мен 1942 жылдың жазында ұйымдасқан №5 ауыр артиллерия дивизиясының №27 минометшілер бригадасындағы №257 полкте көздеуші болдым. 1943 жылдың қараша айына дейін сонда қызмет еттім. Одан кейін әйгілі Курск иініндегі ұрыстарға қатыстық. Осы атышулы шайқаста бөлімдерімізбен жаппай шабуылға шығып, жеңіске қол жеткіздік, – дейді қария отты жылдарды еске алып. Қарсы келген жауға қасқая шыққан ержүрек азамат талай майданды артқа тастапты. 1944 жылдың мамыр айында дивизиясымен бірге, Ленинград майданында шайқасқан ол 1 маусымдағы Финляндияға қарсы шабуылда жарақат алып әскери госпитальға түседі. Аурухана төсегінде бес ай бойы таңылып жатқан Ыбыраш Құлманов жазылып шыққаннан кейін тағы да соғыс даласына аттанады. Сол кеткеннен мол кетіп, тек 1947 жылдың сәуір айында әскерден бір-ақ босайды. – 1945 жылы наурыз айында бізді пойызға тиеп, Румынияға апарып түсірді. Сосын Венгрия, Чехославакия, Австрияда соғыстық. Мен ол кезде 4-ші танк армиясының құрамындағы 100 мм-лік №37ші танкке қарсы және қашыққа атылатын артиллериялық полктің барлау­шысы едім. Біз «Жеңіске жеттік!» деген қуанышты хабарды Прагага 50 шақырымдай қалғанда естідік. Қуанғанымыздан есіміз шығып, бір-бірімізді құшақтап, жерге жата-жата кеттік, – дейді қария. Ыбыраш Құлманов соғыс аяқталғаннан кейін бірден еліне қайтқан жоқ. Алғашында Венгрия­да біраз тұрып, кейін Берлинге жіберілген. Тек 1947 жылы туған еліне оралған ол бұрынғы пошташы қызметіне қайта оралып, кейін Қызылорда педучилищесін, сосын пединститутты сырттай оқып бітіреді. Бұдан кейін 42 жыл бойы мұғалім болып жұмыс істейді. 1949 жылы Зылиха апамызбен шаңырақ көтерген ақсақал 8 бала сүйді. Бүгінде немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған қос қарияның бас қосқандарына 66 жыл толыпты. Талай қан қасапты басынан өткерген ақсақалдың ерлікке толы өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге. Қарияның айтуынша, әр азамат тәуелсіздіктің және бейбіт заманның қадіріне жете білуі керек. Әр өскелең ұрпақ өзінің ұлттық тіліне, діліне құрметпен қарап, туған жері мен елін құрметтей білсе, мемлекетіміздің де келешегі баянды болмақ.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Нүриден ата (1)

Нүриден ЖИҒАНШАҰЛЫ    

ОН СЕГІЗДЕ ОТ КЕШТІМ

Мен 1926 жылы 3 наурызда дүниеге келгенмін. Біздің балалығымыз бен жастығымыз қиын кезеңдерде өтті. Елді жайлаған ашаршылық талай үйдің түтінін өшіріп, 37-нің зұлматынан халық ес жиып үлгермей, Ұлы Отан соғысының оты бұрқ етті.

Сөйтіп, 1944 жылы 18 жасымда майданға аттандым. Атақты генерал Чуйков басқарған армияда алдымен минометші, одан кейін пулеметші болдым. Дрезден, Бухарест қалалары үшін болған қиян-кескі ұрыстарға қатыстым. Жаудан бұғып қалған жерім жоқ. Бухаресте жасаған ерлігім турасында әскери «Гвардеец» газетінде жазылды. Қан кешкен, миллиондардың демін тауысқан соғысты аяқтап, елге тек 1949 жылы оралдым. Отан соғысы орденімен, 13 медальмен, Бас қолбасшы Сталиннің алғыс хатымен марапатталдым. Бүгінгі бейбіт заманда, азат елімнің төрінде 61 жыл отасқан жұбайыммен 5 ұл, 3 қыз өсіріп, 24 немере, 14 шөберенің қызығына бөленіп отырғаныма шүкіршілік етемін. Аспаннан оқ қарша бораған, оқ-дәрінің иісі қолқаны қапқан майдан даласында жүргенде осы күндерді көремін деп кім ойлаған?! Қаншама жылдар өтсе де соғыс естен шықпайды…

Нүриден ЖИҒАНШАҰЛЫ, соғыс ардагері

IMG_8854     Имәт СҮНТАЕВ

«СОҒЫСТАҒЫ СЕРІКТЕРІМДІ САҒЫНАМЫН...»

