«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дәм-тұзы жараспау сыры неде?

0 477

 «Астана ақшамы» газетінде жарияланған отбасылық құндылықтар туралы мақалалар мен осы тақырыпты өрбіткен мамандардың сұхбатын оқып отырамын. Жарияланымдардың бәрі отбасылық құндылықтардың күйреп бара жатқанын қал-қадірінше жеткізе айтып жүр. Дегенмен осы үрдіске қарсы тұрар қайран бар ма деген сұрақ көпшілігімізді мазалайды.

Айқын ДҮЙСЕМБАЕВ, психолог
Айқын ДҮЙСЕМБАЕВ, психолог

Жалпы, адамдардың қарым-қатынасы – күрделі нәрсе. Өмірдің түйткілдерінің бәріне ортақ ереже бола бермейді. Таңдау еркіндігін тағы ескеруіміз керек. Бірақ қалыптасқан қағидаттарға, білім мен өмірдің тәжірибесіне сүйене отырып, маман ретінде өз ойымды білдіргім келеді.

Ерлі-зайыпты ажырасқанда «дәм-тұзымыз жараспады» дейді. «Дәм-тұздың» ішінде не жоқ дейсіз. Алданған арман, үзілген үміт, суыған көңіл… Оған екі бүйірден қысқан жоқшылықты қосыңыз. Шаңырақ шайқалғанда әйел мен еркектің екеуі бірдей қатты күйзелісті бастан кешіреді. Екеуінің де қалыптасқан тірлігі бір сәтте өзгеріп, бұлыңғыр болашағы үрейлендіріп, жалғыздықты жан күйімен шын сезінеді.

Осыған дейінгі ұрыс-жанжал, төгілген көз жасынан жүректің кегі басылмай, бір-бірін кінәлап, араздығы арта береді. Жүйкелері жұқарып, күйзеліске түседі. Айдың ашық күнінде адасқан ересектердің ауыр күнәсін арқалаған балалары туралы не дейміз?! Олардың жас психикасында осы кезең мәңгіге таңбаланып, өмір бойы өзімен бірге алып жүретін ауыр жүгі болып қалады. Өйткені көз алдында өткен қорқыныш өмір бойына босатпайды. Бірақ бүгінгі әңгімеміз ажырасудың салдары емес. Ажыраспауға жеткізбейтін амалдарды қарастыруға тырысамыз.

ӘРБІР АХАЖ-да ДӘРІГЕР МЕН ПСИХОЛОГТЫҢ КАБИНЕТІ КЕРЕК

Екі жас табысып, таңдауын жасағанда некесін заңдастыру үшін тұрғылықты жеріндегі АХАЖ-ға арыз тастаса болды. Айға жетпей көк куәлік қолға тиеді. Осы ортада ата-аналары тойдың қамымен басы қатып, жастардан тұрмыстың иіріміне бойлай аласыңдар ма деп сұрап жатқан ешкім болмады.

Осыдан отыз жыл бұрын-ақ некеге тұратындар ерлі-зайыптыларды физиологиясына қатысты дәрігер кеңесін тыңдап, жас отбасының мектебінен өтуге міндеттейтін. Бүгінде мұндай жақсы дәстүрді ешкім елемейді. Бедеулік белең алған заманда екі жастан некеге тұрар алдында денсаулығы туралы анықтаманы талап етсе де артықтығы жоқ. Мұның бәрі физиология тұрғысында. Ал адам жанының жайына келсек, онда бірінші кезекте психологқа жүгініп, ақыл сұраудың қажеттігі бар.

Мамандар жастардың мінездерінің сәйкестігін анықтайтын түрлі психотест, тренингтер жүргізе алады. Сол арқылы екі жас өздерінің жақын болашақтағы мүмкіндігін біліп, менталитетін түсінер еді. Некеге тұрар алдында психологиялық тесттен өтіп, сауалдарға жауап беру арқылы түпкі ойын, құндылықтарын, асыл мұратын бағамдайтын болады. Егер екеуінің де ұстанымдары, тәрбиесі бір жерден шығып жатса, онда алдағы өмірінде көп белестен қиналмай өте алады. Өйткені олар бір-бірінен не күтетінін біледі. Психологияның технологиясы арқылы менталитетін түсінеді, сүйіктісі үшін өзгергісі келе ме, жоқ па? Жақсысы, ойлануға уақыты бар.

«ОБХОДНОЙ» ТОЛТЫРУҒА АСЫҚПАҢЫЗДАР

Қызметтен кетіп жатсаңыз не бір оқу орнын бітірсеңіз, «обходной парағын» өткізетін дәстүр бар ғой. Ажырасуға келгендерді де «обходной» толтырып, бір шешімге келмес бұрын неге тағы бір ойландырмасқа? Осындай тәжірибе психологияда бар. Ол үшін психолог ажырасуға бел байлаған бес-алты жұпты қатар қабылдайды. Әрқайсысынан қалай табысып, айырылысуына не себеп болғанын сұрайды. Олар әңгімелеп отырғанда тыңдап отырғандары іштерінен «ту, осындай да нәрсеге ажыраса ма екен?» деп ойлауы заңды. Өйткені адамдар эгоист қой, өздерінің басындағы жағдай бәрінен қиын әрі күрделі деп ойлайды. Жеме-жемге келгенде көңілі сууына себеп болған болмашы жайттарды анықтайды. Осылайша, өз қателерін түсініп, арыздарын қайтып алып жатады. Демек, тығырыққа тірелгендердің де тұйықтан шығатын жолы әрқашанда табылады.

Айқын ДҮЙСЕМБАЕВ, психолог

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды