«Бюджетке қатысу» немесе тұрғындардың талап-тілігі

0 27

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «халық атсалысатын бюджет» жобасын дамытудың келесі кезеңіне өту керектігін атап өтті. Елордада бірнеше жылдан бері «Бюджетке қатысу» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бастапқыда жоба аясында Сарыарқа ауданында аулаларды абаттандыру басталса, биыл бұл іс бас қаланың барлық ауданында қолға алынды.

Бұл жобаның негізгі ерекшелігі – барлық жұмыс қала тұрғындарының ұсынысымен іске асырылады. Соның ішінде «Жастар» шағын ауданының тұрғындары қаланы көркейтуге үлкен белсенділікпен қатысып жатыр. Нәтижесінде өздері тұратын аумақ әжептәуір абаттанып қалды.
«Бюджетке қатысу» жобасы бізді қатты қызықтырды. Тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, жүзеге асырылатыны көңілімізге жақты. Тұжырымдамасы өте қызықты болды. Барлық ұсыныстарымыз қабылданып, қазір үйіміздің аумағында жайлы демалыс аймағы қалыптасты. Белсенді болудан қашпайық, – дейді шағын аудан тұрғыны Александр Цвет.
Аталмыш шағын ауданда жаңа футбол алаңдары, орындықтар, воркаут және балалардың ойын алаңдары орнатылды. Көз сүйсінтер көрініске балдырғандар да ересек адамдар да қуанып, демалыстарын көңілді өткізетін болды.
– Бұрын ауламызда шағын сыр­ғанақ пен әткеншек қана болатын. Балаларды бұл аса қызықтыра қоймайтын. Серуендеуге басқа жерлерге баратынбыз. Соның ішінде Есіл өзенінің жағалауында жүріп демалатынбыз. Енді өз ауламызда көбірек уақыт өткіземіз. Балалар да жаңа алаңға қуанып, асыр салып ойнап жүр, – дейді қала тұрғыны Ирина Царицынская.
«Жастар» шағын ауданының кішкентай тұрғыны Айтуар Телепов оның сөзін растайды. «Маған жаңа аула ұнайды. Футбол алаңы да жақсы салынған. Мұнда біз ғана емес, басқа аулалардың балалары да ойнауға келеді» дейді ол.
Жалпы биыл елордада 150 аула мен 50-ден астам қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Бұл «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Спортпен айналысуға арналған орындар да көбеюде. Мәселен, жақында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аумағында баскетбол және воркаут алаңдары орнатылды. Жастардың өтініші бойынша мұнда скейт-паркі де ашылып, теннис үстелдері қойылды.
– Скейт парктің салынғанына қуаныштымын. Бұл спорт түрін дамытуға көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Осы алаң баскетболды ұнататындар үшін өте жайлы орын екені сөзсіз. Жастар көп уақытын осындай жерлерде өткізеді. Жалпы серуендеуге, демалуға бұл тамаша орын, – дейді елорда тұрғыны Тайыр Жанатұлы.
Қазір жаңа аулалар мен қоғамдық орындар 300 мыңнан астам адамға спортпен айналысуға және бос уақыттарын өткізуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді. Жүргізіліп жатқан жұмыстың көп бөлігі шеткі аймақтарда жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, тұрғын алаптарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр. Қалада абаттандырылып жатқан 150 ауланың 100-і де шеткі аймақтарда орналасқан.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 1 =