Былтырғыдан үш есе көп қар тазаланды

0 8

10 наурызда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ІІМ вице-министрі Юрий Ильин Қазақстанда елді мекендерден қыс басталғалы бері 11,5 миллион текше метр қар шығарылғанын айтты. Сол күнгі «Астана-Тазалық» ЖШС берген ресми ақпарда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша осы күнге дейін 5 млн 769 мың 094 қар тасымалданғаны көрсетілген. Бұл – жарты Қазақстанның қары. Салыстыру үшін былтыр бас қаладан тек 1,9 млн текше метр қар шыққан.«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша елордада ауа райы аптаның соңына дейін күндіз +5 градустан төмендемейді. Алайда түнгі уақыттарда температура минус деңгейіне түседі. Ол қардың күрт жібімей, біртіндеп еруіне мүмкіндік береді. Бұл жағдай қарғынның қаптау қаупін сейілтеді.
– Биылғы қардың көптігі ерекше, күн жылығанда, оның жергілікті су қоймаларын ернеуінен асыра толтыратынын түсініп отырмыз. Нұр-Сұлтан қаласы мен шеткері аймақтарды су тасқынынан қор­ғайтын контрреттегіштің жұмыс режимі бекітілді. Ол 300 млн текше метрге дейін су қабылдауға қабілетті, – деді Юрий Ильин.
Вице-министрдің айтуынша, Нұр-Сұлтан әкімдігі қызылсу жайлайды деген қаупі бар 7 аймақты көрсетіпті. Олар, негізінен, жеке секторға тиесілі екен. Қардың көптігінен кейбір аудандарда нөсерсу кәрізінің еріген суды толық ағызып әкетуге шамасы жетпей жатыр. Қар қыс бойы рекордтық көлемде шығарылғанмен, қаланың шеткі аймақтарында ол әлі тау-тау болып үйіліп жатыр. Осыған орай, елорда әкімдігі су тасқыны жүруі ықтимал деген аймақтардың хал­қын, егер қажет болып жатса, эвакуациялауға да қамданып отыр. Оған бюджеттен қосымша қаржы бөлініп, мемлекеттік материалдық қордан мотопомпалар алынды. Бұл көктемгі тасқынның зардаптарын жоюда коммуналдық қызметтердің жұмысына көп септігін тигізеді.
Көктемгі су тасқынының алдын алу үшін арықтарды, арналарды, нөсерлік кәріз жүйелерін тазарту, жаңарту, бөгеттер салу қолға алынған. Ильинкада су бөгеті нығайтылды, «Көктал-1» елді мекенінде уақытша құм бөгет салынды. «Өндірісте» өзен арнасы қалпына келтірілуде. Майбалық көлінен тартылған «Нұра-Есіл» арнасының өткізу қабілеті арттырылды. Есіл өзенінің арнасын (Ш.Бейсекова көшесіндегі көпірге дейінгі аудан) кеңейту аяқталды. Жеке сектор тұрғындарына үйінің шатырын және аулаларын қардан уақытылы тазалау туралы хабарлама берілген.
Тұрғындар өз ауласындағы қарды тазартуға жауапты. Ал аула сырт жердегі қарды жергілікті атқарушы органдар шығарады. Көше қарын тазалау үшін тұрғындар ақша жинап, трактор жалдауға міндетті емес. Бұл – жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Егер әкімдікте көктемгі тасқынға қарсы шараларға қосымша қаржы керек болса, Үкіметке жүгіне алады. Сөйтіп, резервтік қордан ақша алады. Әзірге Үкіметтен мұндай көмек сұрап ешқандай өтініш түспеген.
Бүгінде елордалық қар тазалау­шылар үш ауысымда үзіліссіз жұмыс істеуде. Оған күнделікті 1600-ден астам жұмысшы мен 1500-ден аса техника жұмылдырылған.

ЕЛОРДА ТҰРҒЫНДАРЫ МЕН ҚОНАҚТАРЫ НАЗАРЫНА!

Су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде сізге төмендегідей сақтық шараларын сақтау ұсынылады:
– ауладағы және іргелес аумақты қардан тазарту;
– тұрғын үй секторындағы қарды тазалауға белсенді қатысу;
– аулалардағы қарды жол бойына, жүру бөлігінің жиегіне коммуналдық қалдықтарды жинау үшін шығару;
– арық желісін мұздан, қар мен қоқыстан тазарту;
– шатырды, пандустар мен баспалдақтарды мұздан, мұз сүңгілері мен қардан тазарту.
Тыйым салынады:
– жүру бөлігінде және тротуарда, арық желісінде қар мен қоқысты жинау;
– қарды тазалау және шығару кезінде машиналарды қою.
Су басу қаупі туындаған кезде 112 және 109 телефондары бойынша қоңырау шалу қажет.

Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды