ЧЕМПИОНДАР ШАЙҚАСЫ

0 159

Осы аптада біздің «Астана арландары» мен «Куба қабыландары» командасы «Чемпиондар шайқасында» қолғап түйістірді. Жеңіс қонақтардың қоржынында кетсе де, жекпе-жек тартысқа толы болды.

Арландар мен қабылан­дардың арпалысы екі күнге созылды. WSB чемпионатының 2013/2014 жылғы жеңімпаздары кездесудің көрігін қыздырды. Алайда, арландар алғашқы күннен-ақ жеңістің тізгінін кубалықтарға беріп қойды. Майданды бастаған 49 келідегі Мардан Берікбаев Сантьяго Амадораны сан соқтырып, 1 ұпай еншілеген еді. Бірақ, қалған төрт боксшымыз Марданның жеңісті жолын жалғай алмады. Бұл күнгі есеп 1:4 болып тіркелді.

Жанкүйерлер қауым екінші күннен үміт күтті. Үміт ақталды! Алдымен шаршы алаңға көтерілген Мирас Жақыпов жеңіс жолын ашты. Нағыз арланша айқасқан Мирас олимпиада және әлем біріншілігінің жүлдегері  Вейтианы айқын жеңді.

Келесі салмақта Роман Щегринов әлем чемпионы Алварез Эстрадаға тегеурінді төтеп берсе де, таразы басын өзіне аудара алмады. Бостандық аралынан келген шымыр жігітке шамасы жетпеді.

Ал, 69 келі салмақтағы жекпе-жек осы матчтағы ең тартысты бәсеке болғаны сөзсіз. Мадияр Әшкеев әлем чемпионы әрі олимпиада ойындарының жеңімпазы Иглесиас Сотолангамен болған шайқасқа нағыз намыстың найзағайын көрсетті. Қанша соққы алып, бет-аузы қанжоса болса да, шегінбей соңына дейін қарсылық танытты. Ақыры, оның жеңіске деген жігерін жоғары бағалаған төрешілер біздің Мадиярды жеңімпаз деп таныды. Зал толы көрермен осы сәтте қазақтың қайсар ұлына орындарынан тік тұрып, құрмет көрсетті.

81 келіде сынға түскен Хргое Сеп екі дүркін әлем чемпионы, олимпиада жеңімпазы Ла Крузге қарсылық көрсете алмады. Біздің ұлттық құраманың мақтанышы Әділбек Ниязымбетовтің байрақты бәсекелерде жолын кескен кубалық боксшы бұл жолы да басым болды.

Ең ауыр салмақтағы жекпе-жекте жанкүйердің делебесін қоздырды. Филип Хргович қарсыласы Ортеганы бесінші раундта нокаутқа түсірді. Осылайша, арландар 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Түптеп айтқанда, «Астана арландары» және «Куба қабыландары» арасында өткен жолдастық кездесу, яғни, «Чемпиондар шайқасы» 4:6 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Ең бастысы, қазақ боксшылары әлемдегі ең мықты команда саналатын кубалықтарға қарсы тегеурінді тойтарыс берді.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + 9 =