Бюджетке қатысудың бүгіні мен болашағы

0 23

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр шілде айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «халық атсалысатын бюджет» жобасын қалыптастыруды, яғни белгілі бір аймақ бюджетін әзірлегенде тұрғындардың пікірі мен сұранысына құлақ асуды тапсырды. Президенттік жастар кадр резервіне өткен азаматтармен кездесуінде осыны тағы еске салды. Осы апта басында ел халқына жолдаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында бұл жобаны дамытудың келесі кезеңіне өту керектігін атап өтті.Елорданың Сарыарқа ауданында «Бюджетке қатысу» жобасын жүзеге асыру өткен жылы басталып, табыстылығын көрсетті. Қала басшылығы тарапынан биыл бұл жобаны бас шаһардың барлық аудандарында қолға алуға тапсырма берілді. Осы бағытта Сарыарқа ауданы тағы алда келеді. Былтыр аталмыш ауданда жоба аясында 14 аула абаттандырылса, осы жылы 13 аула көркейтілді.
Кеше елордада қалалық қоғамдық кеңестің бастамасымен «Нұр-Сұлтан қаласында «Бюджетке қатысу» жобасын жүзеге асыру: жинақталған тәжірибе мен болашағы» атты «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Бас қала аудандары әкімдіктерінің басшылығы, үкіметтік емес ұйым­дар өкілдері, шаһар тұрғындары қатысқан жиында күн тәртібіндегі мәселе жан-жақты талқыланды.
Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егемберді жобаны іске асыруда аудан тәжірибесімен бөлісіп, осы жоба шеңберінде абаттандырылған аулалармен таныстырды.
– Аулаларды абаттандыру бо­йынша тұрғындардан ұсыныстар жылдан-жылға көбейіп жатыр. Былтыр осындай 22 ұсыныс келіп түссе, биыл 68-ге жетті. Біз мүмкіндігімізге, қаржының бөлінуіне қарай соның он үшін таңдап алдық. Бұл істе ескеретін бір мәселе бар. Өткен бес жылда абаттандырылған аулаларды бұл жобаға қосуға болмайды. 2019 жылы біз мұны ескермедік. Осы жылы есепке алдық. Бірақ келесі кезеңде «Бюджетке қатысу» жобасы аясында аулаларды абаттандырумен шектелмеу керек деп есептеймін. Ендігі жылы халықтың тілегімен жолдарды орташа жөндеуге, аялдамаларды, бағдаршамдары орнатуға көшуіміз керек деп есептеймін. Істі аудандардың әкімдіктеріне ғана жүктемей, бұған қала басқармалары да атсалысуы қажет, – деді Е.Егемберді.
Қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов жобаларды жүзеге асыруда ашықтықты қамтамасыз ету керектігіне назар аударды. Оның пікірінше, мердігерлермен тікелей қарым-қатынасты да мейлінше азайту керек. Ол бұл бағытта цифрландыру жүйесін қолдануға болады деп есептейді. Әрине, әр істі басынан аяғына дейін бақылауға тұрғындар тартылуы қажет.
Өткен жылы Сарыарқа ауданында «Сити менеджер» жобасы да іске асырылды. Бұл жобаны оның жетекшісі Максим Николайчук таныстырды. Оның айтуынша, жоба әкімдік пен қарапайым халық арасында көпір орнатуға негізделген.
– Жобаны бастағанда тұрғындар тілектерін, ұсыныстарын жинақтап, аудан әкімдігіне жеткіздік. Сондай-ақ, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Мәселен, көп адам «Ашық әкімдік» платформасы барынан хабарсыз болды. Сондай адамдарға бұл алаң арқылы да әкімдікпен қарым-қатынас жүргізуге болатынын айттық. Яғни белгілі бір мәселені шешу үшін таныстарды салудың, ақша берудің қажетсіздігін түсіндірдік. «Бюджетке қатысу» жобасының жүзеге асырылуына да атсалыстық. Мұны бақылауда ұстадық. Рас, тұрғындар бұл жобаның жүзеге асатынына бастапқыда сенбеді. Кейін бос сөз емес екендігіне көздері жетті, – деді М.Николайчук.
Қалалық қоғамдық кеңес «Бюджетке қатысу» жобасының жүзеге асырылуына мониторинг жүргізген. Соның қорытындыларымен кеңес мүшесі Алтынай Нүркеева таныстырды. Оның мәліметінше, әлемде бюджеттің ашықтығын есептеу индексі бар. Ол әр екі жыл сайын есептеледі. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан кейінгі есептеу­ге сәйкес 58 ұпай алған. Екі жыл бұрын елімізде аталған индексте 53 ұпай болған еді.
– Біз «Бюджетке қатысу» жобасы қалай жүзеге асырылып жатқанын білу үшін аудандардың әкімдіктеріне сұраныс хат жібердік. Алматы ауданында 14 жобадан биыл 2 жоба ғана іске асырылып жатыр. Қаржыландыру жағынан еш жерде ақпарат жарияланбаған. Байқоңыр ауданында да осындай жағдай. Есіл ауданында 8 жоба қолға алынған. Тиісті ақпарат әкімдік сайтында жарияланған. Бірақ оны табу қиын. Өтініштерді қабылдау мерзімі 24 сәуір-1 мамыр деп көрсетілген. Яғни өте аз уақыт берілген. Сарыарқа ауданы 13 жобаны жүзеге асыруға 200 миллион теңге бөлінгенін көрсетті. Әкімдік сайтында бұл туралы жан-жақты ақпарат орналастырылған. Бірақ «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша қала тұрғындары білуі тиіс ақпараттың әлі де аздығы байқалады, – деді А.Нүркеева.
Қоғамдық кеңес мүшесі ­Марат Мұстафин шеткі аймақтарды абаттандыруға назар аударды. Бұл істе «Жастар» шағын ауданын көркейту ісін мысал ретінде келтірді. Оның айтуынша, осы маңайдың тұрғындары өте белсенді. Соңғы жылдары шағын ауданда атқарылған жұмыстардың арқасында аумақ танымастай болып өзгерді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + twelve =