Даңқ тұғырынан түспеген

0 111

Елордадағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған республикалық мектеп-интернат колледжінде халқымызды әлемге танытқан даңқты балуан, орасан күштің иесі Қажымұқан атамыздың туғанына 150 жыл толуына арналған алғашқы салтанатты шараның ашылуы болып, оған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.

Айтулы шарада Ақтоты Райымқұлова алып тұлғаның ме­рейтойын министрлік республикалық деңгейде атап өтуге дайындалып жатқандығын жеткізді.
– Қажымұқан атамыз бар ғұмырын күрес өнеріне арнап, көзі тірісінде аңызға айналды. Балуан күрестің бірнеше түрінен 54 мемлекетте күресіп, 48 медаль олжалаған. Сонымен қатар ардақты азамат ел есінде бозкілем төріндегі балуандығымен қатар, домбыра шертіп, ән салған сегіз қыр­лы, бір сырлы тұлға ретінде қалды. Ерен күш иесінің 150 жылдығы осы жылы республика аумағында атап өтіледі. Қазіргі әлемді алаңдатқан пандемияға байланысты салтанатты ашылу рәсімін кең көлемде атап өту мүмкін болмай отыр. Десек те, бұған қарамастан бабамыздың айтулы мерей­тойы жоғары деңгейде тойланады. Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімін ұлықтау, мәңгілік есте қалдыру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленді. Олар бүгіннен бастап еліміздің барлық өңірінде өтеді, – деді министр.
Мазмұнды шара аясында Сергей Цырульников, Тимур Сыпатаев секілді танымал спортшылар өнер көрсетті. Одан кейін Ақтоты Райымқұлова Қ.Мұңайт­пасов атындағы мектеп-интернат колледжінің жұмысымен танысып, білім ордасында тәлім алып жатқан спортшы жастармен жүздесті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 4 =