Былтыр қандай мәдени шараларға бардыңыз?

0 110

Астана елдің бас ордасы болған соң республика аясында аталып өтетін барлық мәдени шаралар осы жерден бастау алады. Жылдың қай мезгілі болмасын, қаланың мәдени өмірі жанданып жатады: сайыс­тар, көрмелер, концерттер, театр қойылымдары. Сіз жыл бойына осылардың қай­сысына бардыңыз?

Әсем ЖҰМАШКИНА, мұғалім:

Жалпы үй ішімізбен мәдени шаралардан қалмауға тырысамыз. Жыл бойына жалғасқан «Астана – Түрік мәдениетінің астанасы» атауымен өткен Түркі ұлыстарының мәдени  концертін ерекше атап өткім келеді. Түбі бір түркі тектестердің арасындағы ұқсастықтар мен ерекшеліктерді екшеп көргім келді. Сосын арнайы осы концертке барған болатынмын. Хакас, Тыва, Алтай, Башқұрт, Түрік, Әзірбайжан өнерпаздарының өнерін тамашаладық. Содан рухани қуат алып қайттық. Жақсы бір мереке болды. Елорда жұрты көпке дейін аузынан тастамайтын кеш өтті.
Сондай-ақ, жезтаңдай әнші К.Байсейітова мен кәсіби бидің негізін қалаған Ш.Жиенқұлованың 100 жылдықтарын республика көлемінде тойладық. Ұлттық мұрағат басшылығының ұйымдастыруымен К.Байсейітованың өмірі мен өнеріне арналған құжаттық көрме жасалды. Екеуіне арналған жеке-жеке гала концерт өтті. Оларды да көрермен жүрегіне жол тапқан ерекше кештер санатына жаткызамын.

Сембек ЖҰМАҒАЛИЕВ, әнші:

Астанаға былтыр көшіп келдім. Елорда өнердің ордасына айналып келе жатқанын байқадым. Халықтың ықыласына да дән ризамын. Қала аумағындағы мәдени мекемелер қызметі күн өткен сайын қолжетімді болып келеді. Астана – барша қазақтың бас ордасы болғандықтан мұнда тарихи оқиғаларды еске алу үшін тиісті дәрежеде іс-шаралар өткізіліп тұрады. Бұл шаралардың барлығы кіндік шаһардың мәдени өмірін қалыптастырып, жұртшылықты қызғылықты мерекелермен тамсантып отырған Мәдениет басқармасының қатысуымен жүзеге асып отырғаны белгілі. Жер бетіндегі басқа ешбір халықтың байлығына ұқсамайтын қа­зақ музыкасының інжу-маржандарына деген елдің қызығушылығы да ерекше екен. Шамам келгенше, мазмұнды шаралардан қалмауға тырысамын.

Толғанай ӘЛІМБАЕВА, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың магистранты:

Жыл бойы бірнеше мәдени шараларға бардым. Соның ішінде сазгер Еркеш Шәкеевтің «Еркештің 50 хиты» атты шығармашылық кеші қатты ұнады. Оның «Девочка в платьице белом», «Нелюбимая», «Твои шаги», «Fashion girl» атты әндерін жатқа білеміз. Сондай-ақ, Лайма Вайкуле, Анита Цой, Батырхан Шүкенов, Ани Лорактар кештің көрігін аша түсті.
Францияның Ниве-Карзон галереясы әкелген «Ультражад» көрмесі де есімде қалды. Көрмеде кескіндеме мен фотосурет арқылы тарихтың байланысы көрсетілді. Жұмыстар фото-видео технологияларды қолдану арқылы жасалынған. Қаламызда мұндай шаралардың көптеп өткізілуі құба-құп нәрсе.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 16 =