«Бюджетке қатысу» жобасының жақсылығы

0 45

Былтыр елорданың Сарыарқа ауданында «Бюджетке қатысу» қанатқақты жобасы табысты жүзеге асырылды. Өткен жылы осы жоба аясында 14 аула абаттандырылды. Ал биыл осы ауданда жалпы алғанда 40 ауланы абаттандыру жоспарланса, аталмыш жоба шеңберінде 13 аула абаттандырылатын болды. Тиісті жұмыстар қазіргі уақытта басталып, бірқатар ауланы көркейту ісі аяқталды.Бұл жобаның ерекшелігі, аудан тұрғындары өз аулаларын көркейту мен дамыту бойынша ұсыныстарын жолдай алады. Осы жылы сондай 13 ұсыныс қабылданды. Аудан әкімдігінің сайтына жарияланған бұл жобаларға халық дауыс берді. Иә, тұрғындар ұсыныстарды жолдаумен қатар, абаттандырылатын аулаларды өздері таңдайды. Әр жобаға бюджеттен 15 млн теңгеге дейін бөлінеді.
Сарыарқа ауданында биыл «Бюджетке қатысу» жобасы аясында көркейтілген ауланың алғашқысы Абай даңғылы, 8 мекенжайында орналасқан. Осы жылы ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толып отырғанын ескерсек, жобаның ақын көшесінен басталуының мән-маңызы артады. Бұл жобаның бастамашысы – Евгения Шерякова. Үш кезеңнен өткен жоба 1223 қолдаушы дауыс жинады. Жалпы, аталған мекенжайдағы көппәтерлі үйде 1100 тұрғын тұрады. Олар аулаларының көркейгеніне қуанып отыр.
«Бюджетке қатысу» жобасы бойынша 300 тұрғыны бар Ә.Жангелдин көшесі, 3 мекенжайындағы аула да абаттандырылды. Тиісті ұсынысты Жанна Әділбекова мен Әсел Жұмақаева әкімдікке жолдаған. Нәтижесінде бұл жоба 431 дауыс жинады. Мұнда балаларға арналған ойын кешендері орнатылып, автокөліктердің қосымша тұрағына асфальт төселді, тротуар салынды.
Үшінші жоба 300-ден аса адам тұратын К.Байсейітова көшесі, 122 мекенжайында іске асырылды. Елорда тұрғыны Римма Берекетованың ұсынысын 470 адам қолдады. Аулаға шағын сәулеттік қалыптар, «Workout» спорт кешені, қоршау турникеттері орнатылды, рәзеңке төсеме төселді.
Жақында ауданда жаңа қоғамдық кеңістік пайда болып, Жеңіс даңғылы, 26 а мекенжайында саябақ ашылды. С.Сейфуллин, 14/1 мекенжайында шағын бақ ашылады. Биыл қаланың орталығы ғана емес, шет аймақтары да көркейе түседі. Биыл жеті аула абаттандырылады. Бұған қоса, аталмыш тұрғын алапта екі қоғамдық кеңістік ашылады.
– «Көктал-2» тұрғын алабында Н.Тілендиев даңғылы, 50/1, 50/2 мекенжайларындағы аулалар абаттандырылады. «Агроқалашықта» алты аула көркейтіледі. Осы тұрғын алапта алғашқы рет үш қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр. Соның ішінде Оқжетпес және Герцен көшелері қиылысында шағын бақ салу мәселесі қарастырылып жатыр, – дейді Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егемберді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + nine =