БҰҰ мінбері және бейбітшілік бастамалары

0 65

Егемендігін алған, дербес мемлекеттілігін әлемге жариялаған кез келген ел ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуға ұмтылады. Біздің ел де Тәуелсіздігін жариялаған күннен көп ұзатпай, 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ-ға мүше болған еді. Сол жылы маусымда әлемдік ұйымдағы тұрақты өкілдігіміз ашылды. Ал қыркүйек айында өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 47-сессиясында Қазақстан Президенті қатысып, сөз сөйледі. Қазақ елінің атынан аса маңызды ұсыныстар жасады. Соның бірі – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру жөніндегі ұсыныс.Жалпы, 1992 жыл Тәуел­сіз Қазақстанның сыртқы саясатын қалыптастыру тұрғысынан да ерекше жыл болды. Ашығын айту керек, бұған дейін дербес дипломатиялық саясаты, аса күрделі келіссөздер жүргізу тәжірибесі болмаған еді. Бірақ бәрін бастауға, жоқты жаңадан қалыптастыруға тура келді. Жаңа қалыптасып жатқан Қазақстан дипломатиясының алдында зор міндеттер тұрды. Соның бірі әрі бірегейі – ядролық қаруға байланысты келіссөздер. Біздің елде қуаты жағынан әлемде төртінші орын алатын ядролық қару арсеналының қалуы АҚШ сияқты ядролық державаларды алаңдатпай қоймайды. Сондықтан оған қатысты қабылданатын шешім Қазақстанның болашағын да айқындайтынын түсінген Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан бас тартуға шешім қабылдап, ол үшін алдымен атом қаруын ұстап отырған алпауыттардан қазақ елінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік алу жөніндегі келіссөздерді бастады. Вашингтонда президент Джордж Бушпен кездесіп, аса күрделі келіссөздер жүргізді. Ақыры дегеніне жетті, ядролық алпауыттар Қазақстанның қауіпсізідгіне кепілдік беретін болды.

БҰҰ миссиясы

Біріккен Ұлттар Ұйымы 1945 жылы Екінші дүние­жүзілік соғыс аяқталғаннан кейін халықаралық қатынас­тың бейбіт және қауіпсіз қалпын сақтау мақсатында құрылды. Ұйым бұл мақсатқа әскери-саяси жанжалдардың алдын алу, тараптардың татуласуына түрткі болу, бітімгершілік миссиясын орындау механизмдері арқылы қол жеткізеді. БҰҰ жанынан құрылған Қауіпсіздік Кеңесі – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға жауапты маңызды орган. Ұйымның Бас Ассамблеясы мен Бас хатшысы, БҰҰ-ның басқа органдары осы жұмыста бірін-бірі өзара толықтырып отырады.

Қазақстандағы БҰҰ қызметі

БҰҰ-ның Қазақстандағы қызметі 1993 жылы басталды. 1992 жылғы 5 қазанда Қазақстанның Тұңғыш ­Президенті Н.Назарбаев пен сол кездегі БҰҰ Бас хатшысы Бутрос Бутрос Гали келісімге қол қойды. 2017 жылы БҰҰ-ның еліміздегі агенттіктері елордаға көшіп, Өңірлік агенттіктер Алматы қаласында қалды. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі болып Норимаса Шимомура қызмет етеді.
БҰҰ-ның еліміздегі қыз­мет тобы халықпен және Үкіметпен, сондай-ақ басқа да серіктестермен бірлесіп, халықтың барлық топтарының, әсіресе әлеуметтік осал тұрғындардың қолайлы және қауіпсіз өмір сүру мәселесін қарастырады. БҰҰ командасы экономикалық және әлеуметтік даму мен денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, табиғи апат жағдайында көмек көрсету, тиімді басқару мен адам құқықтарын ілгерілету, гендерлік теңдік және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмыс істеуде. БҰҰ өз бағдарламасын әзірлеу мен іске асыру барысында Қазақстанның ұлттық мүддесі мен стратегиялық басымдықтарына сүйенеді.
Қазақтың тұңғыш ­Президенті Н.Назарбаев:
«Қазақстан ядролық қарулануды тежеуге, халықаралық лаңкестікке, діни экстремизмге, есірткі саудасы мен басқа да осы заманғы қатерлерге қарсы күрес­ке жұмылған халықаралық ауқымды ынтымақтастықтың белсенді мүшесі болып келді және болып қала береді» деп Қазақстан халқына Жолдауында айқындады.

Бастамалар

Қазіргі уақытта Қазақстанда БҰҰ Даму бағдарламасы, ЮНИСЕФ Балалар Қоры, БҰҰ Жоғарғы комиссарының босқындар ісі жөніндегі басқармасы, Халықаралық еңбек ұйымы, Гуманитарлық мәселелер үйлестіру жөніндегі ББҰ басқармасы т.б. БҰҰ-ның 18 ұйымы бар. БҰҰ-ға мүшелік кезінде Қазақстан әр жылдарда жүзеге асырылған немесе іске асырылып жатқан мынадай бастамаларды: Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақырту; Орталық Азия экономикасы үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Арнайы Бағдарламасын құру; Арал және Семей сынды экологиялық апатты аймақтарды қалпына келтіру; 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні ретінде жариялау; 2010 және 2013-2022 жылдарын Халықаралық жыл және мәдениеттерді жақындастырудың халық­аралық онжылдығы ретінде жариялауды ұсынды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың терроризмге қарсы әрекет ету және БҰҰ-ның терроризмге қарсы бөлімдері және мүше мемлекеттермен күш қолданатын экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бастамаларын іске асыру мақсатында Ұйымның іс-әрекетіне бастаманың негізгі постулаттарын қосу және оларды БҰҰ құжаттарында көрсету үшін жұмыс жүргізілуде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =