Даланың дара ұстазы

0 31

Ұлттық музейде ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай «Үміт еткен көзімнің нұры балам…» атты «дөңгелек үстел» мәжілісі, ақын, ғалым Серікбай Оспановтың «Ыбырай жолы» кітабының таныстырылымы және «Даланың дара ұстазы» атты көшпелі көрмесінің ашылу салтанаты өтті.Шараны Ы.Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық мемориалдық музейі Ұлттық музеймен бірігіп ұйымдастырды. Жиналғандар – ақын-жазушылар, ғалымдар, Парламент депутаттары Ыбырайдың мол мұрасы, еңбектерінің зерттелуі хақында кеңінен ой өрбітті.
Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы қазақ халқының маңдайына біткен асыл да, ардақты перзенттерінің бірі – Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде аталу керектігіне тоқталды.
«Ыбырай Алтынсарин – сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының бала тәрбиелеу мен оқытуын заманға сай лайықтап, бір жүйеге келтірген феномен, қайталанбас дара тұлға. Оның өмірін барынша зерттеп, дүйім жұртқа жеткізу – баршамыздың парызымыз» деді Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, педагогика ғылымдарының кандидаты, ыбырайтанушы ғалым Тана Қоңыратбай, экономика ғылымдарының кандидаты Ибраш Естайұлы тың ойларымен бөлісті. «Ұлттың ұлы ұстазы атанған адамды қалай ұлықтаса да, артық етпес» деген «Ыбырай жолы» кітабының авторы Серікбай Оспанов өз туындысын таныстырды.
«Даланың дара ұстазы» көшпелі көрмесінде Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музей қорындағы бірегей құнды жәдігерлер – мемориалдық класс (XIX ғасырдағы мектеп үлгісі), «Шариғатул-ислам» кітабының түпнұсқасы, Ы.Алтынсариннің отбасы қолданған төсекқап, жазу құралы, Ы.Алтынсариннің ас ішкен ағаш табағы мен қымыз ішкен тостағаны, Торғайда 1864 жылы ашқан тұңғыш қазақ орта мектебінің саман кірпіші, 1884 жылғы Қостанайдағы Ыбырай мектебінің кірпіші, Ы.Алтынсариннің ашқан мектептерінің қоңыраулары және мектептердің картасы мен макеттері, Ыбырайдың нағашы атасы Шеген бидің шапаны, тұтынған келі-келсабы, әдеби мұралары, этнографиялық очерктері және архивтік фотоқұжаттар, фотосуреттер мен портреттер, Ы.Алтынсариннің өмірі мен қызметі туралы кітаптар көпшілік назарына ұсынылды. Көрме 5 мамырға дейін жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 5 =