Бюджеттік бағдарламалардың орындалуы қалай?

0 16

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда қаланың төрт ауданы – Байқоңыр, Есіл, Сарыарқа және Алматы аудандары өкілдерінің өңірлердегі санитарлық тазалық, абаттандыру, басқа да күнделікті шаруашылықты жүргізу жұмыстарына қатысты есептері тыңдалды.Байқоңыр ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов ауданның 6 бюджеттік бағдарламаның операторы екенін атап өтті. Ауданға алдағы үш жылға бюджеттік бағдарламаларды орындау үшін 21 635 млн тг астам қаржы қарастырылған, оның 7 526 млн тг ағымдағы жылға бөлініп отыр.
– Бөлінген қаржының 3 млрд 682 млн теңгесі өңірді санитарлық тазартуға бағытталады. Бүгінде Байқоңыр ауданында 216 көше бар (жалпы ұзындығы – 249 км). Соның санитарлық тазалау­ға жататын аумағы – 16 мың га. Көктемде қызылсуға қарсы күресу үшін 246 млн теңге қарастырылды. Нөсерсу кәріздерін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына 260 млн тг бөлінді. Қазір осы бағыттарда қарқынды жұмыстар қолға алынып жатыр, – деді аудан әкімі.
Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша аудан аумағында 604 контейнерлер алаңы бар, үстіміздегі жылы жаңадан тағы 90 контейнер алаңын орнату және пайдаланудағы 150 алаңға жөндеу жүргізу жоспарланған.
Аумақты абаттандыру және көгалдандыру бағдарламасы бойынша 2 млрд 742 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржы өңірдегі жасыл желектерді күтімде ұстау, жаңадан көшеттер отырғызу шараларына, көшелерді мерекелік рәсімдеуге жұмсалады.
Байқоңыр ауданында 234 аула бар. Биыл 39 ауланы абаттандыру жоспарланған. Одан бөлек, тағы 28 ауланы абаттандыру қажеттілігі кезегін күтіп тұр. Аулаларды кешенді абаттандыру ісінде спорт алаңдарын жасақтау, балалардың ойын алаңқайларын құру және жөндеу көзделген.
– Құрметті депутаттар, 28 ауланы абаттандыру үшін қосымша 608 млн теңге қажет, бюджеттен осы қаржыны бекітіп берулеріңізді сұраймыз. Қаржы бөлінсе, біз бұл аулаларды абаттандыруды да биыл аяқтап шығар едік, – деп аяқтады сөзін ­Н.Нұрсағатов.
Есіл ауданы әкімінің орынбасары Елнар Уақитов 2019 жылы аудан аумағын санитарлық тазалауға 6 млрд теңге бөлінгенін, 2020 жылы бұл мақсатқа 6 млрд 887 млн тг қарастырылғанын айтты.
– Есіл ауданы санитарлық тазалықты оңтайлы ұйымдастыру үшін 11 учаскеге бөлінді. Аумақта тазарту жұмыстарында 27 мердігерлік ұйымдар қызмет көрсетеді. Өңірде жалпы ұзындығы 243 шақырым болатын 230 көше бар. Оның ішінде басты мердігерлер – «Астана тазалық» ЖШС және «Астана зеленстрой» ЖШС. Былтыр ауданға жаңадан 12 көше қосылды. Ішкі орам бойынша жаңадан 40 мекенжай қосылды, – деді Елнар Уақитов.
Жаңадан қосылған учаскелерді ескере келе бюджеттен қосымша қаржы сұратқан екен, бірақ бұл талаптары қанағаттандырылмаған. «Есіл ауданы – қаладағы ең үлкен аудан. Оның үстіне жаңа аумақтарды пайдалануға беру арқылы өңірдің аумағы жыл сайын 20-30 пайыз өсіп келеді. Осыны ескере отырып, ауданның бюджеттік бағдарламаларын толық атқару үшін бізге әлі 1 млрд 900 млн теңге қажет» деді Есіл ауданы әкімінің орынбасары.
Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Теміржан Едігенов аудан аумағында бюджеттік бағдарламалар үшін 7 млрд 900 млн теңге бөлінгенін жеткізді. Оның 4 млрд 300 млн-ы – санитарлық тазарту, 2 млрд 600 млн-ы абаттандыру жұмыстары үшін қарастырылған. Аудан аумағында 540 аула бар, оның 421-інің күйі жақсы, ал 119 ауланы жөндеп-жаңғырту қажет. Биыл 40 аула жөндеу жоспарланған. Әкімнің орынбасары аумақта санитарлық тазартумен 12 мердігерлік ұйымдар айналысатынын атай келе, биыл қардың ерекше қалың жауғанына байланысты санитарлық тазарту жұмыстарына қосымша тағы 450 млн теңге сұратты.
– Сарыарқа ауданында елімізде алғашқы болып «бюджетке қатысу» қанатқақты бағдарламасы сәтті жүзеге асырылды. Сол арқылы аудан халқы өздері бастамашы болып, 100 млн теңгені қандай жұмыстарға бөлу керектігі жөнінде ұсыныс жасау мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде аталған бағдарламаны еліміздің басқа қалаларында қолға алу ойластырылып жатыр, – деді Теміржан Едігенов.
Сарыарқа ауданының өзекті мәселесінің бірі – қызылсу басу қаупінің жоғарылығы. Қазіргі күні Агроқалашықта 67 мың тұрғыны бар 4200 жер үйді қызылсу басу қаупі орасан. Аталған қалашықта 12 көше, 4 батпақты учаске бар. Осы аумаққа жылда көп көлемде қар суы мол жиналады. Қызылсудың алдын алу үшін ұзындығы 7 км су өткізу құбырын салу керек, ол 300 млн теңге қосымша қаржыны қажет етеді. Көрсетілген қаржы елорданың тұрғын үй алаптарын дамытудың 2020-2022 жылғы кешенді бағдарламасына енгізілген.
Ауданда қазіргі күні 40 мың түп тал-ағаш бар, соның ішінде 4 мың көшет былтыр отырғызылған. Сарыарқа аумағын «жасылдандыру» жұмыстары биыл да қарқынды жалғастырылатын болады.
Соңғы болып сөз алған Алматы ауданы әкімінің орынбасары Тынысбек Арашаповтың айтуынша, ауданды санитарлық тазалауға 2019 жылы 4,1 млрд теңге бөлінген. Аудан аумағы 15,4 мың га жерді құрайды. Ұзындығы 314 км болатын 365 көше орналасқан. Санитарлық еңбекпен 11 мердігерлік ұйымдар айналысады. Күн сайын бір ауысымда 450 жұмысшы, 350 арнайы техника көше тазалауға шығады. Жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылды.
Аймақта 420 аула бар, былтыр соның 87-сі абаттандырылып, 42-інде кіші сәулет нысандары орналастырылды. Сондай-ақ 4 воркаут алаңқайы мен 6 футбол алаңы салынды. Нәтижесінде ауданда абаттандырылған аудандардың саны 387-ге жеткен. Тұрғындардың қажеттілігін ескере отырып 48 мекенжайда жүргінші жолдары салынды. Жастар саябағында жабдықтар жаңартылып, жол шақпақтастары ауыстырылды. Шағын сәулет нысандары орнатылды. Ақбұлақ өзені бойында 2 км веложол және жүгіру жолы салынды. Есіл ауданының оң жағында орналасқан саябақта 9 км веложол және жүгіру жолы салынды. Саябақтарда қураған ағаштарды кесу, арамшөп жұлу жұмыстары жүргізілді.
– 2019 жылы абаттандыруға 1,3 млрд тг бөлінді. Ол 2018 жылмен салыстырғанда 14 %-ға қысқартылды. Соған сәйкес істелген жұмыстар да біршама азайтылды, – деп Тынысбек Арашапов ашығын айтты. – 2020 жылы абаттандыру жұмыстарына 1,1 млрд тг бөлінді. Оған 33 ауланы абаттандыру жоспарланған.
Тынысбек Арашаповтың айтуынша, тұрғындардың белсенді демалу және спортқа деген сұранысын ескере отырып, жалпы сомасы 420 млн теңге болатын
7 гектар жерге 15 қоғамдық орны салынатын болады. Сондай-ақ жалпы аумағы 250 гектарды қамтитын триатлон, Президенттік саябақ және Есіл ауданының оң жағалауы аумақтарын жаяу жүргінші соқпағымен, веложолмен қосу жоспарланған. Оған бюджеттен қосымша 1,1 млрд тг сұраған.
Тұрақты комиссияның төр­ағасы Мирас Шекенов отырыс­ты қорытындылай келе:
– Бүгінгі санитарлық тазартуға, қызылсумен күрес және абаттандыруға қатысты айтылған ұсыныстардың бәрін нақтылаңыздар, біз қолдаймыз. Әзірше уақыт барда қосымша қажеттіліктеріңізді ұсынысқа қосыңыздар. Екіншіден, «Астана тазалық» ЖШС-ының қызметіне қатысты бірқатар сын-ескертпелер бар, алдағы уақытта ол партиялық бақылауға алынатын болады, – деп түйіндеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды