Дамыту жоспарын таныстырды

0 50

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егемберді «Antikor.Live» жобасы аясында онлайн-брифингте аудан әкімдігінде атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарланған іс-шаралар туралы айтты. 2020 жылдың І тоқсанындағы ақпарат бойынша Сарыарқа ауданында шамамен 340 мың адам тіркелген. Бұл жалпы елорда тұрғындарының 29,6 пайызын құрайды.Кездесу барысында әкім Сарыарқа ауданы әкімдігінде «Жұмыспен қамтудың жол картасына» қатысуға өтініштерді қабылдау басталғанын айтты. «Биыл біздің алдымызда Жұмыспен қамту орталығы бағытында 250-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамту міндеті тұр. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасын» жүзеге асыруда 40 үй аумағын абаттандыру, 14 қоғамдық орындарға құрылыс жұмыстары мен ретке келтіру, көшелерді жарықтандыру және суару жүйесі үшін 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді» деді Ерғали Егемберді. Эфир барысында әкім «Бюджетке қатысу» жобасы аясында ағымдағы жылдың 27 қаңтарынан 1 наурызына дейін 40 өтініш түсіп, оның ішінде 13 жоба биыл іске асырылатынын жеткізді. «Мен аудан тұрғындарын «Бюджетке қатысу» жобасына белсенді қатысуға шақырамын» деді Ерғали Егемберді.
Әкім Сарыарқа ауданында 2018 жылдың қараша айында «Астана – адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыру аясында «Open space» форматында ашылған фронт-кеңсе туралы атап өтті. Трансформация аясында жұмыс кеңістігін оңтайландырған (3-қабат толық босатылған, 1000 м2). Жыл сайын 38 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сарыарқа ауданы елімізде «Сити-менеждер» және «Бюджетке қатысу» сынды серпінді жобаларды бірінші болып жүзеге асырған.
Әкімдік аудан тұрғындарынан оларды толғандыратын барлық мәселелер бо­йынша күнделікті байланыс орнатуда. «iKomek» жүйесі белсенді тұрғындарға проблемаларын мемлекеттік органдарға тез арада жеткізуге ерекше мүмкіндік береді. Осы жылдың 4,5 ­айында 11,5 мыңнан астам өтініш, өткен жылы 14 мыңға жуық өтініш қаралған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 − two =