«Дамудың» демеуімен қарыштаған

0 43

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры биыл елордада «Бизнестің жол картасы-2020-2025» бағдарламасы аясында екі жүзге тарта жобаға қаржылық демеу көрсетті. Оның арасында сан алуан бағыттағы кәсіпорындар бар. Ірі бизнеспен айналысатындар да, шағын және орта кәсіпкерлікті қолға алғандар да аталмыш қордың қолдауына ие болды. Кеше журналистер үшін сондай бірқатар кәсіпорынға баспасөз туры ұйымдастырылды. Алғашқы барғанымыз 150-ден аса адамды жұмыспен қамтып отырған «ТАЛ Инженеринг Қазақстан» ЖШС болды.

Аталған кәсіпорын тротуар плиткасын және бетоннан әртүрлі құрылыс материалдарын өндіреді. Тәуліктік қуаты – 3,5 мың шаршы метр. Барлық материалдар Германияның технологиясымен, сол елден жеткізілген қондырғылармен жасалады.
Кәсіпорынның операциялық қызметтер бойынша директоры Александр Калентьевтің айтуынша, серіктестіктің бір нысаны бұрыннан бас қалада жұмыс істейді. 2018 жылы екінші цехты ашу үшін «Даму» қорынан несие алуға өтініш берілген. Ол қолдауға ие болып, жаңа цех ашылған. Осымен қазір елордада аталған кәсіпорынға қарайтын екі нысан болды.
Бүгіндері компания өнімдері Нұр-Сұлтан қаласында үлкен сұранысқа ие. Түркістан облысынан да көп тапсырыс түсіп жатыр. Оның себебі ел бойынша бас қала мен аталған облыста құрылыс қарқыны басқа өңірлермен салыстырғанда көш ілгері,
– Карантин басталғанда басқа кәсіпорындар сияқты жұмысымызды тоқтатуға мәжбүр болдық. Бірақ жұмысқа рұқсат алған соң ісіміз жанданды. Қазір құрылыс та қарқын алды. Бізге де тапсырыстар үсті-үстіне түсіп жатыр. Жұмыскерлердің орташа жалақысы 150-200 мың теңге, – дейді А.Калентьев.
Қазір көпшілігіміз күнделікті өмірде «Fairy», «Сomet» сияқты шетелдік тұрмыстық химияны қолданамыз. Осындай отандық өнімдер бар екенінен бейхабармыз. «Арко Групп 2011» ЖШС-не барғанымызда самсап тұрған сабынның түр-түрі, тамақ істегенде тамған майды, түрлі дақ кетіргіш заттарды кетіретін заттарды көргенде, өзіміз таңғалдық.
Кәсіпорынның өндірістік бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Уәлие­ваның айтуынша, олардың сапасы шетелдік өнімдерден еш кем емес. Бағасы да арзандау. «Жұмысымызды біз 2013 жылы Көктал кентінде жеке үйді жалдап, бастадық. Былтыр қаланың өндірістік аймағына көшіп, жаңа цех аштық. Қазір ақырындап өнімдерімізді елордадан тыс аймақтарға да сатып жатырмыз. Бірақ белгілі бір қиындықтарды әлі де еңсеруіміз керек. Кәсіпорында 13 адам жұмыс істейді. Бізге ісімізді автоматтандыруымыз қажет. Себебі бәрін қолмен істеп жатырмыз. Шикізатты да шетелден алдырамыз. Қытай шикізаты бізге Ресей мен Украинадан жеткізіледі» дейді Г.Уәлиева.
Аталмыш компания антисептиктерді де өндіреді. Карантин уақытында кәсіпорын жұмыс істемесе де, осы өніміне сұраныс артқан соң қоймада сақталған антисептиктерді өткізген. Басқа өнімдерінің қатарында «Арзанай», «Жайка» ыдыс жуатын заттарын, «Зверь» атты май кетіргішін атап өтуге болады. Жалпы, серіктестік атауы да, қолданысы да әртүрлі біраз зат өндіреді.
Тамақ және тұрмыстық қажеттіліктерге арналған экологиял­ық қағаз пакеттерін өндіретін «Eco Friend» ЖШС «Еңбек» өнімді еңбекпен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті қолдауды дамытуға арналған бағдарламасы шеңберінде «Даму» қорынан жеңілдікпен 20 млн теңге мөлшерінде несие алған.
100 пайыз целлюлозадан тұратын және көпреттік қолдану мен толық өңдеуге жарайтын өнімдерін компания негізінен елордадағы «Magnum Cash&Cary» ЖШС супермаркеттер желісіне өткізеді. Бірақ басқа аймақтарға сату да жолға қойылған. Қазір онлайн саудаға да ден қойылып отыр. Компания директоры Қуаныш Жапақовтың айтуынша, қондырғылар карантиннің алдында ғана орнатылды. Сондықтан карантин жұмысқа соншалықты әсер еткен жоқ. Кәсіпорын басшысы «Даму» қорының бизнесті дөңгелетуге беріп жатқан мүмкіндігіне, пайыздық ставка мөлшеріне риза.
– Осы жылдың сәуір айында «Бизнестің жол картасы-2020-2025» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес қазір барлық кәсіпкерлер 6 пайыздық ставка мөлшерімен несие ала алады. Бұған қоса несие ала алатын кәсіпкерлік салалары да кеңейтілді. Осы жылдың жартыжылдық қорытындысы нәтижесінде кепілдендіру бойынша 90 жобаға, субсидиялау бойынша 100-ден астам жобаға қолдау көрсеттік, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры Нұрсұлтан Абдолла.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =