«Бюджетке қатысу» жобасына өтініштерді қабылдау басталды

0 34

Сарыарқа ауданында былтыр табысты жүрген «Бюджетке қатысу» жобасы биыл да жалғасады. Осы аптада жобаға өтініштерді қабылдау басталды. Бейсенбі күні «Жастар» театрында өткен халыққа есеп беру кездесуінде аудан әкімі Ерғали Егемберді осыны жеткізіп, тұрғындарды өз аулаларын абаттандыруға белсенді қатысуға шақырды. Бұл кездесуге қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысты. Кеше аудан басшысы №65 орта мектепте есеп берді.– Өткен жылы «Бюджетке қатысу» қанатқақты жобасы арқылы бюджеттен бөлінген 100 миллион теңгені қандай жұмыстарға бағыттауды тұрғындар дауыс беру жолымен өздері шешті. Қорытындысында 14 жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жеті аула абаттандырылды, бір аула клубы ашылып, аулаларды көгалдандыру, асфальттау жұмыстары жүргізілді, – деген Е.Егемберді былтыр ауданда жүзеге асырылған «Сити менеджер» жобасына да тоқталды.
Бұл жобаға ауданның белсенді тұрғындары қатысып, аудандағы өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысты. Атап айтқанда, бес сити-менеджер өздері тұратын аумақтардағы тұрғындарды туындаған проблемаларды жедел шешуге тартты.
Жалпы, Сарыарқа ауданы аумағында 540 аула орналасқан. Былтыр 40 аула абаттандырылды. Соның 18-і қаланың ескі бөлігінде, 11-і жаңа аудандарда, тағы 11-і тұрғын алаптарда болды. Қазіргі кезде 119 аула немесе олардың 22,5 пайызы жөндеуді қажет етеді. Биыл 40 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр. Бұған 600 млн теңге қарастырылған.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту жұмыстарына тоқталған аудан басшысы ауданда қазір 949 көппәтерлі үй және 12 мыңдай жеке үй барын, оларға 156 ұйым қызмет көрсететінін атап өтті. Өткен жылдың желтоқсан айында С.Сейфуллин 14/1 және 16, Қарталы 3 және И.Құтпанов 33 мекенжайларындағы ескі, апатты үйлер тұрғындарын Ш.Уәлиханов көшесіндегі жаңа тұрғын үй кешеніне көшіру басталды. Қазіргі кезде С.Сейфуллин 16 мекенжайы тұрғындары толық көшіп болып, бұл үйді сүру жұмыстары басталды. Биыл Бесшатыр 8, Ы.Алтынсарин 5/2, 5/3, 5/4 үйлерін сүру жоспарланып отыр. Қазір 2023-2017 жылдарға арналған сүру жұмыстары үшінші кезеңінің тізімі әзірленіп жатыр.
Тұрғындар әкімге жолдар құрылысы, қар тазалау, тротуарлар салу, ПИК жұмыстары туралы сұрақтарды қойды. Аудан басшысы оларға дәйекті жауап берді. Дүйсенбі күні М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында аудан әкімінің қорытынды есеп беруі өтеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × five =