Елді аштық жайлаған кезең. Бала Имәт анасымен бірге бидай масағын жинау үшін егістікке бет алады. Кенет табиғат тосын мінез танытады. Ертіс өзенінің мұзы еріп, сең жүре бастайды. Ана мен бала өзеннің арғы бетіне әупірімдеп жүріп өтеді. Әрмен қарай жүруге дәрмен жоқ. Бәтима ана үстіндегі тонын баласына кигізіп, ауылдың шетіне ұзатып жібереді. Өзі сол жерде шаршап қалып қояды. Тоғыз жасар Имәт бір ауылдың шетіне келіп, есінен танып құлайды. Үлкендердің айтуынша, баланы Мақым деген аңшы тауып алған екен. Кейіннен шешесінің жапан далада өлгенін естігенде, бала жүрегі алғаш рет шын жылаған еді.

Міне, тағдырдың ауыртпалығын жас­тайынан тартқан бала Имәт 14 жасқа толғанда елмен бірге еңбекке араласады. Көп ұзамай, 1942 жылдың мамырында майданға шақырылды. Алты айлық әскери дайындықтан өткеннен кейін Сталинград түбіндегі шайқасқа жіберілген. Кезекті ұрыстың бірінде ауыр жарақат алған жас жігіт төрт ай госпитальда емделеді. Тәуір болғаннан кейін үшінші Украин майданына қайта аттанады. 79-танк бригадасында соғыса жүріп, ептілігімен көзге түскен Имәт мотоатқыштар батальонының командиріне дейін көтеріледі. Өкінішке қарай, 1943 жылдың қазан айында Николаевка қаласын азат ету кезінде екінші рет жараланып, екінші топтағы мүгедек болып қалады. Осылайша, 1944 жылы елге оралған. Имәт Сүнтаев елге келгеннен кейін еңбекке қызу араласты. Павлодар облысы, Ақтоғай ауданындағы колхозда есепші, партия ұйымының хатшысы, аудандық өндірістік комбинаттың директоры қызметтерін атқарған. Еңбек жолында түрлі жетістіктерге жеткен Имәт Сүнтаев 1958 жылы аудан орталығындағы жол-эксплуатациялық бөлімді басқарады. Қала мен ауданды байланыстыратын автомобиль жолының төселеуіне ықпал етіп, жұмысты жандандыруға бар күшін жұмсаған. Ауылдас­тары әлі күнге дейін алғысын айтады. Бүгінде астаналық қария атанған Имәт ата 92 жасқа келді. Кеудесіне бірнеше медаль таққан. Аяулы жары Күмсән апамен отасқандарына – 69 жыл. Сегіз ұл-қыздан 28 немере, 10 шөбере сүйіп отырған үлкен шаңырақ иесі. Өзінің әңгімесінде майдандас достары Балтабай Басаров, Александар Харитонов, Александр Аксеновтерді әлі күнге дейін ерекше ықыласпен сағынатынын айтады. «Сұм соғыс талай отбасына қара жамылтты. Әкесінен, бауырынан айырылғандар қаншама?! Бүгінгі күнімізге шүкіршілік айтайық. Әлемде бейбітшілік, елде тыныштық болсын. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан Қазақстанда сәбилердің шат күлкісі бұзылмасын» дейді ардақты қария.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Темиргали ата

Темірғали ӘДІЛБЕКОВ   

ЖОРЫҚТЫ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Ел басына күн туған сол бір сұрапыл жылдарда неміс басқыншыларына қарсы қолдарына қару алып, майданға аттанған мыңдаған қазақ жауынгерлерінің арасында ақмолалық Темірғали Әділбеков те бар еді. 1923 жылдың 1 мамырында Целиноград облысына қарасты Вишневка ауданының Қойгелді ауылында дүниеге келген қария 1941 жылы әскери комиссариатқа шақырылып, небәрі 18 жасында майданға жіберіледі.

