«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дамудың жаңа кезеңі

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов елорданы дамытудың жаңа моделін енгізу 2050 жылға дейінгі мерзімді қамтитын стратегия дайындауды талап ететінін айтты

0 138

Апталық дәстүрлі жиында қала әкімі Бақыт Сұлтанов елорданы дамытудың жаңа моделін жасауға бірқатар тапсырмалар берді. «Мемлекет басшысы бізге жақын арада орындалуы тиіс бірқатар басымдық берілген міндеттерді жүктеді» деп мәлімдеді басқосуда қала басшысы. Елорданы дамытудың жаңа моделін енгізу және инновациялар мен бастамашыл адамдардың көбейтуге қолайлы орта құру қаланы 2050 жылға дейін дамытудың ұзақмерзімдік стратегиясын дайындауды талап етеді. Мемлекет басшысы 2018 жылдың 11 қыркүйегінде жаңа стратегияны құру жөнінде тапсырма бергені мәлім. Қала әкімі ағымдағы ахуалға кешенді талдау жүргізуді, стратегиялық мақсаттарды анықтауды, келе­шекті болжауды тапсырды: соның ішінде өмір сүру сапасын жақсарту, қалалық ортаны үй­лестіру, орнықты экономикалық даму, ре­сурс­­тарды тиімді пайдалану және басқалары бар.

Астананың жаңа моделінде «Астана» халық­аралық қаржылық хабының базасында елордада іскерлік қаржылық хабты дамыту туралы тармақ болуы шарт. Бұл бағыт туризм индустриясы саласын кеңейту бойынша жұмыстарды жандандыруды талап етеді. «Осыған орай, іскерлік туризм саласындағы алдыңғы қатарлы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық қарым-қатынастарды ретке келтіруіміз керек» деді қала басшысы.
Сонымен қатар, қала тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдайлар туғызуға атап айтқанда: абаттандыру, әлеуметтік нысандарды тұрғызу, тұрғын үйлерді салуға айрықша көңіл бөлуге міндет жүктелді. Бақыт Сұлтанов ағымдағы жылы кем дегенде 2,3 млн шаршы метр (2018 жылдың басынан бері 1699,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді) тұрғын үйлерді пайдалануға беруді тапсырды. «Әкімдіктің жұмысы Мемлекет басшысы жария еткен бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға негізделуі тиіс. Өйткені бұл міндеттерді орындау жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаланың экономикалық өсімін қамтамасыз етуге жағдай туғызады» деп атап өтті Б.Сұлтанов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды