Былтырғы бюджет толық көлемде орындалды

0 53

Нұр-Сұлтан қаласы бюджетінің шығындары өткен жылы 498 млрд 810 млн теңгені құрады. Былтырғы бюджеттің орындалуы 99,5 пайыз болды. Елорда мәслихатының құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері, сондай-ақ заңдылық, құқықтық тәртіп пен қоғаммен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында осылай деп Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев мәлімдеді.– 2019 жылы 9 орта мектептің құрылысы жалғасты. Алты білім беру нысанын пайдалануға берудің арқасында мектептердегі орындар тапшылығын 4525 орынға азайтуға мүмкіндік туды. Соның ішінде 3 мың орынға шақталған үш мектеп, 725 орынға арналған мектептерге екі жапсарлас ғимарат және 800 орындық кәсіптік мектеп салынды, – деді Ә.Жұмаев.
Атап айтқанда, жаңа мектептер А.Иманов-Е.Брусиловский, С.Сейфуллин-Ж.Омаров көшелері қиылыстарында, №31 көшеден оңтүстікке қарай бой көтерді. Жапсарлас ғимараттар №64 мектеп-лицей мен «Промышленный» тұрғын алабындағы №57 орта мектепті кеңейтті. Ал құрылысшы мамандықтарға оқытатын кәсіптік мектеп Сарыарқа ауданында салынды.
Өткен жылы бюджет қаржысына 12 шақырымнан астам инженерлік желілердің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар 15 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы жалғастырылып, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 6 көпқабатты үй немесе 1634 пәтер пайдалануға берілді. Былтыр жұмыс істейтін жастарға 1050 пәтер, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға 549 пәтер сатып алынды.
Былтыр көлік инфрақұрылымының жеті нысаны пайдалануға берілді. Бұл – қаланың тұрғын алаптарындағы жолдар. Жолдардың 20,4 шақырымында орташа жөндеу жасалды.
Қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев елорданы дамыту бағдарламасын жүзеге асырудың 2019 жылғы қорытындыларымен таныстырды. Оның айтуынша, 65 индикатордан 34 индикатор орындалып, алтауы орындалмаған. Қалғандары бойынша есептеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Былтырғы бюджет қаражатының бәрі толық көлемде игерілген.
Қаланың Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев өткен жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елорданың ішкі өңірлік өнімі 4,6 трлн теңге құрағанын айтып өтті. 2018 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14,8 пайызға өскен. Өсім жағынан Нұр-Сұлтан қаласы Алматы қаласы мен Атырау облысынан кейін үшінші орынды алған. Жергілікті бюджет табысы 476,2 млрд теңгені құрады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − 7 =