ДӘМЕТКЕННІҢ ӨНЕГЕЛІ ҒҰМЫРЫ

0 140

Әттең, әттең, ортамыздан тым ерте кетті. Сұм ажалға тосқауыл болмады. Дәрігер достары, әріптестері, ағайын-туыс қолынан келген көмегін барынша жасады, алайда, бәрі бір Алланың жазуында екен…

Өзгелерге түсінікті болу үшін бауырларының мақтанышы болған ардақты апам жайлы қысқаша тоқтала кетейін: Дәметкен Ғиб­ратқызы Нұрмағанбетова қа­сиетті Ереймен өңіріне еңбегі сің­ген Ұлы Отан соғысы және еңбек арда­гері, ұлағатты ұстаз, өнегелі басшы Ғибрат пен Үміттің құтты шаңырағында 1953 жылдың 1 тамызында дү­ниеге келді. Анамыз Үміт 13 құрсақ көтерген еді. Бауырынан өрбіген 9 қыздың сегізіншісі осы Дәметкен екен.

Бала кезінен елден ерекше өскен Дәметер 10 жылдық мектепті үздік аяқтап, медицина институтына оқуға түсті. Ол кезде бұл оқу орнына түсу қиын болатын.

Жастайынан зерек, алғыр Дәмет­кен озат студент, топ старостасы болды. Өзінің көрік­­тілігімен, жүріс-тұ­ры­­сы­мен, оқуына деген жауапкершілігімен, өмірге деген сүйіспеншілігімен замандастарының алды болды. Институтты ойдағыдай тәмамдап, акушер-гинеколог мамандығын игерді.

Қызықты да қиын еңбек жолын өзінің туған жері Ерейментау аудандық ау­ру­ханасынан бастады. Үш жылдан кейін Целиноград облыстық ауруханасының әйелдер босанатын бөлім­шесіне ауыс­ты. 1993 жылдан бөлімше меңгерушісі қызметін ат­қар­ды. 10 жыл бойы осы ауруханада өмірге ұрпақ әкелу үшін жанын жалдаған, мейірім шапағатын болашақ сә­биіне арнаған аналардың денінің саулығы мен оның перзентінің аман-есен дүниеге келуі жолында көп­теген күрделі операция­лар­ды жасады. Мыңдаған қа­зақстандықтардың шаңы­рағына бала сүю бақытын сыйлады. Сондықтан, Дә­меткен Ғибратқызының терең білімі мен жоғары біліктілігі өзінің әріп­тес­теріне, ізбасар жас ма­мандарға үлгі-өнеге.
Өмірінің соңғы күніне дейін Астана қаласы №2 ау­­­­ру­ханасы гинекология бөлім­­шесінің меңгерушісі қыз­метінде болды. Өз еңбегі­мен елге елеулі, халыққа қа­­лаулы аб­зал жан атанды. Биік тұ­ғырға көтерілген Дәметкен Ғибратқызы жо­ғары санат­ты акушер-гинеколог, «Қа­зақ­­стан Респуб­ликасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды.

Дәмет­кеннің бойындағы асыл қа­сиет­терінің мол­ды­ғынан болар, ол басқарған ұжымнан бірде-бір дәрігер, акушер, қыз­­меткер басқа жерге жұ­­мысқа ауыспаған. Әріп­тес­теріне сыйлы да жайлы болғандығының дәлелі осы болса керек. Өзінің қара­пайымдылығымен, па­ра­саттылығымен жан-жа­ғын­­дағы адамдарға мейірім шуағын шаша білген ол қызмет еткен ортасындағы, бірге жүрген құрбыларының ішіндегі жарқыраған жұл­дызы еді, медицина сала­сының бойтұмары іспетті-тін.

