COVID кеулеп барады

0 34
This photo taken on February 16, 2020 shows medical staff members working at the isolation ward of the Wuhan Red Cross Hospital in Wuhan in China’s central Hubei province. – The death toll from the COVID-19 coronavirus epidemic jumped to 1,770 in China after 105 more people died, the National Health Commission said February 17. (Photo by STR / AFP) / China OUT (Photo by STR/AFP via Getty Images)

Әлемде COVID-19 індетін жұқтырғандар 10 миллионнан, осы аурудан қайтыс болғандар 500 мыңнан асты. Бақилық болғандардың төрттен бірі, яғни 125 мыңнан астамы АҚШ-та тіркелсе, Бразилияда 57 мың адам аталған вирустан көз жұмды. Эпидемия­ның алғашқы кезеңінде көптеген адам COVID-19 инфекциясының бар-жоғы анықтамай жатып қайтыс болғанын алға тартқан мамандар әлемде індеттен қайтыс болғандар саны ресми саннан әлдеқайда көп болуы мүмкін деген пікірде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен аптаның соңында Еуропа мен Орталық Азияның 11 елінде коронавирус жұғу дерегі көбейді деп дабыл қақты. Бұл елдер тізімінде Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан елдері де бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның Еуропа аймағы бюросының директоры Ханс Клюгенің айтуынша, Қазақстанда дертті жұқтыру 2 есе артса, Қырғызстанда бұл көрсеткіш 1,5 есеге өскен. Бұдан бөлек, індетті жұқтыру дерегі Америка Құрама Штаттарында да артқан. Армения, Швеция, Молдова, Солтүстік Македония, Албания, Босния, Герцеговина, Украина және Косово елдерінде де вирусты жұқтырғандар саны күрт көбейген. Соңғы екі аптада індеттің таралуы қайта күшейген Германия мен Португалияда жағдай нашарлай түскен. Германияда 600 мың адам оқшауланып, бірқатар аймақта мектептер мен балабақшалар қайта жабылған.
Қазақстанда 28 маусым күні 1613 адамнан коронавирус анықталды. Мұның 547-сі симптомы бар науқас болса, қалған 1066 адамнан вирус табылғанымен, сыр­қат белгілері байқалмаған. Елімізге індет ілінгелі вирус жұқтырғандардың жалпы саны – 37 966 («ауырғандар» және «тасымалдаушылар»-ды қоса есептегенде) адамға жетті. Оның 13 мыңға жуығы жазылып, 178-і қайтыс болды. Қайтыс болғандардың 35 пайызға жуығы – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары.
Түркия COVID-19-дың екінші толқыны «эконовирус», яғни экономикалық вирус түрінде келеді деп есептейді. Елдің мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой Германияның Түркияны «қауіпті ел» категориясына алуын осылай түсіндірді. Қазірге дейін бұл елде 200 мың адам індеттің ілмегіне ілініп, 5 мыңнан астамы осы сырқаттан көз жұмды. Алайда қауіпті індеттің беті қайтпаса да, осы айдың басынан бастап елде шектеу шаралары алынып тасталған болатын. Кәсіпорындар қалыпты жұмыс тәртібіне көшіп, қоғамдық тамақтану орындары қайта ашылды. Қалалар арасындағы қатынас та жанданды. Алыс-жақын шет елдерден саяхатшылар келіп, өз демалыстарын осында өткізуге кіріскен еді. Бірақ індеттің қайта асқынуы қалыпты тірлікті қайта тығырыққа тірейтіндей.
Халқы тығыз орналасқан Үндістанда жағдай қиындап барады. Бұл елде вирус жұқтырғандардың жалпы саны 530 мыңға жетіп, қайтыс болғандар саны 16 мыңнан асты. 27 маусымда бір тәулікте 18 500 адамнан коронавирус анықталып, рекордтық көрсеткіш тіркелді. 385 адам осы аурудан қайтыс болды.
Оңтүстік Кореяда да індет қайта күш алды. 28 маусым күні бұл елді коронавирус 62 адамнан анықталған. Эпидемия басталғалы 12 715 адамның коронавирус жұқтырған. Оның 282-сі қайтыс болған.
Індет жұқтырғандардың саны жағынан үшінші орында тұрған Ресейде 635 мыңға жуық адамға COVID-19 вирусы ауыз салған. 9 073 науқас қайтыс болған. Ресейде де өлім жағдайы Қазақстандағы сияқты тіркеледі. Атап айтқанда, науқастың өліміне тек инфекция себеп болды деп шешілсе ғана ресми тізімге енгізіледі.
Иранда да індет ырық бермей тұр. Ақпан айында ең алғаш рет коронавирус­ты тіркеген Иран індеттің тарауын тоқтата алмай отыр. Бұл елде 220 180 адам вирус жұқтырып, 10 364 адам қайтыс болған. Жақында Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи «коронавирус індеті өрши берсе, ел экономикасы тығырыққа тіреледі» деп мәлімдеді.
Індетпен күрестегі жетістіктерін мақтан тұтатын Израильде де коронавирусты жұқтырғандардың саны өсіп кетті. Ал Қытай астанасы Бейжіңде соңғы кездері індет жұқтырғандар саны күн санап өсіп барады.
Әлемді жайлаған індетке қазірше ем табылған жоқ. Әр ел вирусқа қарсы дәрілерді пайдаланып ем-дом жасауда. Бірақ атың өшкір COVID-19-дың күдігі де көп болып тұр. Бастапқыда мамандар бұл тыныс алу жолдарына әсер етеді десе, кейін қан айналыс жүйесіне де әсер ететіні анықталды. 28 маусымда Рейтер агенттігі әлемге әйгілі Скриппс ғылыми-зерттеу институтының директоры және кардиолог Эрик Тополтың: «Біз бұл жай ғана тыныс алу жолына ғана шабуыл жасайтын вирус деп қарамауымыз керек. Бұл вирус ұйқы безіне, жүрекке, бауырға, миға, бүйрекке және басқа органдарға шабуыл жасайтыны анықталды. Бұл біз басында елестетпеген нәрсе еді» деген сөзін жария­лады. Ал кейбір мамандар осы мәселелерді шешуге біршама уақыт кетеді, індет жұқтырғандар толық қалпына келмеуі де мүмкін» деген пікірде.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, асқынған індетті жеңуге, халықаралық әріптестік шеңберінде дертке қарсы вакцина мен оны емдеу құрал-жабдықтарын дайындауға 31 миллиардтан астам доллар қажет. Оның бір бөлігі кедей елдерге диагностикалық тест пен емдеу құрал-жабдығын сатып алуға жұмсалмақ.
Ал вакцинаға келсек, оның да қазір ауылы алыста тұр. Қазір әлемде мамандар COVID-19 вирусына қарсы екпенің ондаған түрін дайындап жатыр. Кейбірі клиникалық зерттеу барысында адамға салып, сынала бастады. Әйткенмен, екпе жасап шығару, оның қауіпсіздігі мен тиімділігін тексеру – ұзаққа созылатын процесс. Тіпті ең оптимистік болжам бойынша, ондай дәрі тек жыл соңына қарай дайын болуы мүмкін дейді мамандар. Бірақ вакцина дайын болған кезде күдігі көп коронавирус «қырық құбылып, типін өзгертіп шыға келмес пе» деген алаңдау да жоқ емес.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 13 =