©2020 Астана Ақшамы
БЮДЖЕТ ЕСЕБІ БЕКІТІЛДІ
Қалалық мәслихаттың кезектен тыс, отыз төртінші сессиясында Астана қаласының 2013 жылға арналған бюджетінің орындалуы туралы есебі бекітілді.
Астана қаласы Қаржы басқармасының басшысы Руслан Досаевтың айтуынша, өткен жылдың бюджеттік саясаты елорданың даму бағдарламасына және бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің стратегиялық жоспарларында бекітілген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге бағытталды.
2013 жылы жергілікті бюджетке жоспардан тыс 4 802, 9 млн теңге меншікті кіріс түсіп, меншікті кірістер бойынша жоспар 103,5 пайызға орындалған. Атап айтсақ, салық түсімдері бойынша жоспар 105,0 пайыз немесе 5 751,8 млн теңгеге артығымен орындалды. Салықтан тыс түсімдер бойынша жоспардағы 7 378,8 млн теңгенің орнына 9 628,8 млн теңге түсіп, жоспар 130,5 пайызға немесе 2 250,0 млн теңгеге артығымен орындалған. Ал, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер есебінен бюджетке 3 198,9 млн теңге түсті.
Өткен жылдардағыдай, былтыр да бюджеттің түсімдері негізінен әлеуметтік шығындарға бағытталғанын жеткізе келе, басқарма басшысы соңғы бес жылда білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, мәдениет, спорт, туризм саласына жұмсалған қаражаттардың уақтылы игерілгенін айтты. 2008 жылы аталған шығындар үшін 60,1 млрд теңге жұмсалса, 2013 жылы ол 99,5 млрд теңгені құрапты.
Экономиканы тұрақтандыру бойынша дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде республикалық бюджеттен 8 481,6 млн теңге алынды. Оның 2 512,5 млн теңгесі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлікті қолдау және индустриялық инфрақұрылымды дамытуға, 506,2 млн теңгесі жұмыспен қамту қызметін, жеке тұлғалардың еңбекақы төлемін ішінара қаржыландыруды, жастар саясатын жандандыру, кәсіптік даярлау, кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыруды, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын қамтамасыз ету үшін «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» іс-шараларын іске асыруға бағытталған. Ал, 5 462,9 млн теңге сомасындағы кредиттік қаражат «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын іске асыруға, тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесі арқылы тұрғын үй салуға немесе сатып алуға бөлінді.
Одан әрі мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алуға байланысты жер учаскелерін немесе жылжымайтын өзге мүліктерді сатып алу туралы шарттардың жобалары келісіліп, Астана қаласы мәслихатының 2012 жылғы 6 маусымдағы «Астана қаласының әлеуметтік маңызды бағыттарының тізбесін бекіту туралы» шешіміне толықтырулар, сондай-ақ, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының құрамына өзгерістер енгізілді.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