Ол от пен оқтың ортасында ел үшін, бүгінгі жарқын болашақ үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, жаумен аянбай шайқасады. 1942 жылы 15 мамырда Қызыл әскер қатарына қабылданған Темірғали 136-атқыштар дивизиясында қызмет атқарған. Бірнеше әскери операцияға қатысқан қазақ жауынгері, 1942 жылы Брянск, 1943 жылы Орел-Курск иініндегі шайқастарға қатысып, өмір мен өлім арпалысқан аласапыран күндердің бірінде ауыр жарақаттанады. 1944-1945 жылдар аралығында Алматы офицерлер мектебінің курсанты атанған Темірғали ақсақал бейбіт күнде де бар күш-жігерін құқық бұзушылықпен күреске жұмсаған. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1945 жылы Ақмола облыстық Ішкі істкер басқармасына Есіл аудандық бөлімшесінің арнайы комендатура коменданты ретінде бастаған. Жауапкершілігі мол бұл жұмысқа ғұмырының 33 жылын арнаған ардагер абыройлы қызмет атқарып, милиция подполковнигі шеніне ие болады. Атаның кеудесіндегі орден-медальдар майдангердің ерлік жолдарының айқын айғағындай. «1977 жылы наурыз айында Мәскеуге әр облыстан үздік қызметкерлерді алдырып марапаттады. Мен Целиноградтан алғашқы болып бардым. Онда министр алғыс жариялап, естелік ретінде «Полет» сағатын білегіме тақты. Сағаттың сыртында «Март, 1977 жыл. Адильбекову. Т. МВД. СССР» деген жазу болатын. Кейін Ресейдің «Лучшие люди» деген халықаралық энциклопедиясына енгізілдім», – деп ата сағынышпен еске алады. Зейнеткерлікке Ақмола облыстық ІІБ Вишневка аудандық ІІБ-нің медициналық айықтырғыштың бастығы лауазымында шыққан Темірғали ақсақалдың сұрапыл соғыс пен бейбіт күндегі жүріп өткен жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге, үлгі. Бүгінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып отырған ақсақал тоғыз баладан өрбіген он немере мен бес шөберенің қуанышын қызықтауда.

Еркежан СӘТІМБЕК

war1

 

 

 

 

 

Төкен КҮЗЕМБАЙҰЛЫ

АЛТЫ РЕТ АЖАЛ АУЗЫНАН ҚАЛҒАН

Өрімдей талай жастың өмірін қиған сұм соғыстың зардабын Төкен Күзембайұлы да аз тартқан жоқ. Өзімен қатар Павлодар облысына қарасты Шарбақты ауылынан аттанған қанды көйлек достарының бәрі қан майданда ерлікпен қаза тапты. Жағасындай болған үш ағасы Ленинград түбінде жатыр. Қос нағашысы мен жиені де көз жұмды. Өзі де 6 рет жараланып, өлім аузынан қалды.

Төкен Күзембайұлы соғыс даласына аттанғанда әлі 18 жасқа да тола қоймаған бозбала еді. «1942 жылдың қараша айында Воронежге келдік. Мен бірден пулеметші болдым.  Содан соғыс біткенше шайқастық қой» дейді Төкен ақсақал өткенді еске алып.

Нар тұлғалы, еңгезердей қазақ жігіті ауыр қаруды шүлдік құрлы көрмей, асынып жүретін. Ұрыс даласында жаумен жан аямай айқасқан ол алғаш рет Воронежде жараланады. Дұшпанның оғы  аяғының етін жұлып әкетіпті. Қайта сүйегіне тимей, сүйкей өткен екен. Жарасы тез жазылды. Майдан даласына қайта оралған ол өзіндей әскерлермен бірге Украинаға жетті. Кейін Польша, Чехославакияда соғысты. «Германия шекарасына жақын Одра өзенінің тұсындағы шабуыл кезінде жаудың оғы оң қолымды жұлып әкетті.  Алайда «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» екен. Омыртқама да оқ тиді. Әйтеуір, аман-есен бүгінгі бейбіт заманға жеттік. Мұндай бақытты күнді көре алмай талай боздақ кетті. Дүниежүзін қасіреттен теңселткен мұндай қанды қасапты енді ешкімнің басына бермесін. Біз үшін «жеңіс» деген  – киелі сөз. Бүгінгі ұрпақ  бейбіт күннің қадірін біліп, елін, жерін сүйе білсін» дейді Төкен ата.

