Дайындық талапқа сай ма?

0 82

Жиында «EXPO-2017» халықаралық көрмесін өткізуге дайындық жұмыстары жөнінде Премьер-министр Серік Ахметов баяндама жасады. Үкімет басшысы халықаралық көрменің ұйымдастыру жұмыстарының бас-аяғы биыл түгенделіп қалуға тиістігін атап өтті.

Бүгінде шаруалардың барлығы кестеге сай жүргізіліп жатқан көрі­не­ді. «ЭКСПО-2017» көрмесін өт­кізу және ұйымдастыру жөнінде­гі мемле­кеттік комиссияның ке­ңей­тіл­­ген отырысында дайын­дық жұ­мыс­­­тары пысық­талып, жауапты тұлға­­­лар­­ға нақ­­ты тапсырмалар белгілен­ген.

Ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүргендер ең бірін­ші әлемдік деңгейдегі шараға қатысу құқын беретін – Тіркеу құжат­та­масын әзірлеуге кірісіпті. Осы жылдың мамыр айында Премьер-министрдің орынбасары Қайрат Келімбетов бастаған қазақстан­дық комиссия осы басты құжатты алып, Париждегі Халық­аралық көрме бюро­сының атқа­рушы комитетіне жеткі­зеді. Содан кейінгі кезеңде, яғни, осы жыл­дың қазан айында дәл осы жер­де еліміз әзірлеген тіркеу құ­­жат­­та­масы таныстырылатын болады.

– Бұл аса маңызды құжат халық­ара­лық көрме бюросының тиісті талап­­тарына сай болуы керек. Сон­­дық­тан, оны әзірлеу барысын­да әлемдік деңгейдегі бедел­ді кеңес­ші­лердің пікірлері де еске­рілді, – деді Серік Ахметов.

Тіркеу құжаттамасының не­гізгі мазмұнында ЕХРО қала­шы­­ғына орналасуға тиіс ны­сан­­дардың жос­пары жасалған. «Аста­на ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы бірнеше жоспардың нобайын әйгілі сәулетші Альберт Шпеер­мен ақылдаса отырып, жасап шы­ғар­ған көрінеді. Алдын ала жасал­ған нұсқасы 18 сәуір күні Ұлт­­тық ко­­мис­­сияның отыры­сын­да ма­құл­­дан­ған. Енді халық­аралық бай­қау­ларға қатысушы сәу­летшілердің тал­қылауына ұсы­нылады. Олар жос­пар­дың бұл нұсқасымен ғана шек­телмей, көрме аумағын ай­шық­тау төңі­ре­гін­дегі ой-пікір­лерімен бөліспек.

Премьер-министрдің басшы­лы­­ғындағы мемлекеттік комиссия «ЕХРО-2017»-нің ұйымдастыру жұмыстарына ғана емес, көрме өткеннен кейінгі нысандарды кә­­деге жарату мәселесін де ойлас­­ты­рып жатыр екен. Серік Ахме­­тов­тың айтуынша, көптеген мемле­­­кет­­­терде көрмеден кейін арнайы салынған ны­сан­дардың көбі іске жа­рамай, қаңы­рап қалатын көрінеді.

Елбасының тапсырмасы бойынша, 18 ақпан күні ЕХРО көр­ме кеше­нінің үздік эскиздік жоба­сына халықаралық конкурс жариялан­ған. Бүгінде оған қатысуға 100-ден астам адам ниет білдіріпті. Соның ішінде келісім-шарт негізінде тап­сырыспен қатысып отырған 30 компания болса, соның 26-сы – шетелдікі. 4-еуі – отандық кәсіби сәулет­шілер бірлестігі. Байқаудың қоры­тындысы осы жылдың қыр­күйек айында шығарылмақ.

Аста­на­ның инфра­құрылымына да тоқталған Премьер-министр көр­ме қарсаңында елорданың кө­лік желісі де жаңғыратынын жеткіз­ді. Жолау­шы көліктеріне жеңіл рельсті жүрдек трамвай желі­­сі жа­ңа­­дан қосылып, бұл аэропорт, көрме қала­­шы­ғы, «Абу-Даби-Плаза» көпса­­ла­лы ке­шені және жаңа вокзал аралы­­ғына қатынайтын болады. Осы­­нау ірі жобаны жүзеге асыру­ды қол­ға алған француз компа­­ниясы ағым­дағы жылдың шілде айына дейін көлік желісінің оңтайлы сызбасы мен соңғы нақтылан­ған нұсқасын ұсынатын болады.

Жүрдек трамвай жүретін жолдың ұзындығы 48 шақырымды құрайды. Жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылға жоспарланып отыр.

Үкімет басшысының баяндамасынан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕХРО көрмесіне дайын­дық жұмыстарына қатысты бір­қатар сын айтты.

Көрмеге дайындық жүргізе­тін бірыңғай басшылық жоқ. Бас­шы көп, бірақ бұл жөнінде сұ­рай­тын адам таппайсың, – деп жұ­мыстың ойдағыдай жүргізілмей жат­қанына реніш білдірген Мем­ле­кет басшысы «ЕХРО» көр­месіне дайын­дық жөніндегі ұйым­дастыру ко­ми­тетін таратып, оның барлық мін­детін «Астана EXPO-2017» ұлт­тық ком­паниясына жүктеуді тапсырды.

Елбасының айтуынша, көрмеге дайындық жүргізілген алғашқы айларда ұйымдастыру шаруалары көңіл көншіте қойған жоқ. Мұн­дай қарқынмен халықаралық көр­­мені бұған дейін өткізген мем­ле­кет­тердің қателіктерін қай­та­лауы­мыз әбден мүмкін. Сондық­тан мәселені тез арада қолға алып, нақ­ты жұмыстарға кірісу керек. Пре­зидент «АСТАНА EXPO-2017» ұлттық компаниясында да «өз алдына би болған» басшылар­дың көбейіп кеткенін сын тезіне алды.

Ол әр адамның өзіне жауапты міндеттері нақтыланып, негізгі жауап­­кершілікті ЕХРО-мен тіке­­лей айналысатын ұлттық ком­па­нияға жүктеу керектігін баса айтты.

Ал, оның тиісті деңгейде орын­да­луын директорлар кеңесі арқы­лы қадағалауы керек. Қала­лық әкім­дік болса, техникалық жағын қам­та­масыз етіп, ұлттық компа­ния­­ның талабы бойынша барлық ақпа­ратты беруге тиіс.

Ол сондай-ақ, «ЕХРО-2017» ны­­­сан­­дарын жобалау жұмыстарын аяқ­­­тап, оның құрылысына биыл­дан бас­­тап кі­рісуге тапсырма берді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + eight =