«ДАМУ» КӘСІПКЕРЛЕРДІ ДЕМЕЙДІ

0 108

IMG_3145

Елордада «Даму» қорының аймақтық филиалы жанынан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұл салтанатты рәсімге Астана әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков, Өңірлік даму министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Сәркеев, «Даму» қорының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова және Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мейірбек Мәжитов қатысты.

Бүгінде әр бесінші астаналық – кәсіпкер. Сондықтан кәсіпті нәсіп еткен жандарға бизнес жоспар құрудан бастап, қаржылық сауаттылықты үйрететін, кәсіпкерлікті қолдаудағы мемлекеттік бағдарламалар туралы түсінік беретін мұндай орталыққа, әсіресе, Астана қаласы мұқтаж. Бүгінге дейін республиканың барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларында ашылып жатқан мұндай мекемелерде 9 мыңнан астам кәсіпкер тегін кеңес алып үлгеріпті. Тек өткен жылдың желтоқсан айының соңғы аптасының өзінде еліміздің сегіз өңірінде осындай қызмет көрсету орны ашылған. Соның бірінің тұсауы Астана қаласында кесіліп отыр.

Кеше елордалық Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының алғашқы жұмыс күні болды. Соған қарамастан елден естіп, келіп жатқандар бар екен. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың түрлері мен тетіктері жөнінде кеңес алып отырған жас қызды әңгімеге тарттық. Өзін Сәуле Үмбетова деп таныстырған ол былтыр наурыз айынан бері Астанада жартылай дайын өнім өндіретін «Мясной король» атты жекеменшік серіктестік ашқанын, енді кәсібін кеңейткісі келетінін жеткізді.

– Кәсіпкерлерге кеңес беретін мұндай орталықтың ашылғаны жақсы болды. Ісімізді әрі қарай дөңгелетіп әкету үшін білікті маманның кеңесі керек болып тұр еді. Әр кәсіпкерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы түсінігіміз де мардымсыз болып шықты. Осы орталыққа келіп көптеген мемлекеттік бағдарламалар барына көзіміз жетті. Мән-жайды нақты сол саланың маманынан сұрап, көптеген мәліметке қанықтық, – дейді кәсіпкер.

Ал, осы кәсіпкерге кеңес беріп отырған экономист-маман Ақбота Аюпова бүгінгі таңда бизнеспен айналысқысы келетін жандарға да, ісін әрі қарай кеңейткісі келетін кәсіпкерлерге де мемлекеттік қолдаулар көп екендігін айта келіп: «жалпы бизнесті өркендету – халықты жұмыспен қамту деген сөз. Бұл жалпы ішкі өнімнің өсуімен қатар жүреді. Сондықтан кәсіпкерліктің дамуына мемлекет те мүдделі», – деді.

Кәсіпкерлерді қолдау орталығында келушілерге ыңғайлы жағдайлар жасалған екен. Мұнда бизнесмендерге кәсіпті қалай ашудан бастап, бизнес-жоспар құру, кәсіпкерлікті жүргізу мен заң қызметтері, салық және бухгалтерлік есептер, маркетинг, мемлекеттік сатып алу, логистика сынды бизнеске қатысты мәселелер төңірегінде толыққанды кеңес беріліп қана қоймай, қаржыны дұрыс игерудің жолдары да кеңінен түсіндірілмек. Ол үшін орталыққа екінші деңгейлі банктердің өкілдері де тартылған екен.

Жақын арада Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығына Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» қоры да көшіп келмек. Осылайша, кәсіпкерлер «бір терезе» қағидатымен бір мезетте тегін кеңестер алып, рұқсат құжаттарын рәсімдеумен бірге, бизнеске тиесілі қаражатын да банк арқылы ала алады. Ол үшін әуре-сарсаңға түсіп, артық жүрудің қажеті жоқ.

Келешекте орталық бизнес­мендердің өзара тәжірибе алмасатын, дөңгелек үстел жиындары мен шеберлік дәрістерін өткізетін нағыз кәсіпкерлер үйіне айналмақ. Сондай-ақ, бизнестің қыр-сырына бойлағысы келетін жандарға арнап, экономиканың түрлі салалары бойынша тегін курстар да ұйымдастырылып тұрмақ.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 5 =