Майдан даласынан еліне екінші топтағы мүгедек болып оралған Төкен Күзембайұлы бірден еңбекке араласып кетеді.  Соғыстан кейінгі қиын кезеңдерде колхоз партия ұйымының жетекшісі,  қой фермасының меңгерушісі сынды шаруашылық жұмыстарды абыроймен атқарады. Мәрия әжемізбен бірге 8 бала тәрбиелеп өсірген Төкен ақсақал балаларын да еңбекқор болуға баулыды. Оларды ел қатарынан қалдырмай, әрқайсысының білімді азамат болып өсуіне жағдай жасады. Қазір Төкен ақсақалдан өрбіген ұрпақ бір-бір шаңырақтың иесі. Әрқайсысы әртүрлі салада еңбек етіп жүр.

Биыл Төкен Күзембайұлы 90 жасқа толды. Әлі де тың, сергек. Өткен өмірінің естеліктерін айту арқылы немерелері мен шөберелерін Отанды сүюге шақырып, олардың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруден жалыққан емес.

 

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

warБақтыбай АЛМАБЕКОВ

ЖЕҢІСТІ ЖАПОН ЖЕРІНДЕ ҚАРСЫ АЛДЫ

Жеңіске жету жолында қазақ жауынгерлері қан майданда барын салып, Отан үшін от кешті. Талай қазақ баласы батыр атанып, ел жадында жатталды. Сонау 1943 жылы 16 жасында Бақтыбай Алмабеков те әскер қатарына алынған еді.  Взвод командирі бола жүріп, от пен оқтың ортасында елін қорғады.

Ішкі Монғолияны жапондардан азат етуге қатысты. Сол кезде Үлкен және Кіші Хинган тауларынан асып, Жапон және Каранор қамалдарын алуға қатысқаны әлі есінде. Сол бекіністерді алған кезде соғыс бітті деген хабар келеді.  Жиырма бесінші механикаландырылған бригадада жүріп, тұтқынға алған жапондарды Қиыр Шығысқа, Чита қаласына жеткізді. 1945 жылдың үшінші қыркүйегінде елге оралып,  кейін курсант, №48 бөлімшенің командирі болды.

«Соғыстың аты соғыс қой. Отан алдындағы парызымызды қалтқысыз орындау үшін жауға есемізді жібермеуді ойладық. Сол кезде қаншама қазақ жауынгерлері тамаша ерліктің, шыдамдылық пен қажырлылықтың үлгісін көрсетті»  деп еске алады соғыс ардагері.

Қан майданның жорықты жолдарынан аман-есен елге оралған Бақтыбай ата соғыс басталғанға дейін өзі оқыған Еңбекшіқазақ ауданындағы кіші мамандардың агромектебін  одан әрі жалғастыруға кіріседі. Оқуын ойдағыдай аяқтап, алғашқы еңбек жолын өзі туып-өскен сол Қаракемер ауылында агроном болып бастайды. Содан тың және тыңайған жерлерді игеру басталған шақта комсомолдық тапсырмамен Ақмола облысына келіп, Красно­знамен ауданында отыз екі жыл ауыл шаруашылығын дамыту ісіне өзінің елеулі үлесін қосқан қария құрметті демалысқа шыққаннан кейін  елордасы Астанаға көшіп келіп, баспаналы болады.

Бүгінде қосағы Базкен Сәрсекейқызы екеуі ұл-қыз өсіріп, он бес немере, жеті шөберенің қуанышын қызықтап отыр.

