Бюджетті нақтылау басталды

0 14

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында елорданың алдағы үш жылға арналған бюджетін нақтылау басталды. Мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында тиісті департаменттердің бюджеті талқыланды.

Қаланың Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараевтың мәлімдеуінше, үш жылдың ішінде бюджеттің жалпы шығындары 1 трлн 1 млрд 376 млн теңгені құрайды деп болжанып отыр. Ал 2021 жылдың бюджет жобасы 663 млрд 946 млн болады деп жоспарланған. Бұған қоса, жеке табыстар түсімдері, республикалық бюджеттен трансферттер қала бюджетін толтырады.
Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың Полиция департаментіне арналған жаңа ғимаратты салуға, департамент қызметкерлерінің жалақысын көтеруге тапсырма берді. Қ.Маңқараевтың айтуынша, алғашқы мәселені жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы шешу жоспарланып отыр. Ал жалақыны өсіру үшін бәлкім республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер бөлінетін шығар.
Жалпы Полиция департаментінің материалдық базасын күшейтуге қосымша 1 млн теңгеге тапсырыс берілді. Бұл туралы департамент бастығының орынбасары Сабыр Жүсіпбеков айтты. Басқа да мақсаттарға қомақты қаржы қажет.
Қала аумағында қоғамдық тәртіпті сақтауға үш жылға 11 млрд 148 млн теңге бөлінген. Ал оның 60 пайызы тәртіп сақшыларының жалақысына жұмсалады. Бұған қосымша, осы іске ниет танытқан азаматтарды ынталандыруға 14,5 млн теңге қарастырылған. Нашақорлықтың алдын алуға, есірткі бизнесінің жолын кесуге 18 млн теңге бөлу жоспарланған.
Ал Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов арнаулы техниканы сатып алуға екінші лизинг бойынша қаржы сұрады.
– Қазір өрт сөндіруге арналған 142 техниканың 72 пайызын ауыстыру қажет. Өйткені көбісін пайдаланып келе жатқанымызға 10 жылдан асты. Бұл техника әбден тозып бітті. Егер 2020 жылы 89 көлік есептен шығарылса, техникамен қамтамасыз ету көрсеткіші 28 пайызға төмендейді. Биыл жылдың аяғына дейін бірінші лизинг бойынша 4 көлік сатып аламыз. Келесі жылға 48 техникаға тапсырыс бердік. Оның жалпы сомасы – 3 миллиард теңге. Қазір сол мақсатқа тағы 695 миллион теңге керек, – деді Б.Сыздықов.
Жалпы қала аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға үш жылға – 884,7 млн теңге, аумақтық қорғанысты қамтамасыз етуге 40 млн теңге қарастырылған. Ал жұмылдыру дайындықтарына 394,5 млн теңге бөлінбек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × four =