«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дәдем ата – Жұмағазы хазірет зираты

0 2  409

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің қасиетті жерлері бізді рухани жұтаңдықтан сақтайтын бірден-бір жол» дегені белгілі. Осыған орай Қазақстанның Мәдениет министрлігі киелі жерлердің картасын жасады. Осы картаға Батыс Қазақстан облысынан 6 нысан еніпті. Солардың бірі – Дәдем ата – Жұмағазы хазірет зираты.

Дәдем ата кім?

Батыс Қазақстан облысында Самара-Шымкент күре жолының бойында, Орал қаласынан Жымпиты ауылына қарай 80 шақырымдай жерде әулие
Жұмағазы хазірет қорымы бар. Бұл кісіні жергілікті халық «Дәдем ата» атап кеткен. Ал халыққа көзі тірісінде ке­ңінен танылған Жұмағазы хазіретке қосымша «Дәдем ата» есімі қалай берілді? Жергілікті тұр­ғындардың айтуынша, бұл атаудың шығуының да өзіндік тарихы бар екен.
Хазірет зираты жатқан жер Сырым ауданы, Тоғанас ауылдық округіне қарайды. Тоғанас – бұрын «Правда» газеті атындағы кеңшар» атанған даңқты шаруашылық. Егіні мен мал шаруашылығын қатар дамытып, бүкіл Одаққа әйгілі болған осы кеңшарды ұзақ жыл Виктор Шубин деген кісі басқарған. Кезінде Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев­пен жеке таныстығы болған сол кісі шаруашылықтың егін алқабын кеңейту үшін көне зират орнын тегістеп, жырттыр­мақ болады. Бірақ жұмсаған адамдарының тракторлары қорымның шетіне түссе болды шетінен қирай берген. Бұған сенбеген Виктор Игнатьевич бір күні өзі келеді. Шынжыр табан трактордың табаны зираттың шетіне іліге бергенде шарт үзіліп, трактор шыр айналады. Кереметті көзімен көріп, бұл жерде бір құдірет барын түсінген Шубин енді әулие зиратын қоршап, ешкім тиіспеуін өзі қадағалайтын болыпты. Жыл сайын ауыл қарттарына бір ірі қараны тегін беріп, әулиенің басында құран оқытып, құрбан шалатын болған. Шубин әулиені Жұмағазы деуге тілі келмей, әрі құрметпен Дядя, кейінірек Дәдәм ата деп атап кеткен көрінеді.