Бақытты заманға жету жолында өлім мен өмір ортасында жүріп, неміс фашистеріне қарсы ерлікпен шайқасқан, жауынгерлердің Отан қорғау жолындағы қаһармандық ерліктері ешқашан ұмтылмақ емес. Туған жер үшін жанын құрбан етіп, кеудесін оққа төсеген майдангер ардагерлер арамызда әлі де көп жасап, жүре берсін дейміз.

Еркежан СӘТІМБЕК

 

e99481aecf9e809c93b987c88eb1f95e

Шәріпбай ата

БЕЛОРУССИЯДАН БЕРЛИНГЕ ДЕЙІН...

Тоқсанның төріне таяса да тектілігін жоғалтпаған. Еңсегей бойлы ердің өзі. Екі иығын тіп-тік ұстаған күйі еркін жүреді, ширақ қимылдайды. Кеудесінде жарқыраған орден-медальдарына қарап, Ұлы Отан соғысының ардагері екенін танисыз.

…1943 жылдың 14 қаңтары күні үйден ұзап шықтым, – деп бастады әңгімесін Шәріпбай ата. – Ташкенттен шыққан пойыз Қиыр Шығысқа алып барды. Сол жақта Свободный деген әскери қалашық бар екен. Мұнда қырық күн аялдап, шекарадағы атты әскерге барып қосылдық. Біраз уақыттан кейін он сегіз жастағы жігіттерді Мәскеу маңында орын тепкен артиллериялық-әскери училищеге оқытуға алып қалды. Қып-қызыл ұрысқа осы жерден аттандық. Мен оқыған оқу орнынан майдан даласына аттанған жауынгерлердің талайы батыр атанды.

Иә, жас сарбаз ең алғаш қаруын Белоруссияның батысындағы Висла өзенінің жағасында болған соғыста жауына қарсы кезеніп еді. Алғашқы оғын осында атып, дұшпан көзін құрта бастаған ол атақты Жуковтың қолбасшылығындағы майданда соғысады. 189-бригадада барлаушы болады. Соғыстың ақырына дейін осылай алғы шептен таймаған екен.

«Қолымнан дүрбі, иығымнан қару түспейтін еді. Жау қай шепте, қай жерде зеңбірек атылды, қай тұстан мылтық даусы естілді, дұшпанның ойы қандай, бәрін бақылаумен болдым» дейді сұрапыл өрт жылдарын есіне алған ақсақал. Шалт қимылы мен зеректігінің арқасы болар, майдангердің бір жері майып болмаған екен. Өзі үш-ақ сынып бітіргенін, алайда, карта мен компас­ты жетік меңгергенін айтады.

Шәріпбай атадан майдан даласындағы қазақтар жайында сұраған едік. «Алғаш соғысқа аттанғанда қандастарым көп еді. Бірақ, кейін бәрімізді бөліп тастады. Мұның себебін кейін білдім ғой, он қазақ бірге соғысса, бірі өліп қалған жағдайда қалғанының бәрі соны аза тұтып, жаназасын шығарамыз деп, күштерін әлсіретіп алады екен. Содан кейін әскери басшылық кілең қазақты бір бригадада қалдырмайды. Біз жеті жүзге тарта солдаттың ішінде үш-ақ мұсылман едік. Бірі – Жиенбаев деген Алматының қазағы, бір ауыз қазақшасы жоқ-тын, орысша сөйлейтін. Екіншісі – Самарқанның тәжігі. Үшеуміз де соғыстың соңына дейін бірге болдық» дейді.

…Кейіпкеріміздің жасағы Жеңіс күнін Берлиннің іргесіндегі қарағайлы орманда қарсы алады. Бірақ, Шәріпбай үшін қуаныш көпке созылмады. Ол Германияда қалып, тағы төрт жылын өткізді. Дұшпандарды жөнге салып, 1949 жылдың көктемінде оралады туған жерге.

«Жүрегім алып-ұшып, шаңырағыма келгенде, үлкен қайғының үстінен түстім. Әкем де, анам да қайтпас сапарға аттаныпты» деп әлдебір жаққа жанарын қадады қария. Соғыстан қайтқан солдат бұл отбасының жалғыз тұяғы еді. Жанына батқаны, әкесі Төлеп ұлының артынан жыл салып, майдан даласына шақырылған. Көп ұзамай жарынан келген қара қағаздың қайғысын көтере алмай, анасы өткен өмірден.