35 жыл тынбай қызмет етіп, енді зейнеткерлікке шығып, баласы мен неме­релерінің қызығын көрер шақта сұм ажал алып кетті. Бір күн болса да құрметті демалысының рахатын кө-ріп, немерелерінің қы­зығын қызықтай беруге Алла жазбады. Өкініш өзегімді өртеп, жүре­гімді қарс айырады…

Бауырым айналасына қайы­­­­рымы мол, үлкен жү­ректі адам еді. Өлді дегенге сенбейміз. Орта­мызға жар­қылдап, кі­ріп келетін сияқ­ты көрі­неді. Ол біздің ақылшы, қамқоршы, асқар тауымыз, мақтанышымыз еді.

Оның бізге ғана емес, дүйім жұрттың, әрбір алдына келген емделушінің, замандас, дос-жаранының, әріптестерінің алдында ас­қақ рухты, мыз­ғымас бе­дел­ді, аса абыройлы бол­ғандығына ақтық сапарға шығарып салуға келген мың­­­ға жуық адам қарасы дә­лел. Ол дәрігер ретінде осы адамдардың біреуіне қол ұшын берсе, біреуіне әріп­тес ретінде сыйлы болды. Барлық жақсы қасиеттері жиналған жұрттың сөйлеген сөздерінен анық сезілді. Оның өмірі ұрпаққа мәңгі өнеге болып қалары анық.

Саналы ғұмырында талай жанға қолынан келген жақсы­лығын аяған емес. Әсі­ресе, бауырға, туған-туыс­қа, құда-жекжатқа де­ген қамқорлығын ауызбен айтып жеткізу қиын. Оқушы, студент бауырлары Дәметкен апасының үйінде оқып, тә­лім-тәрбие, өнеге алды. Ол тәрбиелеген жігіттер мен қыздар бүгінде өздері балалы-шағалы, өмір­ден өз орындарын тапқан азаматтар. Анау-мынау ер адамның қолы­нан келмес шаруаларды бір өзі тындырып жүре беретін оның мәрттігіне талай жерде көзіміз жетті. Оның жанының сұлулығына, адами тазалығына тәнті болатынмын.

Жалғыз ұлы Абзалдың қайын жұртына деген қам­қор­лығы мен қайы­рым­ды­лығында шек бол­ған жоқ. Өзінің қайын жұр­ты­мен қарым-қатынасын, сый­ластығын айтып жеткізу қиын.

Оны жоқтап жылап, 40 күндігіне дейін дастарханына құран оқып отырған қайнағасы Кәкім мен абысыны Күләш бұған куә.

Жалғыз баласы Абзал мен келіні Күнсұлуға тір­шілікке қажеттің бәрін жасап, «балаларым» деп таңдарын аты­­рып, кештерін батырды. Жамандықтарын жасырып, жақсы­сын асырып, бәрін өзінің құйттай жүрегіне сыйғыза білді.

Алла тауфиық беріп, бала­лары оның арманын орын­дасын деп тілеймін. «Әже­мізді сағындық» деп жүрген немерелері Алдияр мен Расул айтулы азамат болғай.

Менің аяулы апатайым ата-ана алдында – перзенттік, туған-туыс алдында – бауыр­лық, ел-жұрт, халқының алдын­да – азаматтық, ұрпа­ғының алдында –аналық, емде­лушілерінің алдында – дәрігерлік парызын бар жан-дүниесімен атқарған нағыз азамат екеніне күмән жоқ. Оның өмірлік белестері шынайы ерлікпен пара-пар.

Еңбектері елеусіз бол­мады. Ондаған грамоталармен, «Қазақстан Республикасы Ден­саулық сақтау ісінің үздігі» бел­гісімен ма­­ра­патталды, алайда ол үшін халықтың алғысы, бата-тілегінің орны бөлек болатын. Өмір ұзақтығымен емес, өзінің мән-мағынасымен өлшенбей ме? Біздің бауырымыз туралы айтылған әрбір жақсы сөз, газеттер бетінде жазылған мақалалар оның осы өмірде қалдырған өшпес ізі екені анық.

Тұрсын Нұрмағанбетова,
Астана қаласы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + eight =