ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ

0 232

Елбасының Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту бағытындағы тапсырмалары төңірегінде Сарыарқа ауданы әкімдігінің аппараты ұйымдастырған дөңгелек үстел басында әңгіме өрбіді. Тақырып төңірегінде ой бөлісу үшін басқосуға «Нұр Отан» ХДП «Сарыарқа» аудандық филиалының кеңесшісі, ҚР Қаржы полициясы Агенттігі жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша кеңестің мүшесі Арман Нұрғазин арнайы қатысты.

Жиынның бас қонағының айтуынша, батыстың дамыған елдері қарызға белшесінен батып, дағдарыс шырмауына шырмалып жатқан тұста Қазақстан басшысының халқын «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын» құруға шақыруын үлкен көрегенділік деп қабылдаған жөн.

Байлық та, береке де еңбекпен келетіні белгілі.

Елімізде еңбек еткісі келетін кісіге жұмыс орны міндетті түрде табылады. Әлемді дағдарыс оты шарпыған тұста Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып сынға түскені белгілі. Десе де, өтпелі қиыншылықтарды табысты еңсере білді. Әлемді дағдарыс билеп, жұмыссыздық ушығып тұрған тұста Қазақстанда жаңа жұмыс орындары ашыла бастады.

Мәселен, осы жылдары тұрақты жұмысы бар қазақстандықтардың 80 пайызы өз қызметтерін сақтап қалды. Өйткені, Елбасының бастамасымен дер кезінде қолға алынған «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы жұмыссыздықпен күрестің тиімді тетігіне айналды.

Осыларды айта келе, Арман Нұрғазин 20 тапсырманың барлығы да саламатты қоғам құруға, сауатты ұрпақ тәрбиелеуге, өркениетті елдер өнегесінен үлгі алуға, әлеуметтік еңбек қарым- қатынасын дамытуға бағытталғанына тоқталды.

Дөңгелек үстел басында ел экономикасының өркендеуіне кедергі болып отырған, қоғамдағы ең басты қауіп-қатер саналатын сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары жайында да сөз қозғалды.

Мемлекет басшысы «2006-2010 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрес» бағдарламасын бекіткені белгілі. «Жемқорлықпен күрес қарқын алып келеді дегенімізбен, заңға бағынғысы келмейтіндер әлі де баршылық. Мемлекеттік орган қызметкерлерінің өзгенің тағдырына немқұрайды қарауы, кей шенеуніктердің қанағатсыздығы, бір жапырақ анықтама қағазын алу үшін шеті мен шегі жоқ кезектің өзі мемлекеттік қызметкерлерді пара алуға итермелейді»,– деді Арман Асқарұлы.

Сонымен қатар, халықтың сыбайлас жемқорлық туралы түсінігінің төмендігі осындай жағдайға әкеліп соғуда. Сондықтан, мұндай ауыр кеселді тек мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлері ғана емес, бүкіл халық болып қолға алсақ қана тоқтатуға болады десті жиналғандар.

 

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − sixteen =