Дәмелдің диагностикалық жүзігі

0 110

Дамель-1

Қатар құрбысының алды болып жүрген қазақтың қызын көрсем, кеудеме бір қуаныш сезімі ұялайды. Бәлкім, нәзік жан иесі болып жаратылғанына қарамастан, ұлттың мерейін асырып жүргеніне риза болатын шығармын. Бәлкім ең әдемі, ең көрікті, сонымен бірге ең ақылды да, тәрбиелі қыз қазақтан шығатынына көңілім марқаятын болар. Әйтеуір, іштей сүйсініп, «Құдайым өзіңді тіл-көзден сақтасыншы» деп, қаракөз қарындасымның амандығын тілеймін.

Дәмел Мектепбаева жөнінде алғаш естігенде, оның медицина ғылымы саласындағы жетістігімен, әлем ғалымдарының назарына іліккен жаңа жобасымен танысқанда осындай тілегімді ішімнен сан қайталадым. Ойы­ма Рахат Әбдірахмановтың «Өзінде бәрі ғажаптың, Көзінде көркем әлемі. Ақиқат жалғыз: Қазақтың қызының бәрі әдемі!» деген өлеңі еріксіз орала берді. Шынымен де Дәмел ғажаптың бәрін өзінің нәзік бойына жиған екен. Ол Назарбаев университетінің биотехнологы, жас ғалым. Кезінде АҚШ-тың Калифорния штатындағы «Singularity University» оқу орнын биотехнология мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Одан соң Париждегі «Еcole normale superieure de cachan» университетінің магис­тратурасын тәмамдаған.
Жақсы оқитындар, әрине, көп қой. Алайда, әлемдік ғылыми байқауларда оқу-тоқуы озық деген жұрт өкілдерін артқа тастап, оза шауып бәйге алу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа екеніне ешкімнің таласы болмасы анық. Ал, Дәмелдің ойлап тапқан «Hoope тест-жүзігі» Халықаралық ғарыш кеңістігін зерттеу және әуеде ұшу жөніндегі ұлттық басқармасы (NASA) ұйымдастырған байқауда бас жүлдені жеңіп алған. Бұл байқауға әлемнің ең талантты, техникалық жағынан озық ойлы жас ғалымдары қатысқан. Олар он күннің ішінде әртүрлі технологиялардың жеделдетілген курсын оқып шығып, үш аптаның ішінде миллиардтаған адамдарға пайдасы тиетін жаңа жоба ойлап табуы тиіс.
– Менің командамда Польша, Мексика және Перу ғалымдары болды. Солармен бірге үш аптаның ішінде соз ауруларын жедел анықтайтын тест-жүзік ойлап таптық. Бұл диагностикалық жүзіктің ішінде микроине бар, оны кигеннен кейін ине ауыртпай саусақтан қан алады. Ол алынған қан сол жүзіктің ішіндегі микрочипке автоматты түрде беріледі. Сол микрочипте жедел диагностика жасалады. Егер адамның бойында бұл аурудың белгілері болса, қан құрамынан инфекция анықталса, жүзіктің бойындағы төрт лампаның бірі жанады. Содан соң бұл құрылғы автоматты түрде bluetooth арқылы смартфонға тест қорытындысын жөнелтеді. Неліктен басқа емес, соз ауруын жедел анықтайтын жүзікті жасауды қолға алдық? Өйткені мерез, хламидиоз, трихомониаз және гонорея сияқты жыныстық қатынас арқылы таралатын соз аурулары әлемдегі ең көп таралған қауіпті дерт түрлері болып отыр. Күніне миллионға жуық адам осы ауруды жұқтырады. Сондықтан оны дер кезінде анықтау өте маңызды, – деп түсіндіреді жас ғалым.
Дәмелдің айтуынша, жүзіктің жасақталуы үш елде жүзеге асқан. Мәселен, Мексикада зерттеу жұмыстарын жүргізіп, аппаратты құралдарды жасақтаса, Перуде бағдарламалық қамтуы жасалады. Ал Қазақстанда биотехнология саласы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, микрочиптің диагностикалық зертханасын жасақтауды жүргізеді. Қарап тұрсаңыз тест-жүзіктің ең маңызды бөлігі бізде орындалады.
Бұдан соң бұл тест-жүзік бірнеше халықаралық байқауға қатысып, оның бес стартап жүлдесін жеңіп алған. Сол себепті де ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы грантын иемденген. Осындай байқаулар жүлдесінен түскен қаржыға жоғарыда айтқан ғылыми жұмыстар атқарылады екен. Былтыр жас ғалым Кореяда қараша айында өткен стартап байқауда «Google – D.Camp» жүлдесін ұтып алыпты. Оның жүлде қоры 20 мың АҚШ доллары көлемінде. Сол жылдың желтоқсан айында тағы бір байқауға қатыстырылған диагностикалық жүзік Generation топтамасындағы ең үздік стартап болып танылған.
Ал ең жақында алған жүлде – биылғы шілде айында АҚШ-та өткен World Cup Tech Challenge байқауында тест-жүзік «Медицина саласындағы технологиялар» аталымы бойынша жеңімпаз танылды. Ал, бұл диагностикалық жүзікті ойлап тапқандар Мексикада кәсіпкерлерге арналған халықаралық бағдарламалар байқауында жеңімпаздар қатарынан орын алды. Осы байқауда жеңімпаздар өздерінің жаңа жобаларын әлемнің мен деген мықты бизнесмендерінің назарына ұсынды. Жас ғалымдар үшін бұл өте жақсы мүмкіндік болды. Себебі, оларға өздерінің жаңа дүниелерін клиникалық сынақтан өткізіп, халықаралық нарыққа шығару үшін кемі екі миллион АҚШ доллары қажет көрінеді.
– Қазіргі уақытта үш инвестициялық компаниямен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Әзірге нақты келісімдер жасала қойған жоқ. Біз өз тарапымыздан «Hoope Technologies Corp» деген компания құрдық. Ол АҚШ-та жұмыс жасайтын болады. Себебі, биотехнология саласындағы жобалармен жұмыс жасайтын инвестициялық фирмалардың түгелге дерлігі сол елде. АҚШ-та инвесторлар мен сарапшыларды тартуымызға мүмкіндік мол. Ойлаған мақсатымыз жүзеге асып, өніміміз нарыққа кең көлемде таралса, оның игілігін біздің еліміз де көреді. Менің негізгі мақсатым осы, – дейді Дәмел Мектепбаева.
Иә, соңғы уақытта әлемдік қала мәртебесіне көтерілген Астана неше түрлі ұлт өкілдерінің бас қосқан ордасына айналды. Бұл әлемді қорқыныш құшағында ұстайтын түрлі қауіпті арулар бізге де бөтен емес деген сөз. Сондықтан біз үшін де тест-жүзіктің қажеттілігі жоғары.
Қазіргі уақытта жас ғалым тағы бір жаңа жоба жасау үстінде. Айтуынша, жұмысы аяқталуға жақын. Бір-екі аптаның көлемінде жұртшылыққа жариялап қалуы да бек мүмкін. Дәмел өз ойлағаны жүзеге асса, біздің басылымға да міндетті түрде хабарлауға уәде берді. Қазақ ұлтының жоғары интеллектуалдық деңгейін әлемге паш етіп жүрген қаракөз қарындасымызға сәттілік тілейік.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + ten =