Дамбадан туған дау соғысқа ұласа ма?

0 93

Мысыр, Эфиопия және Судан елдерінің келіссөзі тағы да нәтижесіз аяқталды. Осы айдың басында Конго Демократиялық Республикасының астанасы Киншасада өткен келіссөзде де Эфиопия елінің «ұлы жаңғыру бөгетіне» биыл екінші мәрте су толтыру жөніндегі талабына Мысыр жағы үзілді-кесілді қарсы шыққан болатын. 27 сәуір күні Эфиопия Сыртқы істер министрлігі 1959 жылғы Нілдің су ресурстарын пайдалану туралы келісім әділетсіз деп жариялады. Осылайша Ніл өзеніне қатысты даудың қоламтасы қайта қозданды.Мысыр, Эфиопия және Судан елдері әлемдегі ең ұзын өзен – Нілдің суын бөлісе алмай келеді. 2012 жылдан бастап бетпе-бет жүргізілген келіссөздер пандемия басталғалы онлайн форматқа ауысып, бейнеконференция түрінде өтіп жатыр. Бірақ келіссөзде ешқандай ілгерілеу жоқ. Үш ел арасындағы қайшылық бұлай асқына берсе, керістің соңы соғысқа ұласып кетуі мүмкін деп алаңдаған халықаралық қауымдастық тараптарды қайта-қайта диалогқа шақырып әлек. Сарапшылардың пікірінше, өңірдегі жағдай шиеленіссе, Еуропаға ағылатын босқындардың жаңа толқыны үдей түседі. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, несібін Нілден айырып отырған үш елдің аяқ астынан алакөздесіп шыға келуіне Эфиопияның Ніл өзенінің маңызды тармағы саналатын Көк Ніл өзенінен «Эфиопия ұлы жаңғыру бөгетін» салуы себеп болды.
Шығыс Африканың таулы үстіртінен басталатын Кагера өзені Нілдің бастауы болып саналады. Өзен Виктория көлі арқылы ағып өтеді де, Хартум қаласы маңында Көк Ніл өзенімен қосылып, Ніл өзені деп аталады. Бұл өзен дүние жүзіндегі ең үлкен шөл – Сахараны кесіп өтеді.
Мысыр – тағдыры Нілге байланған ел. Тіпті мемлекет болып қалуы да осы Нілге байланысты. Сондықтан да Мысыр Ніл бойындағы елдермен қатысты келісімдер жасап, өзен суының азаймауына халықаралық құқықтық деңгейде кепілдік етуге тырысты. Ең әуелі Мысыр Ұлыбританияның отарынан құтылғаннан кейін 1929 жылы Британияның басқаруындағы Суданмен Ніл суы туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім Мысырдың Ніл өзенінен пайдаланудағы басымдығын растады. Келісім бойынша Нілдің жоғарғы және төменгі салаларында Мысырдың келісімінсіз су құрылыстарын салуға болмайды деп белгіленді. 1959 жылы Мысыр мен Судан Нілдің су ресурстарын пайдалану туралы жаңа келісім жасап, Мысыр – жылына 55,5 миллиард текше метр, Судан жылына 18,5 миллиард текше метр Ніл суын пайдалануына болады деген шешім шығарды. Сонымен қатар Мысыр пен Эфиопия арасында 1993 жылы Ніл суына қатысты декларация қабылданды. Алайда мұның бәрінің пайдасы шамалы болды. Яғни Мысыр өз еліндегі аумалы-төкпелі жағдаймен әлек болып жатқанда, Эфиопия 2011 жылы Көк Нілде су электр стансасын сала бастады. 4,6 млрд долларға бағаланған дамбаның алғашқы мерзімдік құрылысы 2017 жылы аяқталса, екінші кезеңдік құрылыс жұмысы өткен жылы соңына жетті. Африкадағы ең үлкен су электр стансасы саналатын құрылыс жылына 6000 мегаватт электр қуатын өндіреді деп күтілуде. Бұл халқының 65 пайызы электр энергиясымен қамтамасыз етілмеген Эфиопия елін электр энергиясына қарық қып қана қоймай, Судан, Джибути, Кения, Оңтүстік Судан және Йемен сынды көршілес елдерге электр экспорттауға мүмкіндік туғызады. Былайша айтқанда, Эфиопия электр энергиясын экспорттаудан жылына неше миллион еуро табыс табады. Бұл қара құрлықтағы кедей елдердің бірі саналатын Эфиопия үшін үлкен кіріс көзі болмақ. Демек, Эфио­пия станса әкелетін миллиардтаған доллар табысты көздесе, Каир аштық пен жұмыссыздықтың жайылуынан қорқады. Мысырда қазірдің өзінде әр тұрғынға шаққанда жылына 570 текше метр су келеді, ал норма бо­йынша 1000 текше метр болуы тиіс. 2025 жылға қарай бұл көлем тіпті қысқарып, жылына 500 текше метрге азаяды. Судың жетіспеушілігінен Мысырда миллиондаған жұмыс орны қысқарып, мыңдаған гектар егістік жер түк шықпайтын тақыр жерге айналып, жерасты суы 3 метрге дейін төмендеп кетеді екен. Сонымен қатар судың азаюына байланысты елдегі балық шаруашылығымен айналысатын фермалардың 75 пайызы жабылып тынады.
2013 жылы Мысыр мен Судан елдерінің басшыларына Эфиопияның су қоймасын салуына келісім берді. Есесіне Эфиопия Ніл өзені ағысының азаймайтынына кепілдік беретін болды. Бастапқыда Эфиопия бұған келісетін сыңай танытқанмен, құрылыс жұмысы аяқталуға жақындағанда, ол уәдесінен тайқып шықты. Құрылыстың негізгі қаңқасы қаланғаннан кейін Эфиопия құрылысы аяқталмаған қойманы суға толтыратынын мәлімдеді. Мұндай асығыс шешімге Судан мен Мысыр қарсылық білдірді.
Жоспар бойынша стансаға бірінші кезеңде-ақ 74 миллиард текше метр су құю қажет. Каир суды асықпай алдағы 10 жылда жинау қажет десе, Эфиопия судың бұл көлемін алдағы үш жылда-ақ толтырып тастауды жоспарлап отыр. Бұл жоспар орындалса, Мысыр мен Судан 25 млрд текше метр судан қағылып, құрғақшылыққа ұшырайды. Халық­аралық өзендер ұйымының мәліметі бойынша 5 миллиард текше метр су жиналатын су қоймасын толтыру үшін 7 жылдан 70 жылға дейін уақыт кетеді. Ал Эфиопия болса өз мүддесі үшін бұдан 15 есе үлкен су қойманы үш-ақ жылда толтырам деуі, шынымен де, Мысырға үлкен апат болғалы тұр.
Африка елдері қауымдастығының, сондай-ақ Мысыр мен Суданның қарсылығына қарамастан, Эфиопия өткен жылы шілде айында бөгенге бірінші рет су толтырса, биыл шілде және тамыз айларында дамбаға екінші рет су толтыруды жоспарлап отыр. Каир бұған қатты қарсылық танытуда. Алайда басқа мемлекеттің аумағында салынып жатқан су электр стансасының құрылысына араласуға халықаралық нормалар мүмкіндік бермегендіктен, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне шағымданды. Сонымен қатар басқа елдерден қолдау іздеуге көшті. Ал Судан үкіметі болса Эфиопияның дамбаны асығыс-үсігіс суға толтыру қадамының Африкаға апат әкелетінін айтып, Африка одағындағы елдерді бұл мәселеге баса назар аударуға шақырды. Судан Сыртқы істер министрлігі де Эфиопияның «асығыс қадамына» қарсы әрекетке көшетінін ескертті.
Дамбадан туған даудан АҚШ, Қытай және Еуроодақ секілді әлемдік ірі ойыншылар да тыс қалған жоқ, өйткені олардың Африкада өз мүддесі бар. Контрагент ретінде АҚШ Мысырға қолдау білдірсе, Қытай мен Еуроодақ Эфиопияның сойылын соғып отыр. Африкада қалыптасқан осынау күрделі ахуалды қазір аталған құрлықтағы содырлар шиеленістіріп жіберу қаупі де бар. Сомалидегі қарақшылар да қарап жатпай, 3 ел арасына от жағумен әлек.
Мысыр бастан-аяқ мәселені келіссөз арқылы шешуге құлшыныс жасап келеді. Алайда қазірге дейінгі келіссөздер ешқандай нәтиже бермегендіктен, Каир судан туған дауды қарулы күш арқылы шешудің де жолын қарастыра бастады. Мысырдың әскери мамандары билікке салынып жатқан бөгетті бомбылап, жермен-жексен ету идеясын ұсынды. Оған Мысырдың БАҚ-тары да үн қосып, ақпараттық шабуылды үдетіп барады. Эфиопия елінің өз ішіндегі қырқыс та басылмай тұр. Оның үстіне, соңғы кездері Судан мен Эфиопияның жанжалы да жаңа арнаға бұрылды. Бұдан бұрын Эфиопияның су тоспасын салуына қатты қарсылық танытпай, дамбаның өңірге әкелетін экономикалық пайдасына баса назар аударып келген бұл елдің де былтырдан бері үні қатаң шыға бастады. Яғни Эфиопиямен соғысудан тайынбайтынын бірнеше рет ескертті. Осыған қарағанда, Эфиопияға бақыт әкеледі деген су тоспасы Нілдің жағалауындағы елдерге апат әкелуі де мүмкін.

P.S:  БҰҰ-ның мәліметінше, бүгінгі таңда әлемде 1,4 миллиард адам таза суға зәру болса, 2025 жылға қарай әлем халқының 40 пайызы үшін бір ұрттам таза су үлкен мәселеге айналады екен. Міне, осы тұрғыдан алғанда, трансшекаралық өзендер мәселесі – қазіргі күйіп тұрған тақырыптың бірі. Себебі өзен суына талас Африкада ғана болып жатқан жоқ. Трансшекаралық өзендер мәселесі халықаралық деңгейде үйлесімді шешілмесе, Мысыр, Эфиопия, Судан елдері арасындағы дау әлемнің барлық жерінде өршиді. Орталық Азияның болашақтағы басты мәселесі де осы трансшекаралық өзендермен қатысты. Мәселен, еліміздегі тұщы судың қоры 539 млрд текше метрді құрайды. Мұның 101 млрд текше метрі өзендерге тиесілі. Ал ол өзендердің 19 пайызы Қытайдан келсе, қалғаны Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне тиесілі. Былайша айтқанда, Қазақстандағы тұщы судың 45 пайызын басқа елдерден келетін өзендер құрайды. Бұл – бүкіл суымыздың тең жартысына жуығы шетелден келеді деген сөз. Егер судың жоғарғы ағысында отырған елдер осы суды қалағанынша бұрып алса, біздің елдің тағдыры не болмақ?! Қазірдің өзінде Қытай Ертіс пен Ілеге ауыз салса, Өзбекстан Сырдың, Қырғызстан Талас­тың, Ресей Жайықтың суын жырымдап отырған жоқ па?! Демек, ертең Мысыр сияқты мысымыз құрымасын десек, трансшекаралық өзендердің қауіпсіздігіне қазірден бастап баса назар аударған дұрыс.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 2 =