ЧЕ ЧАВЕС

0 95

Өткен аптада біз үшін буалдыр тарта бастаған социалистік идеялардың соңғы бекеттерінің бірі – Венесуэла өзінің президентін ақтық сапарға шығарып салды. Соңғы жылдары пайда бола бастаған “харизма” түсінігінің жапсары марқұм Уго Чавестің тұлғасына байланысты толық ашылғандай болды. Ақпараттық тепе-теңдік сақтау үшін құлағымызды тосып, көзімізді тіккен радио-телеарналардың барлығы да президент Чавестің мақтауын жеткізді. Тіпті панамерикалық ақпарат көздері де. Бұл не?

Қаддафи жасау мүмкін болмады

Уго Чавес – Латын Америкасы деп шартты аталып кеткен Оңтүстік Америка құрлығы, Солтүстік Американың төрттен бірі дерлік және Кариб бассейні елдерінен аты күллі әлемге әйгілі болған тұлға болатын. Және әңгіме тіпті де оның батыстық үлгідегі саяси тұлға образын тәрк етіп, ән салып, би билеп, қарабайырлыққа салынғанында емес.

1998 жылы билікке келген Ча­вес­­­ті алпауыт елдердің барлығы ке­­­зекті уақытша келім-кетім ге­­не­рал­­­дардың бірі деп ойлаған. Ла­ты­н­­америкалық мемлекеттерде би­лік түс ауа ауысып кете беретіні әбден үй­­реншікті жәйт болғаны және бар. Бірақ олай болмады. АҚШ-тың зәресі ұшатындай-ақ жағдай орын алды: дәл иегінің астындағы елдердің бірі ықпалынан шығып кеткені өз алдына, күні бітті деп жүрген социализмге бет бұрды! Әрине, айталық, солтүстік корей нұсқасындағы қарадүрсін социализм емес, құдайға құлшылықты үйлестіре білетін өзінше социализм. Әрі қарай мұнай компанияларының мемлекет меншігіне алынуы – корпоративті АҚШ-қа ақырғы соққы болды: осы тұстардан бас­тап америка медиасында Чавес – “сайтанның ұлы”, “адамжегіш”, “көңілді зиянкес” деген сияқты айдарлар тағыла бастайды.

Бірақ АҚШ үшін бар бәле алда болатын. Чавестің ендігі ісі – Латын Америкасы елдерінің ауызбіршілігі болды. Бұл аймақты әдетте өз ауламыз деп есептеп келген АҚШ-тың кейбір “өтініштері” қараусыз қалып, сөзі өтуі қиынға айналды. Чавестің ықпалымен. Айта кету керек, бұл жерде соншама беделді емес Венесуэла латынамерикалық елдердің басшылығын ортақ тарихи мұра һәм мұраттармен, мәдени ұқсастықтар мен бауырластық арқылы топтастыра алды. Бұрын латынамерикалық банан, кофе, мақта мен жүгерісін сатуда бірден бір монополист болған АҚШ-тың ықпалы кәдімгідей азайды. Тіпті Оңтүстік Америка қызылдардың (Қытай мен Мәскеу) ықпалында кете ме деген де үрей болды.
Соңғы амалдардың бірі – Чавесті сыртқы әлемге хайуан қанаушы, әбден байыған қылмыскер ретінде көрсету болатын. Бірақ парадокс сонда: АҚШ өзінен ондаған мың шақырымда жатқан Ливияның Қаддафиін солай көрсете алса да, иегінің астындағы Чавеске әлі келмеді. Сыры неде екен?

«Мырзажан»

Уго Чавес 5 наурыз күні қайтыс болғаннан бері әлемнің түкпір-түкпірінде өткізіліп жатқан дөңгелек үстелдерде сан жоқ. Бірақ басты сұраққа жауап әлі табылмай жатыр: бұл кім болды – әккі саясатшы ма, әлде барлығы өзінен өзі тамаша болды ма? Нақты жауаптың нобайы да көрінбейді, Чавестің ғаламат қолдауға ие болуын түсіндіретін нәрселер дегенмен бар сияқты.

Біріншіден, латын америкасы, бір кездегі орыстар әлде қытайлар сияқты, қып-қызыл социализмге қойып кетпегенімен, мұндай жүйенің өздерінше нұсқасы бар ұлттардың мекені. Че Гевара, Фидель Кастро сияқты тұлғалардан кейін, осы латынамерикалық үлгідегі әлеуметтік қоғамның келбеті бола­­тын тағы бір тұлға керек-ақ бо­­лып жүр еді. Себебі, Че Гевара ұмытылмағанымен, өт­кен ұрпақтың ғана көз көрген қай­рат­кері еді. Ал Фидель Советтер Одағы күйрегеннен кейін жалыны басылмады емес, басылды. Ақыры кіріптарлықтың қамытын киді. Уго Чавес осы жерде іздегенге табылған бола кеткені анық. Ол да “команданте” деген құрметті атаққа ие болды.

Екіншіден, о баста АҚШ-қа арқа сүйеген латынамерикалықтар бай мен кедейдің арасындағы үңірейген апанға ие болды. АҚШ тарапынан латифундалар (плантаторлар) ғана қолдау алғасын, байы – байи берді, кедей қала шетіндегі лас кварталдарға ысырыла берді. Сарайлар мен лашықтардың қатар тұр­­ғанына иллюстрация керек бол­са, осы латынамерикалық ресур­­стардан іздеңіз. Экстра-классты көлік түбінде алақан жайып отыр­­ған адам – ендігәрі ақын қия­­лының жемісі емес, өмірдің өз өрнегіне айналды. Ендеше Уго Чавестің саясаттағы АҚШ-қа қар­сы­ риторикасы уақытылы басталып,­ қа­ра орман кедей-кепшіктің көңі­лі­нен шыға қойды.

Үшіншіден, Чавестің мұнай­дан түс­­­кен қаржыны аяусыз әлеу­­мет­­тік арнаға бұрып, ешқандай эко­но­­­микалық қисынға қарамастан жоқ­­­тарды жарылқап тастауы, және олар­­ды Конституциямен бекітуі. Әри­­не, ағын су ақша ешқашан бол­майды, және мұнайдың мас­­ты­­ғынан бір күні айығуға тура келеді. Ол кезде жағдай тіпті мүш­­кіл болуы мүмкін. Бірақ Ча­­вес ол кесір күн келетін уақыт­­тан ерте дүниеден озып отыр. Әшкерелеуге жатпайтын, тек қа­на жақсысын айтатын деңгейге өтіп кетті. Енді ол мәңгіге дерлік төң­­керісшіл күштердің піріне ай­­налып, бейнесі футболкаларға Че Ге­­вара, Фидель Кастролармен­­ бір­­ге басылмақ.

Тағы не айта аламыз? Иә, айт­­пақ­­шы шотында қара бақыр да, тіп­­ті шоты да жоқ тұлғалардың бі­­рі. Ақшаны сүймеуі – оны халық­­пен теңестірді және жау­­ла­­рының қолына айғақ болатындай­ түк­ бермеді. Бірақ Кубаны өз қал­­­­тасынан шығып жатқандай мил­­­­лиардтап қаржыландыра са­­ла­­­­тыны сияқты ұрдажық мінезі де­­ болды.

Биші. Әнші. Генерал. Ха­лық­­тың айнасы. Диктатор. Өл­­ген­­де жаулары да қайғырған адам. Міне, өткен аптада осын­­дай­ қарама-қайшылыққа то­лы саяси тұлға мәңгілікке аттанды.

Бетті дайындаған:
Ерлан ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + 11 =