«Уақыт – емші» ғой. Жас жауынгердің өзі үйленді, отау тікті. Ұл өсірді, қыз тәрбиеледі. «Жиырма бес немерем бар» деп мақтанады қазір. Қарияның соғыстан оралған – 24 сәуір күнін ұл-қыздары, немерелері қуанышпен атап өтуді дәстүрге айналдырған.

 

Асхат РАЙҚҰЛ

Бек2222

Асылхан БЕКБАЕВ

МАЙДАН ДАЛАСЫНДАҒЫ МАХАББАТ

Ұлы Отан соғысының ардагері Асылхан Бекбаевтың өнегелі ғұмыры бір емес, бірнеше шығармаға арқау боларлықтай. Оның Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Әзілхан Нұршайықов, Сәбит Мұқанов, Бауыржан Момышұлы сынды ұлтымыздың заңғар тұлғаларымен кездескен сәттерінің өзінен бір кітап шығаруға болады.

Қазаққа ұлы Абайды танытқан жазушы да, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті де, ұлттық археология негізін қалаушы ғалым да, «Махаббат қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» сияқты әдебиетіміздегі теңдесіз шығармалардың авторы да кезінде тарихы жүз жылдан асатын Мұхтар Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінде оқыған. Ал, Асылхан ата бұл оқу орнының директоры қызметін ширек ғасыр атқарған. Әрине, аталған тұлғалар Семейге келгенде өздерін білім нәрімен сусындатқан ордаға соқпай кетпейтін. Сол кезде Асылхан Табылдыұлы бастаған ұжым оларды бар құрметімен қарсы алатын.

Семей топырағын басқан Сәбең мен Баукең де байырғы оқу орнын кие тұтып, кіріп шықпауды өздеріне ар санаған. Асекең Семейде тек оларды қарсы алып қоймай, Алматыға барғанда кейбіреуінің үйінде қонақта болған. Әлкей Хақанұлымен оның 8 март көшесіндегі пәтерінде ұзақ әңгімелескені есінде. Мұхтар Омарханұлы о дүниелік болғанда топырақ салған көптеген адамдардың бірі де – Асылхан Бекбаев. Осылардың барлығын көркем тілмен кестелей алсақ, тамаша болар еді. Қолымызға түскен семейлік қаламгер Қабдысләм Тортайұлының «Асылхан – Татьяна» деректі хикаятынан соған талпыныс та байқалады. Алайда, шығарманың атауы айтып тұрғандай, мұнда негізінен Асылхан мен жары Татьяна арасындағы махаббат, бір отбасының өзгелерге үлгі боларлықтай өмірі баяндалады. Олардың тағдырын тоғыстырған да соғыс болатын…

Асылхан Бекбаев әскер қатарына 1942 шақырылып, Ленинградтан Петропавл қаласына көшірілген авиамектепке қабылданады. Оны ойдағыдай бітіріп, механик мамандығын алған соң 6-гвардиялық әуе дивизиясының құрамында Бобруйск қаласында тұрған авиаполкке жіберіледі. Осы жерде ПЭ-2  аталатын бомбылау ұшақтарының моторын жөндеу, қарау, тексеру, техникалық күту жұмыстарын жүргізді. Жақсы жұмысы үшін кейде командирлері оған қаланы аралауға рұқсат ететін. Мұндай кезде әскери клубта немесе қаладағы мәдениет үйінде өтетін сауық кештеріне баратын. Сондай кештердің бірінде ғой қазақ жігіті мен белорус қызының көздері шарпысып, арты үлкен сезімге ұласқаны.

Ақыры екі жас 1946 жылы отбасын құрып, 58 жыл бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүрді. Дүниеге 5 перзент әкелді. Татьяна әжей қазаққа жақсы келін болып, аз уақыттың ішінде қазақ тілін меңгерді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында алтын тойларына байланысты екеуі Семейдегі мешітке барып, некелерін де қидырған. Осыдан-ақ, Татьяна әжей бар болмысымен мұсылманшылықты қабылдағаны көрініп тұр.

