Даңғылды енді су шаймайды

0 62

Б.Момышұлы даңғылындағы проблемалық аумақта жауын-шашын кәрізінің магистралды коллекторын салу барысында бұрын салынған құбырларды бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Әкімдіктің ресми сайты таратқан ақпарат бойынша, тексеру жұмыстары нәтижесінде құбырдың толықтай тоқтап қалғаны анықталды. Елорда әкімі Алтай Көлгінов қаланы аралау барысында жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.«Алдағы уақытта мұндай фактілерді болдырмау үшін шағын өлшемді құдықшалар көлемді камераларға ауыстырылады. Бұл коллекторға қажетті тазалық жасау­ға және кедергісіз телеинспекция жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, құбыр диаметрі ұлғайтылып, Б.Момышұлы даңғылы бойында жаңбыр суын қабылдауға арналған қондырғылар орнатылады. Бұл шараның барлығы судың кедергісіз ағуы мен судағы лайдың алдын ала тұнуын қамтамасыз етеді» делінген хабарламада.
Елорда тұрғындарын алаңдатқан бұл мәселе биыл жазда толықтай шешіледі. «Биыл жазда ­Б.Момышұлы даңғылында су басу мәселесін шешеміз. Даңғылда нөсер канализациясының магистралды коллекторының құрылысы басталды. Нөсер кәрізінің ұзындығы – 500 метр (Дауылпаз көшесінен Елім-ай көшесіне дейін, Б.Момышұлы даңғылы арқылы өтеді). «Жастар» шағын ауданында (Тәшенов және Амман көшелерінің қиылысы) тазарту нысандарының құрылысын жүргізіп жатырмыз.
Бұл тазарту қондырғылары да бірқатар көшелерді су басуды болдырмауға мүмкіндік береді» деп түсіндірді мәселенің мәнісін Алтай Көлгінов.
15 мамырда құрылыс жұмыстарына байланысты Б.Момышұлы даңғылындағы көлік қозғалысы 10 күнге дейін жабылады. Сондай-ақ қала басшысы түсіндіргендей, «Жастар» шағын ауданында (Тәшенов және Амман көшелерінің қиылысында) жеткізуші коллекторларды қайта жаңартуға байланысты тазарту қондырғыларының жұмысы жүргізілуде. Жаңа қондырғылардың қуаты тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Бұл жауын-шашын кәріздерінің өткізу қабілетін едәуір жақсартады. Бұл тазарту қондырғылары Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаев көшелері мен Республика даңғылындағы тасқын судың алдын алады.
2019 жылы жауын-шашын кәріздері мәселесі «Мыңжылдық» аллея­сы ауданындағы екі аумақта толықтай шешілгені мәлім.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =