COVID-19-ды емдеуге арналған жабдықтар жеткізілді

0 33

Елорда ауруханалары мен емханаларына коронавирус пен пневмонияны емдеу үшін қосымша медициналық жабдықтар түсті. Олардың ішінде 150 флуометр, 350-ден астам оттегі концентраторы бар. Таяу күндері өкпені жасанды желдетуге арналған 50 аппарат жеткізіледі.Мемлекет басшысы Covid-19-ға қарсы күрес мәселесі туралы кеңесте медицина мекемелерін оттегімен және басқа да медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырды. Жақын күндері қала ауруханалары мен емханаларына тағы 250-ден астам оттегі концентраты, 350 флуометр, 2 компьютерлік томограф және т.б. жабдықтар түседі.

Қала әкімі Алтай Көлгінов емхана мен ауруханалардың басшыларымен өткізген онлайн жиналыста астанада қатаң карантин шаралары енгізілгеннен бері, дәрігерлер мен медицина мекемелеріне жүктеме азайғанын атап өтті.Сонымен қатар елорда әкімі емханаларда амбулаториялық емдеуді күшейтуді жалғастыру қажетін атап өтті. Себебі науқастардың 60%-дан астамы, бірінші кезекте, қаладағы емханаларға жүгінеді. Жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері телемедицина құралдарын пайдалана отырып, Covid-19-бен күресуде өз тәжірибелерімен алмасуда. Телемедицина аясында онлайн-консультацияларды өткізу жалғасуда. Медицина қызметкерлері жоспарлы емдеуге алынатын нау­қастардың денсаулық жағдайын қадағалап, қажет болған жағдайда емдеуге жатқызады.
Осы аптада елордаға COVID-19, пневмония және басқа да бірқатар ауруларды емдеу үшін 80 тонна дәрі жеткізілген. Бүгін-ертең дәрі-дәрмектердің кезекті партиясы күтіліп отыр. Медикаменттер қорын толықтыру, қосымша медициналық жабдықтар сатып алу, жаңа инфекциялық төсек-орын дайындау мәселелері бақылауға алынған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + 17 =