БҰҰ: ТҰРАҚТЫ ДАМУҒА АРНАЛҒАН ЭНЕРГИЯ­

0 99

Әлемдегі тұрақты энергетика саласының қандай деңгейде екендігін екшеп, оны ілгері қалай жылжытуға болатындығын бағалау мақсатында әлемнің көшбасшыларын біріктірген ЭКСПО көрмесіне Біріккен Ұлттар Ұйымы да ерекше дайындықпен келді. Көрме павильонындағы алаңының ашылуына ұйымның EXPO-дағы бас комиссары Джихан Сұлтан­оғлы, «Астана EXPO-2017» компаниясы басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, көрме комиссары Рәпіл Жошыбаев қатысты.

jgy-eudq0om

Энерготиімділікті арттыру мәселесі төрткүл дүниенің қызығушылығын туғызып отырғаны рас. Ал осы Біріккен Ұлттар Ұйымы 25 жыл бойы бүкіл ғаламшарды экологиялық таза энергиямен қамтамасыз ету мәселесімен айналысып келеді. Қарқынды еңбектің нәтижесін осы алаңға алып келген ұйым өкілдері елордамыздағы көрме тақырыбының бүкіл әлем үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. Мұнда шөлді аймақтардағы жерді суландыру, шалғай елді мекендерге арналған шағын ГРЭС сынды жобалар қойылыпты. Бүгінде мұндай ГРЭС-тер Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстанда орнатылуда. Сондай-ақ, мұнда күндізгі жарықпен жарықтандырылатын жылыжайлардың да экспозициясы көпшіліктің назарына ұсынылды.

Сонымен қатар БҰҰ-ның ЭКСПО-дағы бас комиссары Джихан Сұлтаноғлы Қазақстанның бұл саланың дамуына қосып жатқан үлесін жоғары бағалап, «Қазақстан энергияны үнемдеу мәселесі мен «жасыл экономика» саласын дамыту бойынша жетекші мемлекетке айналып келеді. Мен Қазақ елінің осы салада көшбасшы мемлекетке айналатындығына сенімдімін. БҰҰ Қазақстанның бұл артықшылығын өте жоғары бағалайды» деді.

Мұнда барлық келушілердің көруіне арналған түрлі инновациялық жобалар бар. Қонақтар өзінен кейін қалатын көміртек көлемін санай алады. Сондай-ақ кішігірім гидростансаны іске қосып, энергияны шығару процесін бақылауға да мүмкіндік алады. Күн ресурстарының интерактивті атласы да ерекшелігімен көз тартады. Ал жеміс-жидек, көкөністерді күн райы мен жыл мезгіліне қарамастан өсіретін кішігірім светодиодты жылыжайы, тіпті, ерекше екен. Күн мен желдің энергиясын пайдаланып, Жерді суландыратын инсталляция да көрерменнің көңілінен шығады. Бір қызығы, бұл алаңға балалармен бірге келуге болады. Ұйымдастырушылар бүлдіршіндер үшін де тосынсый әзірлеп қойыпты. Олар климаттық сандықша ішіндегі құрал-жабдықтар арқылы ауа райының өзгеруі адамдар мен қоршаған ортаға қалай ықпал ететінін өз көзімен көре алады.

Осындай көз тартатын ғажайып экспозицияны әзірлеуге Біріккен Ұлттар Ұйымының 9 бірдей агенттігі – БҰҰ Даму бағдарламасы, Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі БҰҰ бағдарламасы, Азия және Тынық мұхиты аймағына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы, Білім, ғылым мен мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы, Өнеркәсіптік даму жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы, БҰҰ Балалар қоры, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік, Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдердің гендерлік теңдігі және олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі құрылымы өз үлесін қосқан. Осылайша таза әрі қолжетімді энергияны бүкіл әлем бойынша алға жылжыту саласында 70 жылдан астам тәжірибесі бар БҰҰ көрмеге аймақты тұрақты энергиямен қамтамасыз ету жұмысының нәтижесін көрсететін қондыр­ғыларын әкеліп қуантты.

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 13 =