Ерекше тылсым күшімен танылған

Жұмағазы хазіреттің қай жылы дүние есігін ашқаны туралы нақты деректер жоқ.  Ақиқаты – ол кісі Кіші жүздің Жетіруына кіретін Тама руынан екендігі. Енді бір мә­ліметтерде «Сырым ауданын­да жерленген Тәңкеұлы Жұмағазы хазіреттің аталары ХІХ ғасырдың басында Бөкей ханмен бірге Жайықтың Самар бетіне көшіп келіп, Сарыөзеннің екі бетіне, қазіргі Қазталов ауданының Ақкөл ауылы маңына қоныстанған. Бірақ, 1820-1825 жылдар шамасында қазіргі Жайықтың сол жағына (қазіргі БҚО, Сырым ауданының жері) кері көшкен» деп айтылады.
Жұмағазы хазіреттің өмір сүрген уақытын болжауға нақты мүмкіндік беретін деректің бірі – әулиенің анасына өз қолымен қойған құлпытас. Жұмағазы хазіреттің анасы Айсұлу мен әулиенің қабірі қатар орналасқан. Араб жазуымен жазылған ескерткіш мәтінінде: «Әл-мағфур, әл-мархум Тама руы Төлек тайпасы, Айсұлу Тәнке жамағаты офат 78 йашында. Үшбу тас бинә қылды ұлы хәзірет ишан … Жұмағазы 1875-нчі йылда» деген жазба сақталған. Мұның мағынасы – Жұмағазы хазірет бұл ескерткішті өз анасы Айсұлу Тәнке зайыбына арнап қойған, марқұм 1875 жылы 78 жасында өмірден өткен. Сонда әулие­нің анасы 1798 жылы туған адам болып шығады. Бұған қарап хазіретті ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында туған деп айтуға болады.
Жұмағазы хазірет жас ке­зінде біраз жыл Түркістан қа­ласында, Әзірет Сұлтан ме­шітінде әрі білім алған, әрі қыз­метінде болған көрінеді.
Ел аузында Жұмағазы ха­зірет туралы аңыз-әфсана толып жатыр. Олардың көп­шілігінде хазіреттің ерекше қасиеті, елден ерек тылсым күші туралы сыр шертіледі.
«Жұмағазы хазірет Түркіс­таннан оралған соң қазіргі Сырым мен Теректі аудандары аралығындағы жерді жайлап отырған қазақ руларының ақсақалдарына жолығып, қоныс сұрапты. Бірақ рубасылар Жұмағазының өтінішіне құлақ салмайды. Сол кезде бұрылып кетіп бара жатқан Жұмағазы хазіреттің арқасынан лаулап от көрінген екен. Мұны байқаған бір ақсақал: «Оу, жұртым, мына адам тегін кісі болмады, киесі ұрар, өтінішін орындап, жер бөліп бермесек болмас!» деген екен дейді. Қазіргі Тамасай, Үбінияз (Үбіш, Үбінияз – Жұмағазы хазіреттің баласы екен) жайлауы деген жерлер сол кезде Жұмағазы хазіреттің үлесіне берілген жер болса керек.
Енді бір аңызда Жұмағазы хазіреттің ерте күзде жаңа қат­қан Аңқаты өзенінің үс­тінен тарантас арбамен өтіп кет­кен­дігі сөз болады. Сонда қа­быр­шақ мұз арбаны қауырсын құр­лы көрмей көтерген, ал ар­ба соңынан ерген күшік ит мал­­тығып, суға бата берген екен.
Тағы бірде Жұмағазы хазірет қосшы баласымен бірге арбамен келе жатады. Айдалада арбаның белтемірі үзіліп, шойырылып қалады. Сонда хазірет сынған белтемірді түсіріп алып, бір-біріне дем салып жалғаған екен. Айту­шылар «сынған темірге көктен найзағай түсіп, балқытып жалғаған екен» деп те аңыз қылады. Хазірет қосшы баласына бұл оқиғаны көзінің тірісінде елге жария қылуға тыйым салған.
Әрине, мұның бәрі ел есінде қалған кейбір ерекше оқиғалар ғана. Әйтпесе, хазірет елге керемет көрсетіп, арзан атақ жинайтұғын адам болмаған. Ол кісінің мешіті, медресесі болғаны, шәкірт тәрбиелегені, өте тақуа, ешкімге зиян жасамайтын ақжүрек адам болғаны туралы көнекөз ақсақалдар ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.

Ата шырақшысы

Жұмағазы хазіреттің тікелей ұрпағы Ғарифолла Баймұратұлы 2009 жылдың 25 маусым күні Батыс Қазақстан облыстық әділет департаментінде «Дәдем ата» жеке қорын тіркеуден өткізді. Басына кесене көтерді. Оны әкесі бала күнінде хазіреттің зираты басына ертіп барып:
«Мынау – сенің атаң! Бірақ, бұл жерден сынық ине алам деп ойлама! Керісінше, қызмет қыл!» депті. Міне, сол әкесінің өсиетін Хазіреттің Үбінияз деген баласынан туған Жамбоздың немересі Ғарифолла Баймұ­рат­ұлы орындап келеді. Бірнеше жылдан бері осында шырақшы қыз­метін атқаруда. Ол қазақ халқының әулиеге құрмет, зиярат әдебі туралы білу үшін Қазақстанның әр жеріндегі киелі мекендерді арнайы көріп қайтыпты. «Арыстанбаб, Әзірет Сұлтан, Шопан ата, Бекет ата секілді әулиелі жерлерде болған.
Бүгінде шырақшының өз күшімен, жанашырлардың демеуімен зиярат орнында сәулетті мешіт, үлкен қонақ үй көтерілген. Халық күнде келіп, абыр-сабыр болып жат­қан кие­лі мекенде бүгінде электр жарығы мен табиғи газ желілері тартылған. Айнала абаттандырылып, субұрқақ орнаты­лып, өрнектастар тө­селген, көшет егіліп, зияратшыларға барлық жағдайлар жасалған.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды