©2020 Астана Ақшамы
Қалалық мәслихаттың кезекті отыз екінші сессиясына Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен оның орынбасарлары, аудан әкімдері, ведомство басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша қалалық сайлау комиссиясының төрағасы М.Әубәкіров сөз сөйлеп, Астана қаласының №2 сайлау округі бойынша қалалық мәслихаттың депутаты болып елордадағы №59 мектеп-лицейдің директоры, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Зәуре Жүсіпованың сайланғанын жеткізді. Сайлаушылардың 85 пайыз дауысымен жеңіске жеткен Зәуре Ғинаятқызы өзіне ғана емес, барша елорда ұстаздарына артылған зор сенімді ақтау үшін бар күш-жігері мен білімін, білігін жұмсайтынын айта отырып, сайлау барысында өзін қолдағандарға алғысын білдірді.
Одан әрі Астана қаласындағы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Ж.Нұрпейісов «Астана қаласының 2014-2016 жылдарға арналған бюджеті туралы» Астана қаласы мәслихатының 2013 жылғы 13 желтоқсандағы № 194/28-V шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы баяндай келе, «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 31 наурыздағы №182-V Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Астана қаласының бюджетіне республикалық бюджеттен 20 936 582 мың теңге сомасында трансферттер қарастырылғанын және қайта бөлінгенін жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап азаматтық қызметшілердің еңбекақысын лауазымдық жалақысына 10 пайызға, атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 12 пайызға, мемлекеттік білім беру тапсырысы шегінде оқытылатын студенттерге шәкіртақы мөлшерін 10 пайызға көтеру мақсатында республикалық бюджеттен 1 354 432 мың теңге сомасында трансферттер қарастырылды. Оның айтуынша, қала бюджеті жеке кірістер бойынша биылғы қаңтар-наурыз айларында есепті кезең жоспарынан 105,9 пайызға орындалды немесе бюджетке 33 993 841,0 мың теңге түсіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда түсімдер 4 488 956,0 мың теңгеге ұлғайған.
Сессия барысында Астана қаласы әкімдігінің жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның құрамы өзгертіліп, Астана қаласы мәслихатының 2013 жылғы 10 қыркүйектегі «Астана қаласында жер учаскелерін беру жөніндегі комиссияның құрамы туралы» шешіміне толықтырулар енгізілді.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