Әттең, ол осыдан он жыл бұрын дүниеден өтіп кетті. Әйтпесе, газетіміз шыққан күні жарының 90 жасқа толуына байланысты Семейде өтетін тойға қатысар еді. Сол кезде соғыс жылдары қалай табысқандарын да айтып берер еді. Иә, ақын Қасым Аманжоловтың қызға деген бүр атқан сезімін білдіруге бұрқ ете қалған сұрапыл соғыс мұрша бермесе, Асылхан махаббатын майдан даласынан тапты.

Радиодан Мәскеуді қорғап қалған қазақтар туралы, Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, Мәншүк Мәметова сынды Кеңес Одағы Батырларының ерліктерін естіген, Александр Бектің «Волокаламск тас жолы» романын оқыған Татьяна да оны тағдырым деп таныды. Асылхан жау бомбысынан жараланып, госпитальға түскенде Татьянаның отырып-тұрарға жер таппай,  жетіп келгенін айтсаңыздаршы! Сол кезде төсекке таңылып жатқан махаббатын құшақтап, жылапты да. Жаралы адамды күтіп, күнұзын жанында болып, керегін әкеп беріп тұрған да өзі. Осы сезім Асылханға күш берген шығар, ол тез аяғынан тұрып, майданға қайтадан кірді. Госпитальдан шыққаннан кейін авиадивизияның Балтық жағалауына жіберілуіне байланысты өз әскери бөлімімен сол жаққа кетті. Балтық жағалауы мен Шығыс Пруссияда 3 жыл қызмет етті. Қайда барса да, соңынан Татьяна келетін.

Асылханнның әскери бөлімі ұлы жеңісті Кенигсберг қаласында қарсы алды. Асылхан Бекбаев майдандағы әскери тапсырмаларды нәтижелі орындағаны үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен, ондаған медальдермен марапатталды. Алайда, әскери ұшақтарды жөндеуді жете меңгерген оны бірден ауылына жібере қоймады. Сөйтіп, соғыс аяқталғаннан кейін тағы да 5 жыл әскер қатарында қызмет етті.

…Аштық жылдары туған бауыры Жұматайдан айырылған еді. Ұлдан жалғыз болғаннан кейін және ата-анасының қартайғандығына байланыс­ты әскери қызметтен босатуын қанша сұраса да, оны әрең жіберді. Соғыстың алдында орталау мектепті ғана бітірген Асылхан елге оралысымен орта мектеп емтихандарын қиналмай тапсырды. Одан кейін Семей педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетіне түсті. Сталиндік стипендиант  атанып, атағы облысқа жайылды.

Институтты қызыл дипломмен бітіріп, осы қаладағы педагогикалық техникумға жұмысқа жіберілді. Кейіннен Мұхтар Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжі атанған оқу орнында табан аудармай 30 жыл жас ұрпаққа білім мен тәрбие берсе, ширек ғасыр оған басшылық етті. Осы білім ордасына жаңа ғимарат алып беру, оны жабдықтау үшін қалай жүгіргенінің, жалпы ондағы еңбек жылдарының өзі тағы бір кітапқа жүк боларлықтай. Осыны ескерген жерлестері бірнеше жыл бұрын педколледжде Асылхан Бекбаев атындағы дәрісхананы ашты. «Семей қаласының құрметті азаматы» атағын берді. Білім беру ісінің үздігі Асылхан ақсақал соған ырза. Қазір, сіздер –  құрметті оқырмандар, ол жайлы жазған мақаламызды оқып отырғандарыңызда ардагер ұжымының ортасында жүзінен нұр төгіліп, 90 жасын атап отырған болар. «Сенбі күні педколледж ұжымы мерейтойыма байланысты шақырды» деген еді…

…Алайда, Татьянасын сағынады. Зайыбы 2004 жылдың көктемінде дүниеден өтсе, күзге қарай Асылхан ақсақал Шығыс Қазақстан облысының 5 ардагерлерінен тұрған делегация құрамында Белоруссияның Гомель облысына, өзі соғысқан Могилев облысының Бобруйск ауданына барды. Сол кезде баяғы сұрапыл жылдарды еске алып, махаббат кешкен жерлерді аралап, Татьянаға деген сағынышы мазалаған еді…

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × two =