ДӘМДІСІН-АЙ ӘСІПТІҢ, ТӘТТІСІН-АЙ СҮБЕНІҢ

0 268

IMG_2913

Бұрнағы күні Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен құрылған «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығы «Жұмбақтас» мейрамханасында «Ұмыт болған ұлттық тағамдарды жаңғырту» атты басқосу ұйымдастырып, дастарқан жайды.

Шара барысында қазақ халқының была­мық, жаужүрек, үлпершек, көмеш, әсіп, жөргем, сүбе атты жеті түрлі тағамының жасалу жолдары таныстырылып, олардың адам ағзасына пайдалы жақтары сөз болды. Жиналған қонақтар ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдардан дәм татты.

«Бұл – орталық ұжымының екінші жиыны. Ақпан айында ұлттық киімдерді насихат­тау мақсатымен жеті бағыт бойынша 32 қазақы киім үлгісін жұрт назарына ұсынған едік. Ал бүгін жеті түрлі ұлттық тағамды жұрт­шы­лық­қа таныстырып, дәм татырдық» дейді жоба авторы, «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығы төрайымының орынбасары Камал Әлпейісова. Ол ұлттық тағамдардың дайындалу әдісін жинау үшін бірнеше облысты аралағандарын айтты. Солардың ішінде адамның өмірге келуінен бастап қартайғанға дейінгі аралықта азық ететін жеті тағамды іріктеп алған.

Ұмыт болған ұлттық тағамдарды жаңғыр­ту, олардың қазіргі жағдайда дайындалу тәсілімен, тамақтану мәдениетімен, ден­сау­лық үшін пайдасы және құндылы­ғы­мен көпшілікті таныстыруды, сондай-ақ, отба­сы­лық және мейрамханалардағы дастарқан мәзі­ріне енгізуді мақсат еткен орталық ұжымы алдағы уақытта қазақы қонақжайлылық мектебін аш­пақ. «Ұлт­тық ас мәзірлерін халықаралық «EXPO» көр­месінде де ұлықтаймыз» дейді олар.

«Сүбе орамасы қабырғадан дайындалады. Үлкен қонақ күткенде суық басытқының орнына қолдануға болады. Сүбе көп жағдайда майлы болып келеді әрі сыйлы табаққа ғана салынады. Тамақты әзірлеу үшін бір-бір жарым сағаттай уақыт кетеді» дейді Жамбыл облысынан келген аспаз Үмiтжан Жапарова. Ол келiн болып түскеннен бастап енесiнен үйренген бұл тағамды Оңтүстiк Қазақстан өңірінде жиi әзiрлейтiн көрiнедi. Үмітхан қазақ халқының ет, қазы-қарта, қуырдақтан басқа да ұлттық тағамдары баршылық екенін айтады. Тек кеңінен насихаттап, жаңғырту қажет.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =